Жаңа жыл жақындаған сайын әрқайсымыз жүрегімізбен бір ғажайыпты күтетініміз рас. Үй ішін мерекелік көңіл күйге бөлеп, шырша безендіріп, бір сәтке болса да балалық шағымызға қайта оралғандай боламыз.
Жылтырап тұрған ойыншықтарға қарап, өткен шақтың жылы естеліктері көз алдымыздан өтеді. Ал осы шыршаға ілінетін қарапайым ғана ойыншықтардың тұтас бір тарихы бар десек, сенесіз бе?
Әр кезеңнің куәсі
Бүгінгі таңда пластик пен заманауи материалдардан жасалған ойыншықтарға көз үйреніп кеткенімен, бұрын жаңа жылдық шыршаға арналған әшекейлер әйнек, шыны, картон, пенопласт, тіпті мақтадан жасалған. Әр ойыншық қолмен жасалып, өзіне тән мінезі мен бейнесін сақтаған. Сол себепті де олар уақыт өте келе тек әшекей ғана емес, өткен дәуірдің айнасына айналды. Қазір мұндай ойыншықтар коллекция жинаушылар үшін аса құнды жәдігер саналады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында бүгінде 500-ге жуық жаңа жылдық шырша ойыншықтары сақтаулы. Бұл – бір ғана мерекенің емес, бірнеше ұрпақтың естелігін бойына жинаған бай мұра. Солардың ішіндегі ең көнесі – 1930 жылдары жасалған ерекше ойыншық. Ол мақтадан қолдан құрастырылып, «Оранған торай» деп аталады. Қарапайым көрінгенімен, бұл ойыншық сол кезеңнің тұрмысын, қиялын, мерекеге деген көзқарасын айқын көрсетеді.
Музей қорындағы шырша ойыншықтарының басым бөлігі қала тұрғындары тарапынан әкелінген. Жылдар бойы үйлерінде қораптарда сақталған, «ескінің көзі» болған бұл бұйымдар бір кездері отбасылық мерекенің басты сәні еді. Әр ойыншықтың артында бір үйдің тарихы, бір баланың қуанышы, бір дәуірдің тынысы жатыр.


«Бүгінде жаңа жылды шыршасыз елестету қиын. Алайда бұл дәстүр бірден қалыптасқан жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, 1935 жылға дейін елімізде шырша безендіру дәстүрі ресми түрде қолдау таппаған. Тек сол жылы «Правда» газетінде «Балалар үшін шыршаны безендірейік» деген мазмұндағы мақала жарық көріп, жаңа жылдық шырша қайта жаңғыра бастайды. Осы сәттен бастап шырша балалардың ең сүйікті мерекелік нышанына айналды», – дейді музей қызметкері Дәмелі Әзирханова.


Алғашқы жаңа жылдық ойыншықтар түгелдей қолдан жасалған. Кейінірек папье-маше материалынан дайындала бастайды. Бұл – қағазды бірнеше қабаттап жапсырып, кептіру арқылы жасалатын әдіс еді. Уақыт өте келе ойыншықтардың пішіні мен мазмұны да заман ағымына қарай өзгеріп отырды.
Ойыншықтан тарихтың дамуын көруге болады
1940-жылдары, аштық пен қиын кезеңде, шырша ойыншықтары да сол уақыттың шындығын бейнеледі. Жегісі келетін тағам түріндегі әшекейлер – қияр, қызанақ, сәбіз, жүгері бейнесіндегі ойыншықтар кең тарады. Бұл ойыншықтар халықтың тұрмысын, аңсарлы арманын білдіргендей еді.
1960-жылдары шырша ойыншықтарының жаңа түрлері пайда болды. Сол кезеңде прищепкаға бекітілетін ойыншықтар кең қолданысқа енді. Олар көбінесе жан-жануарлар бейнесінде жасалып, балалардың ерекше ықыласына бөленді. Сталин билігі тұсында спорт тақырыбы да назардан тыс қалмады. Әсіресе, басшының хоккейге қызығушылығы ойыншықтарда да көрініс тауып, спортқа арналған бейнелер жиі шығарылды.
Кейінірек елде ғарыш тақырыбы кеңінен насихатталып, шырша ойыншықтары да космосқа арналды. Зымыран, ғарышкер, жұлдыз бейнелері шыныдан жасалып, шыршаның сәнін келтірді. Ал 1960 жылдары «Карнавальная ночь» киносының танымал болуына байланысты сағат пішініндегі ойыншықтар ерекше сұранысқа ие болды. Олар түрлі формада, әр алуан үлгіде шығарылды.


