Біздің Қостанай Социум

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың тиімді алаңына айналып отыр

Бүгінде бұл бастамаға облыс бойынша 200-ден астам жергілікті өндіруші қатысып, өз ауылындағы табиғи шикізаттан сапалы әрі сұранысқа ие өнім шығаруға талпынып келеді. Қазірдің өзінде қалада жобаға қатысушылардың өнімдері ұсынылатын бес сауда нүктесі жұмыс істеп тұр.

Жобаның басты мақсаты – әр ауылдың ерекшелігін сақтай отырып, жергілікті өнімді брендке айналдыру, ауыл тұрғындарына өндіріс, маркетинг және сату бағытында жан-жақты қолдау көрсету. Ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары Қостанай өңірі үшін бұл жоба нағыз әлеуметтік лифтке айналып, көптеген отбасының табыс көзін арттыруға мүмкіндік берді.

Сол табысты кәсіпкерлердің бірі – Назерке Токқожа. Ол алты баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, ұлттық тәттілер өндіруші, жас кәсіпкер. Атамекен палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына үш жыл қатарынан қатысқан Назерке Жездібекқызы биыл үлкен жетістікке жетіп, 5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінде өз өнімдерін кең көлемде ұсынуға дайындалып, жеке бутик ашты.

«Өткен жыл мен үшін жақсылыққа толы болды. Әртүрлі іс-шараларға қатысып, дамушы ортаға қосылып, тәжірибе жинақтадым. Енді өз білімім мен тәжірибемді басқа кәсіп бастағысы келетін жандармен бөліскім келеді. Әсіресе декреттегі аналар мен қосымша табыс көзін іздегендерге көмегім тисе деймін. Не істесең де, шын жүректен, жан-тәніңмен жасасаң, ол міндетті түрде жүрекке жетеді екен. Осы жобаның жетекшісі, іскер әйелдер кеңесінің директоры Елена Владимировна Венгерскаяға алғыс білдіргім келеді, бізге әрқашан бизнес сабақтар өтіп, қолдау білдіріп отырады», – дейді кәсіпкер.

Назеркенің кәсіпке келу жолы да көпке үлгі. Жолдасының қызметіне байланысты Лисаков қаласынан Қостанайға қоныс аударған ол бала күтіміне байланысты демалыста отырып, үй жағдайында жент дайындап сатудан бастаған. Уақыт өте келе тұтынушылар саны артып, тапсырыстар шетелге дейін жөнелтіле бастаған.

Бүгінде кәсіпкер ұлттық тәттілердің түр-түрін дайындап қана қоймай, той-томалаққа арналған қоржын тойбастар жасауды да жолға қойған. Атап айтқанда, тілашар, құдалық, бесік той, қырқынан шығару, сүндет той, мерейтой, ас беру, той дастарханына арнайы тапсырыстар қабылдайды. Барлық өнімнің басты ерекшелігі – табиғилық пен балғындық.

«Алты баланың анасы болсам да, қол қусырып отырғанды қаламадым. Айша қызымды дүниеге әкелген соң, небәрі он күннен кейін дүкенімді аштым. Анам “осы қызыңды босанғалы ойға да, қырға да шауып кеттің” деп әзілдейді. Алла адамдарды бір-біріне себепші етіп қояды екен», – дейді ол.

Ұлттық өнімге деген сұраныстың артуы кәсіпкердің еңбегін еселеп, сенім артқан тұтынушылар қатары күн санап көбеюде. Үлкен көлемде тапсырыс алған сайын, маңдай терінің ақталғанына қуанады.

Бүгінде Назерке тек кәсіппен шектелмей, өз тәжірибесін бөлісуге, серіктестік орнатуға дайын. Басқа қалалардан да ынтымақтастық туралы ұсыныстар түсе бастаған. Соның арқасында қымыздан жасалған балмұздақты да сатуға шығарған.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы осындай еңбекқор аналардың еңбегі елге танылып, ұлттық құндылықтар жаңғырып келеді. Бұл – тек бір кәсіпкердің емес, тұтас ауыл кәсіпкерлігінің жеңісі.

Ая ӘБДІЛДА,
суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77