Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» атты ауқымды мәдени-ағартушылық жобаның тұсауы былтыр кесіліп, көпшілікке таныстырылған болатын. Жобаның мақсаты – кітап оқуды насихаттау, сыни ойлауды дамыту және кітапты білім, шабыт және зияткерлік өсудің негізгі көзі ретінде нығайту.
Оқуға деген құлшыныс
Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтылған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына шығаруды көздейді.
Қостанай облысында жоба жалпыұлттық миссияның бөлігі ретінде басталып, халықтың әртүрлі топтарын зияткерлік марафонға тартады.
Жоба аясында алты бағыт бойынша байқау ұйымдастырылып жатыр. «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». Әр бағыт үшін сарапшылар мен тиісті сала өкілдері қатысушылардың жасы мен қызығушылықтарын ескере отырып, 15 кітаптан тұратын тізімдер дайындады. Жалпы тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар мен әлемдік бестселлерлер енгізілді.
Айта кету керек, бұл үш өңірді қамтитын пилоттық жоба, сондықтан барлық бағалау мен тексеру орталықтандырылған тапсырмаларға негізделеді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында байқауға қатысушылар кітап оқиды, шығармашылық тапсырмалар орындайды, зияткерлік байқауларда бақ сынасады. Әр бағыт бойынша қатысушылар арнайы Google Формалар арқылы тіркелді.
Кітаптар ұлттық және облыстық кітапханалардың электронды базалары арқылы қолжетімді. Сонымен қатар, Яндекс диск сияқты платформаларға сілтемелер таратылды. Яғни, кез келген қатысушы өзіне ыңғайлы форматта кітаптарды оқи алады. Әсіресе мектеп оқушылары үшін тексеру эссе жазу арқылы жүргізіледі. Әр сыныпқа жас ерекшелігіне сай жеке кітаптар бекітілген. Оның ішінде қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті және әлемдік классика бар.
Жоба тек оқумен шектелмейді
Біздің қаламызда тіркеу белсенді жүргізілді. Әсіресе педагогтер мен мектеп мұғалімдері ерекше белсенділік танытуда. Әрине, қуанатын жағдай. Себебі, жобаның табысты жүзеге асуына мұғалімдердің қолдауы өте маңызды. Қазіргі таңда тіркелу процесі аяқталды. Жоба аясындағы 6 бағытқа жауапты арнайы менеджерлер таңдалып алынды. Әр бағытқа нақты адамдар жауапты.
«Жалпы облыс бойынша жобаға қатысушылардың белсенділігі жоғары. Бұған дейін де осы бағыттағы бастамаларға атсалысып жүргендіктен, халықтың кітап оқуға дайындығы айқын байқалады. Айтарлықтай қиындықтар жоқ, керісінше қатысушылардың оқуға деген шынайы қызығушылығы мен ынтасы қуантады», – дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өңіріміздегі төрағасы, «Кітап оқитын ұлт» жобасының облыстық фронт-кеңсе жетекшісі Заңғар Санай.
Оның айтуынша, жоба тек кітап оқумен немесе эссе жазумен шектелмейді. Эсселер аудандық және қалалық кезеңдерде іріктелгеннен кейін, облыстық кезеңге өткен жұмыстар республикалық ұйымдастырушылардан нақты нұсқаулықтар келіп түскен соң арнайы талаптар бойынша жан-жақты тексеріліп жатыр. Мұның бәрі де қатысушылардың еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді.
«Біз үшін ең маңыздысы баланың шынымен оқыған-оқымағанын, мәтінді қаншалықты түсінгенін анықтау. Сол себепті жобада бақылау мен бағалау жүйесі қарастырылған. Қатысушылардың білім деңгейін тек жазба жұмысы арқылы ғана емес, пікірсайыс форматындағы дебаттар арқылы да бағалаймыз. Дебат барысында қойылатын сұрақтар республикалық деңгейдегі ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылады», – дейді жоба жетекшісі.
