Біздің Қостанай Социум

Талапты жетер мұратқа, немесе орыс қызы Александра Сорокина жөнінде

Қостанай өңірінде де қазақ тілінде еркін сөйлеп, абыройға бөленіп жүрген өзге ұлттың өкілдері аз емес. Солардың бірі – Қостанай қалалық полиция басқармасының Оңтүстік бөлімінде криминалист болып қызметін атқаратын аға лейтенант Александра Максимовна Сорокина.

Жақында оның жұмыс орнында болып, осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді меңгерудегі қол жеткен табыстары және алдағы жүзеге асырар жоспарлары жайлы сөйлестім. Оның ой-толғаныстары кейінгі жастарға өнеге болатындығы даусыз.

Қазақ мектебін үздік тәмамдадым

– Александра, сіздің есіміңізге сырттай қанықпын. Алайда өзіңізбен жүздесіп, асықпай сырласудың орайы бүгін келді. Әңгімемізді өзіңіз дүниеге келген сонау балалық шағыңыздан бастасақ. Қазақ тіліне өте жетік әрі таза сөйлейді екенсіз. Оны қайдан және қашан үйреніп жүрсіз?

– Мен Қостанай облысына қарасты Федоров селосында туып өстім. Алдымен орыс мектебіне бардым. Екінші сыныптан бастап осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде білімімді одан әрі жалғастырдым.

Қандай баланың болмасын оның болашағы ата-ананың қолдауына да байланысты. Бір күні анам Вероника мені шақырып алып: «Қызым, біз ынтымағы жарасқан мемлекетте тұрамыз. Жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Ал тілге құрмет – Қазақстанға құрмет деп есептеймін. Тілімді алсаң, оқуыңды қазақ сыныбында жалғастырғаның орынды. Сондықтан тез шешіміңді айт» деді.

Шешемнің сөзі маған үлкен әсер етті. Өзім де осы тілді білуге кішкентайымнан құштар болатынмын. Оның ұсынысын бірден қабылдап, жоғарыда аталған білім ордасының табалдырығын аттадым.

Ұстаз адам өмірінде ерекше орын алады. Бастауыш сыныпта бізге Ғалия Құнанбайқызы дәріс берді. Ол жоғары пайым-парасатымен, шәкірттерін өзінің жомарт жүрегімен, біліктілігімен бірден баурап алатын. Арада көп өтпей бағдарламаны бірден игеріп кетуіме ол кісінің үлкен ықпалы тиді.

Оның үстіне күнделікті қазақтың ұл-қыздарымен бірге сабақты дайындап, осы тілде бір-бірімізбен емін-еркін тіл қатысудың да өзіме тигізген пайдасы аз болған жоқ. Бәріміз бір үйдің балаларындай сыйласып кеттік.

Әрине, әкем Максим мен анам және екі бауырым да тілді игерудегі табыстарыма өзіммен бірдей қуанып, таңдауымның дұрыс жасалғанына тәнті болды.

Сайып келгенде, бәрі де оқушының зейін-зердесіне тәуелді. Әу баста бұл сыныпқа барған кезімде «Сәлеметсіз бе» деген сөзден басқа ештеңені білмейтінмін. Уақыт өте сабақ үлгіріміммен өз қатарластарымды қуып жеттім.

Жылдар өткен сайын тынымсыз ізденістің нәтижесінде мемлекеттік тілге орай ұйымдастырылған байқаулар мен ғылыми жобаларға белсене қатыса бастадым.

Әсіресе, қазақ тілі және әдебиеті пәнімен қатар Қазақстан тарихына да аса ден қойдым. Өйткені, өткенді білмей болашақты болжау қиын деген бар емес пе. Осы тарих бойынша жеті және тоғызыншы сыныптарда олимпиада мен ғылыми жобаларда облыста жүлделі екінші орынға ие болып, әділқазылар алқасының мүшелері көпшіліктің алдында арнайы грамоталарды табыс еткенін әлі ұмыта қойған жоқпын.

Сондай-ақ 2017 жылы Қостанай шаһарындағы «Мирас» мәдениет үйінде қазақ тілін мәнерлеп оқудан көзге түсіп, жұртшылықтың назарына іліндім. Төрелік еткен азаматтар менің атыма жылы лебіздерін білдірді. «Жақсы сөз-жарым ырыс» демекші олардың маған берген бағасы ерекше қанат бітірді.

