Қостанай қаласы мен облыс көлемінде тәртіп сақшылары халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында бірқатар кешенді рейдтік іс-шаралар өткізді.
Демалыс күндері дүкендерде алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуы, кальян қолдануға қатысты заң бұзушылықтар және жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу деректері анықталды. Полиция департаменті заң талаптарының қатаң сақталуын бақылауды күшейтіп, алдын алып, бірқатар ескертулер жасады. Заң мен тәртіпке бағыну ең алдымен өзімізге керек.
Алкоголь саудасында заңбұзушылықтар азаймай тұр
Қостанайда жұма және сенбі күндері полиция қызметкерлері дүкендерде рейд жүргізіп, алкоголь өнімдерін сатуға қатысты 15 құқықбұзушылықты анықтады. Тыйым салынған уақытта спирттік ішімдік сату, кәмелетке толмағандарға алкоголь беру ең жиі кездескен заң бұзушылықтардың қатарында болып тұр.
Мәселен, «Зарина» дүкенінде полиция қызметкерлері 21 жасқа толмаған азаматқа алкоголь өнімін сатқан. Сауда нүктелеріндегі бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсететін фактілердің бірі.

Жыл басынан бері облыста 338 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 172-сі сот шешімімен қаралған. Ал 159 нысанның лицензиясы тоқтатылып, 12 дүкен алкоголь сату құқығынан толық айырылған. Полицияның әкімшілік шараларының жай есеп қана емес, қоғам денсаулығын қорғауға бағытталған тиімді әрекет.
Түнгі клубтарда жасөспірімдердің жүруі алаңдатады
Қостанайлық полицейлер демалыс күндері кальян сататын орындарда да тексеру жұмыстарын жүргізді. «Monaco», «GooRoo», «Velv», «Мята», «Mango», «XO», «Lion» және «Kvartira 25» мекемелерінде 19 құқық бұзушылық анықталған. Басты қиындық қоғамдық орындарда кальян тұтынуға тыйым болмай тұр. Осы заң сақталмай, одан аттап өтетіндер көп.

«Ең өзекті мәселенің бірі кәмелетке толмаған жастардың түнгі клубтарда жүруі. «XO» және «Ayu-Bar» нысандарында полицейлер төрт жасөспірімнің жүргенін анықтады. Бұл үшін жауапкершілікке мекеме әкімшілігімен бірге ата-аналар да тартылды. Түнгі мезгілде бала үйде болуы қажет. Оны ата-аналар қатаң қадағаласа дейміз. Ол оның өміріне, болашағына әсер етеді. Баланың ісі шала, олар қазір түсінбей кейін қапы болады. Ал ата-ана көзінен таса қылмай, жүріс-тұрысын бақылап, дұрыс жолға салып жүрсе деген ойымыз бар. Полиция қызметкерлері мұндай тексерістерді осындай мақсатта жүргізеді», – дейді Облыстық ПД баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Полиция жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда ата-аналардың рөлі ерекше екенін тағы да ескертеді.
Жолдағы тәртіп: үш күнде мыңнан астам тәртіп бұзған
Желтоқсан айының алғашқы аптасында елімізде жарияланған «Қауіпті жүргізуші» алдын алу шарасының алғашқы үш күнінде Қостанай облысында 1000-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректері тіркелді. 12 адам мас күйінде көлік жүргізген, 7-уі қарсы жолаққа шығып кеткен, 19-ы жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндесе, 11 адам бұрын жүргізу құқығынан айырылса да рөлге отырып, көлік айдаған.
Полиция тәулік бойы республикалық және облыстық жолдарда 42 патрульдік экипаж және бір стационарлық бекет жасағын жұмылдырған. Жолдағы тәртіпті бақылаумен қатар, тәртіп сақшылары жаяу жүргінушілерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Рейд барысында қоғамды алаңдатқан бірнеше өрескел жағдай тіркелді:
«Алматы–Екатеринбург» трассасында жалған мемлекеттік нөмір қойып алған жүргізуші ұсталды. Лисаковте бірнеше мәрте құқық бұзған жүргізуші куәлігінсіз адам тоқтатылды. Амангелді ауданында полицейлер мас күйінде, тіркеусіз жүрген мотоцикл жүргізушісін анықтады. Бұл азаматтардың барлығы да әкімшілік және заңды сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау баршаға ортақ
Облыстық ПД баспасөз хатшысы Карина Базарбаева рейдтердің алдағы уақыттарда үнемі жалғасып, тұрақты жұмыстар жүргізілетінін алға тартты.
«Бұл жұмыстардың барлығының мақсаты бір. Біз тек құқық бұзушылықтардың анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға барымызды саламыз. Жасөспірімдердің денсаулығы, жолдағы қауіпсіздік, түнгі уақытта қоғамдық тәртіп осының барлығы әрбір тұрғынның өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан полиция қызметкерлері алдын алу шараларын күшейтіп отыр. Мұның бәрі де сіз бен бізге қажет», – дейді ол.

Полиция кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтаудың маңызын ескертіп, ата-аналарды балаларына бақылауды күшейтуге шақырады. Ал жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтау, мас күйінде рөлге отырмау және көлік жағдайына мұқият қарау қоғам үшін маңызды.
Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Алкоголь саудасы, кальян тұтыну, жолдағы тәртіп бәрі бір-бірімен байланысты. Полицияның күшейтілген шаралары тек қатаң бақылау емес, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс.
Суреттерді ПД баспасөз қызметі ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
