Біздің Қостанай ЖКХ

КСК-ның бүгінгі келбеті. Атауы қалған, өзі жаңарған аудан

Облыс орталығындағы КСК ауданы – атауы өткен ғасырдан жеткенімен, бүгінгі келбеті мүлде өзгерген мекен.

КСК (камвольно-суконный комбинат) 1970 жылдары салынған, Кеңес Одағы кезеңінде жүннен мауыты және шұға маталарын шығаратын ірі тоқыма кәсіпорындарының бірі болды. Дәл осы комбинат айналасында сол уақытта тұрғын үйлер бой көтеріп, шағын аудан қалыптасты. 1999 жылы экономикалық қиындықтарға байланысты өндіріс толық тоқтатылды. Зауыттың өзі тарих беттерінде ғана қалғанымен, оның атауы аудан ретінде бүгінге дейін қолданыста.

Өзгерісті көрген буын

Бүгінде КСК өткен дәуірдің өндірістік аймақ бейнесінен алыстап, Қостанайда қарқынды дамып келе жатқан аудандардың біріне айналды. Соңғы жылдары бұл жердің архитектуралық келбеті айтарлықтай жаңарды. Тұрғындар серуендейтін жайлы саябақ ашылып, оның аумағында жаңа неке сарайы салынды. Сонымен қатар заманауи тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Ал бұл ауданда ұзақ жылдан бері өмір сүріп келе жатқан жандар аудандағы өзгерістер үдерісіне куә. Солардың бірі – зейнет жасындағы Сағит-Меңжамал Абдулендер. Бір кездері қаланың өзге ауданына қоныс аударған отбасы кейін қайтадан үйреншікті орындарына оралған.

– Емхана, моншамыз қасымызда, немерелеріміз баратын балабақша мен мектеп те алыс емес. Қажетті қызметтің барлығы қолжетімді. Саябағымыз да өте көрікті – жазда да, қыстыгүні де серуендеуге қолайлы. Жақында ғана немерелерімізбен арнайы шығып, шыршамен естелік суретке түсіп келдік. Бұрын мұндай демалыс үшін қаланың орталығына баратынбыз. Тұрғындары да қарапайым, бір-бірімізбен тату-тәттіміз. Жыл сайын наурыз мерекесін аула болып бірге атап өтеміз, – деп бөлісті Меңжамал апай.

Ал отағасы Сағит ақсақал 70-тен асса да, қара жұмыстан қол үзбеген. Он жылдан астам уақыттан бері аула тазалаушы болып жұмыс істеп келеді. Зейнеткер «Комфорт» және «Азамат» ұйымдарына қарасты төрт үйдің ауласының тазалығын қамтамасыз етеді.

Біз Қарабалық ауданының тумасымыз. КСК-ға 2009 жылы көшіп келдік. 2015 жылы зейнетке шықтым. Содан бері аулалардың қоқыстан таза болуын қадағалап, өскен шөбін жұламын, қыста аула ішін қардан тазалаймын. Осы уақытқа дейін бірде-бір шағым түскен емес. Тұрғындар үлкен кісі деп сыйлайды, әсіресе, қыс мезгілінде қар тазалауға көмектесіп жататындар да бар. Аудан көз алдымызда өзгеріп келеді. Көшелердің тазалығына да артық айтарымыз жоқ – қарды уақытында трактормен шығарып жатады, – дейді еңбекқор зейнеткер.

Сағит қария секілді жандардың күнделікті жұмысы КСК-ның тек көркін емес, рухын да қалыптастырып отыр. Олар үшін бұл аудан жай ғана тұрғылықты мекен емес, еңбегі сіңген, естелігі қалған ортаға айналған.

Қысқы тазалық тұрақты бақылауда

КСК-да коммуналдық қызметтердің жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Әсіресе қыс мезгілінде көшелердің қардан уақытылы тазалануы тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жауапты ұйым басшысының айтуынша, тазалық ауданның бүгінгі келбетінің маңызды бөлігі. Бұл еңбектің нәтижесі көзге де анық көрінеді және оның игілігін тұрмыста тұрғындар да сезініп отыр.

– Біз нарықта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Ұжымда 23 механизатор мен 18 жүргізуші бар. Техниканың басым бөлігі жаңа – автопарк 80 %-ға жаңартылған. Қыс мезгілінде барлығы 59 техника бірлігі жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда көшелерді тазалау үшін 2-3 бригаданы қатар шығаруға толық мүмкіндігіміз бар. Қатты қар жауған күндері де бір күннің ішінде көшелерді ашып үлгердік, – деп атап өтті ұйым басшысы Алмат Еслямов.

Оның айтуынша, ең алдымен жедел қызметтер қатынайтын, көлік қозғалысы тығыз көшелерге басымдық беріледі. Дегенмен, жұмыс барысында бірқатар қиындықтар да кездеседі.