Уақыт өте келе қыздырып басылған, зауытта жаппай өндірілген ойыншықтар пайда болды. Мұндай әшекейлер халыққа жеткілікті еді. Сондай-ақ алюминий фольгамен қапталған ойыншықтар да кеңінен қолданылды.
Шыршаның ең төбесіне міндетті түрде жұлдыз тағылатын. Кеңес Одағының басты нышандарының бірі еді. Уақыт өте келе гирляндалар шығып, жанып-сөнетін шамдар шыршаны одан әрі көріктендірді. Ал алғашқы электр гирляндалары 1980 жылдары кең тарала бастады.

Сол кезеңде қағаздан жасалған конфетти, жалаушалар да сәнге айналды. Көпшілігіміздің есімізде болса, бала күнімізде мұндай әшекейлерді өз қолымызбен жасап, шыршаны безендіретін едік. Бұл бұйымдар дүкен сөрелерінде де жеткілікті болатын.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Дәмелі Әзирханованың айтуынша, музей қорында 1975 жылы шығарылған конфеттилер мен 1982 жылғы жылтырақтар әлі күнге дейін сақтаулы. Тіпті кейбірінің қорабы да ашылмаған. Бұл жәдігерлер – бір дәуірдің мерекелік көңіл күйін, адамдардың қарапайым қуанышын бүгінге жеткізіп тұрған құнды мұра.
Шырша ойыншықтарына деген қызығушылық
Шырша ойыншықтарын жинаумен әуестенетін жандар бүгінде аз емес. Ол жай ғана хобби емес, өткенге деген сағыныш пен тарихқа деген құрметтің белгісі. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған құнды коллекциялардың қалыптасуына осындай жандардың үлесі зор.
Мәселен, музейдің бұрынғы басшысы Үміт Бұланбекқызы жаңа жылдық ойыншықтарды ерекше ықыласпен жинаған. Жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтаған жеке коллекциясын ол музей қорына табыстап, 150 дана шырша ойыншығын сыйға берген. Бұл жинақтың ішінде өз балалық шағынан қалған, отбасылық естелікке айналған ойыншықтар да бар болар.
Сондай-ақ музей қорын толықтыруға музей қызметкері Андрей Валентинович пен оның анасы Зоя Михайловна, Михаил Владимирович, Галина Саталкина сынды қала тұрғындары да айрықша үлес қосты. Олар әр жылдары жинақтаған ойыншықтарын музейге өткізіп, тұтас бір дәуірдің мерекелік бейнесін сақтауға мүмкіндік жасады.

Бүгінде бұрынғы шырша ойыншықтарына деген қызығушылық қайта жанданып келеді. Қазір де шыныдан жасалған ойыншықтар шығарылады, дегенмен пластмасса бұйымдар басым. Соған қарамастан, ескі ойыншықтардың өзіндік жаны, жылуы бар. Өйткені ойыншық – тұтас бір кезеңнің айнасы. Оның әрқайсысында белгілі бір дәуірдің ізі, сол уақыттың талғамы мен тынысы жатыр.

Қаламызда мұндай жәдігерлерді жинаумен айналысатын коллекционерлер де бар. Ескі ойыншықтарды қолыңа алып қараған сәтте, еріксіз балалық шаққа оралып, сол бір алаңсыз күндерді еске аласың.
– Ойыншық дегеніміз – жай ғана әшекей емес, ол тұтас бір дәуірді бейнелейді. Әр ойыншықта уақыттың табы бар. Сол себепті де олар бізді балалық шағымызбен байланыстырып, өткен күндерге жетелейді, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Дәмелі Әзерханова.
Қабдырахманова Айсұлу Қылышбайқызы – тарихшы, коллекционер. Ол жаңа жылдық шырша ойыншықтарын бала кезінен бастап жинап келеді. Әр ойыншық – оның өміріндегі бір естелік, бір дәуірдің белгісі.

«Бала күнімнен жинаған ойыншықтарым бар. Жаңа жылды ерекше жақсы көремін. Бұл мереке – ғажайыпқа, жылулық пен үмітке толы. Ал шырша ойыншықтары сол көңіл күйді одан сайын тереңдетеді», – дейді ол.
Коллекционер әсіресе кеңестік кезеңде жасалған ойыншықтарға айрықша қызығушылық танытады. Оның айтуынша, дәл осы кезеңнің әшекейлері арқылы уақыт ағымындағы өзгерістерді, қоғамдағы маңызды оқиғаларды анық аңғаруға болады.
«Мұнша көп жәдігерді үйде ұстау мүмкін емес. Сондықтан жинағымның бір бөлігін музейге табыстадым. Ең бастысы – бұл заттар елге қызмет етіп, көпшілікке қуаныш сыйласа болғаны», – дейді коллекционер.
Жаңа жылдық ойыншықтар – жай ғана мерекелік әшекей емес, олар уақыттың үнсіз куәгері. Әрбір бейне, әрбір пішін белгілі бір кезеңнің рухын сақтап, бүгінгі ұрпақты өткенмен жалғайды.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