Жалпы, сол ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың есімімен аталатын оқу орнының маған бергені мол. Себебі, онда түрлі жан сарайыңды байытып, ой-өрісіңді кеңейтетін танымдық-тағылымдық жағы мол кештер мен шаралар жиі өткізілетін. Сондағы ұйымдастырылатын «Абай Құнанбаев» және «Мұқағали Мақатаев» оқуларының түсінген адамға айтары да, қабілетіңді барынша шыңдайтыны да белгілі.

Білім ордасындағы білікті және біздің келешегіміздің негізін қалаған ұлағатты ұстаздарымыздың арқасында орта мектепті қызыл аттестатпен аяқтау бақытына ие болдым. Бұл сәт те ғұмырымдағы ең айшықты кезеңдердің бірі. Кешегі табалдырықты имене аттаған орыс қызының алтын ұяны үздік тәмамдауы мен үшін ең ізгі қадамдардың бірі болды десем қателесе қоймаспын.

Президенттің қолынан лейтенант шенін алдым

– Кез-келген мектеп түлегінің аттестат алған соң, оның алдында енді «Кім болам?» деген маңызды сауал тұрады емес пе. Өйткені, мамандық таңдауда қателеспеу керек деп айтып жатады емес пе.

– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деседі. Мектептің соңғы сыныптарында жүргенде құқық қорғау саласының маманы болуға белді бекем буған едім. Оның ішінде криминалистика мені қызықтыратын. Сондықтан көп ойланған жоқпын. Құжатымды Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігіне қарайтын Бәрімбек Бейсенов атындағы академияға тапсырдым. Бұл оқу орнының да болашақ заңгерлерге қоятын өзіндік талаптары бар. Қыз бала болсам да бойымдағы табандылық пен қайсарлықтың нәтижесінде барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, тыңдаушы атандым.

Онда дарынды жастардың өз кәсібін тиісті деңгейде меңгеріп шығуына барлық жағдайлар жасалған. Алғашқы күннен бастап алдыма үлкен мақсат қойдым. Таудай талабымды академиядағы оқытушылар да жете түсінді. Үнемі қолдау көрсетті. Бос уақытымның бәрін де ерінбей, жалықпай білікті маман болып шығуға арнадым.

Төрт жыл заяда кеткен жоқ. Белсенді тыңдаушылардың қатарынан көріндім. Сонда жүргенде «Қылмыстық құқық және кримонология» тақырыбында жасаған баяндамам халықаралық байқауда жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ оқу барысында қазақ тілінен республикалық деңгейдегі сайыстарда эссе жазудан көзге түсіп, өзіме деген сенімім барынша арта түсті.

Осы арада ерекше тілге тек етерім, өткен жылы әлгі жоғары оқу орнын үздік аяқтағаным 4 маусымдағы Мемлекеттік рәміздер күніне тұспа-тұс келді. Астанада өткен салтанатты жиында лейтенант шенін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алдым. Бұл күн де менің жадымда мәңгілік сақталары хақ.

Аталмыш академиядағы кезеңдер мені әбден ширатты. Мемлекеттік тілдегі жазылған кітаптар мен басылымдарды көп оқыдым. Өзімді Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен «Абай жолы» эпопеясы, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы ерекше қызықтырып, тілдік қорымды байытуға септігін тигізді. Сонымен қатар «Көшпенділер» атты фильмді де көріп, ғажайып әсерге бөлендім. Ол бойыма тың күш-қайрат құйғандай болды.

Менің пайымымша, туған еліміздің ертеңіне алаңдап, нағыз патриот болғысы келген бозбалалар мен бойжеткендер тарихта есімдері алтын әріппен жазылған Алаш қайраткерлерінің артында қалған өшпес рухани мұраларын бойтұмардай ұстанса, алар өнегесі мол.

Осы орайда қазақ халқының қайталанбас тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалардың орны бөлек. Кезінде олардың қаламынан туған еңбектерінде айтылған және көтерілген өзекті мәселелер маңызын ешқашан жоймайды.

Мәселен, даңқты жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы биыл кеңінен аталып өтті. Оның туындыларының бәрін айтпағанның өзінде, бір ғана «Оян, қазақ» кітабының өзінің тәрбиелік мәні өте зор. Ол осы шығармасы арқылы күллі ел азаматтарын білімге, ізгілікке шақырды.