Кейбір автожүргізушілер қар аршып жүрген техникаға түсіністікпен қараса, енді біреулері тазалау жүріп жатқан жерде кедергі жасап, жол-көлік қозғалысына қауіп төндіреді. Ал кей жағдайларда автотұрақтарда тұрып қалған көліктер де қардан толық тазалауға кедергі келтіреді. Сондықтан да тұрғындардан коммуналдық қызметтің еңбегіне жауапкершілікпен қарауды, әсіресе қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан сәттерде көліктерді жол бойында қалдырмауды сұраймыз, – деп өтінеді Алмат Бердіғалиұлы.

Уақыт өтсе де, өзгермеген «29 дүкен»

КСК ауданы жаңарып, заманауи келбетке ие бола бастағанымен, мұнда өткен дәуірдің ізі толық жоғалып кеткен жоқ. Соның бірі – тұрғындар арасында «29 дүкен» аталып кеткен сауда орны. Ол кеңес дәуірінен бері жұмысын тоқтатпай келе жатқан, аудан тарихымен біте қайнасқан нысандардың бірі.

– Дүкен 1974 жылы комбинаттың жұмысшыларына арналып салынған тұрғын үйдің бірінші қабатында ашылған. Ол кезде негізгі мақсат – кәсіпорында еңбек еткендер мен олардың отбасыларына күнделікті қажет тауарларды үйіне жақын жерден ұсыну болды. Бұл дүкен алғаш қалай салынса, сол қалпында жұмыс істеп тұр. Ішкі құрылымы да, орналасуы да өзгерген жоқ. 1974 жылғы жобамен салынған күйінде сақталған, – дейді дүкен иесі Ирина Халитова.

Араға жарты ғасыр уақыт салса да, келбеті сол күйі сақталған дүкен КСК-ның кешегі тарихын бүгінгі күнге жалғап тұрғандай. Қазір ауданда ірі супермаркеттер мен жаңа сауда орындары көбейсе де, «29 дүкенге» келушілер әлі де үзілген емес.

– Бұл жер тек сауда жасайтын нүкте ғана емес, көпшілік үшін үйреншікті орынға айналған. Келушілеріміздің көбін танимыз, тіпті кімнің қандай тауар алатынын да шамалап білеміз. Басым бөлігі жылдар бойғы тұрақты тұтынушыларымыз. Дүкенде еңбек етіп жүрген сатушылар да – ұзақ уақыттан бері адал қызмет атқарып келе жатқан жандар. Сол себепті дүкен өз орнында, тұрғындарға қалыптасқан тәртіппен қызмет көрсетіп келеді, – деп түйіндеді дүкен иесі.

КСК – жас отбасының жаңа мекені

КСК ауданын өз мекені еткендер қатарында жас отбасылар да аз емес. Солардың бірі – Түркістан облысының тумалары Айнұр мен Нұрболат. Ерлі-зайыптылар Қостанайға 2024 жылы қызмет бабымен қоныс аударған.

– Біз жылы өңірден келген адамдармыз. Дегенмен бұл қаланың қаһарлы қысына да үйрендік. Қазір Шымкентке барсақ, аптап ыстықтан ауа жетпей тұрғандай сезіледі. Қостанайға көшкен кезде орналасқан орнымыз осы аудан болды. Салқын болса да, өзімізге ыстық орта, – дейді Айнұр Нұрлыбай.

Қазіргі таңда Айнұр екі баламен декреттік демалыста. Күнделікті уақытын көбіне балалармен аудан аумағында өткізеді.

– Жаз айларында осы бульварда серуендеп, балалармен ойнаймыз. Қатты қажеттілік болмаса, қала орталығына көп бара бермейміз. Ал қыста мұз айдыны ашылады, күн салқын болса да, балаларды сырғанаққа әкелуге тырысамыз, – деп қосты жас ана.

Жас отбасы үшін КСК-ның басты артықшылығы – қолайлы инфрақұрылым. Шағын ауданда супермаркет, балабақша, емхана, дәріхана – барлығы бар. Мереке күндері саябақта концерттер мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, жаз мезгілінде балаларға арналған аттракциондар іске қосылады.

– Қостанайға қараша айында көшіп келдік. Қала бірден ұнады, табиғаты әдемі, ауасы таза. Қысы да нағыз қыс десе болады – аязды, қарлы. Серуендейтін саябағы, қажетті нысандары бар ауданға тез бауыр бастық. Қазір басқа жерге көшу туралы ойымыз да жоқ, – деп қорытындылады Нұрболат Мырзабек.

Бүгінде КСК ескі комбинатты еске салатын аумақ қана емес, заманауи архитектуралық нысандары, қолайлы инфрақұрылымымен қала картасында ерекше орын алып отыр. Өндіріс орнының атауынан бастау алған аудан бүгінде мүлде басқа мазмұнға ие.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77