Жобаның кезеңдері де нақты жоспарланған. Наурызда аудандық және қалалық іріктеу кезеңдері өтеді. Ал сәуірде облыстық деңгейдегі финалдық кезең ұйымдастырылады. Финал қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткізу жоспарланып отыр.
«Бұл жоба балалар мен жастардың тек кітап оқуға ғана емес, өз ойын еркін жеткізуге, талдау жасауға, пікірін дәлелдеуге үйренуіне үлкен мүмкіндік береді. Біз кітап арқылы ойлайтын, сөйлей алатын, сауатты ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз», — деп түйіндеді Заңғар Санай.
Кітап оқитын әулет
Ермағанбетовтер отбасы «Кітап оқитын ұлт» жобасына белсене қатысып жүрген өнегелі әулеттердің бірі. Мәлікзада ағай мен Жанат апай Аманкелді ауданы, Үрпек ауылындағы Жаңаауыл орта мектебінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған құрметті жандар. Олар кітаптың адам өміріндегі, әсіресе бала тәрбиесіндегі орнын терең түсінеді. Сол себепті бүгінгі таңда балаларымен, немерелерімен бірге аталмыш жобаға атсалысып, жастарға үлгі көрсетіп келеді.
Ермағанбетовтер отбасының бұл жобаға келуіне немерелері Саяжан себепкер болған. Ол Қостанай қаласындағы №32 мектепте оқиды, белсенді, ізденімпаз оқушы. Мұғалімдерінің ұсынысымен Саяжан жобаның қатысушысы атанып, артынан ата-әжесі мен анасы да қолдау білдірген.

«Қызым Гүлсая Ермағанбетова – тіл маманы, мұғалім. Ол да бізді осы бастамаға жетеледі. Ақылдаса келе, Саяжанның ата-әжесі, анасы болып бірге қатысуды жөн көрдік», – дейді Жанат апай.
Бүгінде отбасы мүшелері берілген кітаптарды бірге оқып, мазмұнын талдап, өзара пікір алмасып жүр. Бұл – жай ғана оқу емес, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтатын тағылымды үрдіс.
«Бала күнімізде теледидар жоқ, бар ермегіміз кітап еді. Жата-жастана оқып өстік. Өзіміз де, жолдасым да ұзақ жылдар мектепте қызмет еттік. Қыздарымыз да біздің жолымызды таңдап, бірі – мұғалім, бірі – дәрігер. Енді сол тәрбиені немерелерімізге үлгі етуге тырысып жүрміз», – дейді апай.
Жанат апайдың айтуынша, жоба тек жастарға ғана емес, зейнет жасындағы жандарға да рухани серпіліс береді. Кітап оқу арқылы ой жаңарып, өмірге деген қызығушылық арта түседі.
«Бұл жоба технология дамыған заманда кітаптың шынайы құндылығын қайта ұғындырады. Әсіресе қалада кітап оқитын жастар азайып бара жатқаны жасырын емес. Ал ауылда білімнің, руханияттың негізі сақталғанын қалаға көшіп келгенде анық сезіндім. Кітапты тек оқу емес, оны талдап, ой елегінен өткізу де үлкен мәдениет», – дейді кейіпкеріміз.
Ермағанбетовтер отбасы бүгінде кішкентай немерелеріне ертегі оқып, кітапқа қызықтыруды да қолға алған. Олар әр ата-ана баланы кітаппен сәби кезінен таныстыруы керек деп есептейді.
«Берілген кітаптардың барлығын оқып шықтық. Көбі бұрыннан таныс дүниелер болса да, қайта оқып, жаңа қырынан қабылдадық. Кейбірін табу қиынға соқты», – деп түйіндеді ойын Жанат апай.
Осындай өнегелі отбасылардың арқасында «Кітап оқитын ұлт» жобасы өзінің басты мақсатына – кітапқа деген сүйіспеншілікті ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге нық қадам жасап келеді.
Ая ӘБДІЛДА,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