Тіл үйренуді балабақшадан бастау керек

– Өзіңіз жас та болсаңыз, тілді үйренуде түйгеніңіз бен айтарыңыз жеткілікті екен. Кейбіреулер оны меңгеруді ауырсынып, кейінге қалдыра береді. Сіз осы жайлы не дер едіңіз?

– Меніңше бәрі де ниетке, шын жанашырлыққа, талпынысқа келіп тіреледі. Әңгімемнің басында айтқандай, өзім де кәдімгі орыс отбасында тәрбиелендім. Бастапқыда әліппені орыс мектебінде ашсам, кейін біржола қазақшаға ден қойдым. Қазір жергілікті ұлттың бір қызындай болып кеттім.

Сонау мектеп оқушысы және академия тыңдаушысы кезімде кездескен қиындықтарды бағындыру үшін талмай еңбектенсем, бұл күндері соның нақты жемісін көріп отырмын. Еңбек еткен адамға бақыт та басын иеді.

Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген жоқ па? Оның осы пікіріне толық қосыламын. Мәселен, мен өзімнің ана тілімді ешқашан ұмытпаймын. Бірақ мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жазуды осы елдің бір азаматы ретінде парызым деп есептедім. Қазір шынымды айтсам, жан дүнием де қазақ болып кеткен секілді.

Қазақстанда тұратын кез-келген ұлттық өкілі мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгергендері жөн. Мәселен, Германияда және Ұлыбританияда, АҚШ-та тұрып, жұмыс істеу немесе білім алу үшін міндетті түрде неміс немесе ағылшын тілдерін жетік білуің керек. Ал, басқа өркениетті елдерден Қазақстанға келген жастар ешкімнің зорлауынсыз өз еріктерімен мемлекеттік тілімізді қалай тез меңгеріп алғанын көріп те жүрсіздер.

Тілді айтпағанда, жергілікті ұлттың ата-бабасынан мирас болып келе жатқан қасиетті қара домбырасын, қобызын және басқа да аспап түрлерін қысқа мерзімде игеріп жатқандарына еріксіз тәнті боласыз. Тіпті, ұлттық киімдерді де солардың үстінен көргенде таң қаласыз.

Сондықтан қазақ елінде мекендейтін әрбір үлкенді-кішілі қауым бұл мемлекеттің мәдениетіне, тарихына, салт-дәстүріне құрметпен қарағандары абзал. Сонан соң айтарым, тілді үйрену де жас шекара болмайды. Жаңағы сіз сауалыңызда айтылғандай, кейбіреулер жасымыз ұлғайып қалды деп соны сылтауратады. Ол дұрыс емес. Әңгіме ізгі ниет пен тілекте жатыр.

Мен қазақ тілінің болашағы жарқын дер едім. Қазір кез-келген дамыған ел біздің мемлекетпен санасады. Инвестиция құюға құмар. Алпауыт елдердің өзі достық қарым-қатынас жасауға тырысады. Бұл мені және басқаларды да шексіз қуантатыны сөзсіз.

Бір жай айқын. Ұл мен қыздарымызды кішкентайынан балабақшалардағы қазақ топтарына бергеннің ұтары мол. Мысалы, менімен бір бөлмеде отырып қызмет атқаратын әріптесім дәл осылай істеді. Өйткені, балдырғандар құйма құлақ болады. Осы кезде естігені мен көргендерін ұмытпайтындығын өмірден көріп те жүрміз.

Мен Қазақстанда дүниеге келіп, осында бойжетіп, жоғары білім алдым.

Таңдаған мамандығым бойынша қызмет атқарып жүргенімді мақтаныш етемін. Келешекте қазақ жігітімен тағдырымды қосып, осы ұлтқа келін болуды армандаймын. Ес білгеннен жергілікті халықтың әдет-ғұрпын, ұлттық тағамдарын, мәдениеті мен тұрмысын көзбен көріп, оқып-тоқумен дамыттым.

Ал, күнделікті кәсібіме келсем, криминалистиканың мақсаты – қылмысты ашуға ықпал ету. Оның да өзіндік қызығы мен қиындағы бар. Соған төзіп, шыдамдылық танытқандар ғана мамандықтарының шыңына көтеріледі.

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

Сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77