Учаскелік полиция қызметкері – қоғам мен құқық қорғау жүйесінің арасындағы ең жақын әрі берік байланыс. Ол – тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігіне жауап беретін, әр аула мен әр отбасының тыныштығын бақылауда ұстайтын маман. Көпшілік полицияны тек ірі қылмыстармен байланыстырады, алайда құқықбұзушылықтың алдын алу, дау-дамайды ушықтырмай шешу, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу – учаскелік инспектордың негізгі міндеті.
Учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Мұхамбетсаповтың күнделікті қызметі таңғы сағат сегізде саптық түзеуден басталады. Қызметтік тапсырмалар мен қару-жарағын қабылдап, сағат 8:30-дан түнгі 23:00-ге дейін қызметтік міндеттерін атқарады.

– Күн сайын таңертең міндетті түрде жиын өтеді. Онда өткен тәуліктегі оқиғалар талқыланып, тіркелген құқықбұзушылықтар қаралады. Қай аумақта жанжал болғаны, қандай азамат профилактикалық есепке алынғаны, қай шақыртуға ерекше назар аудару керектігі нақты айтылады. Әр инспектор өз учаскесіндегі жағдай бойынша есеп береді. Одан кейін күнделікті тапсырмалар бөлінеді: біреуіне әкімшілік материал қарау, енді біріне профилактикалық рейд, тағы біріне шақырту бойынша тексеру, – дейді Нұрсұлтан Мұхамбетсапов.
Осылайша жұмыс күні нақты жоспармен басталады – күні бойы аумақты аралау, тұрғындармен кездесу, және жауапкершілікке толы қызмет жалғасады. Учаскелік инспектор үшін әр күн – жаңа оқиғалар мен күтпеген шақыртуларға толы.

Нұрсұлтан Мұхамбетсапов – ішкі істер саласындағы қызметін 2016 жылы ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының тыңдаушысы ретінде бастаған. 2020 жылы Қарасу ауданында учаскелік инспектор болып еңбек жолына кірісіп, кейін Астана қаласында жалғастырды. Ал екі жылдан бері Қостанай қаласының орталығында орналасқан №8 «Заводской» учаскелік полиция пунктінде жұмыс істейді. Оның әкімішлік аумағында шамамен 4000-дай тұрғын бар.
Айтуынша, ең жиі түсетін шақыртулар – көршілер арасындағы жанжалдар мен отбасылық кикілжіңдер. Көп жағдайда мәселе тұрмыстық ұрыс-керістен басталып, уақытында тоқтау қойылмаса, ауыр салдарға ұласуы мүмкін.
– Көбіне көршілер бір-бірімен сөзге келіп қалады. Түнгі уақыттағы шу, есік алдына қоқыс тастау, көлікті бей-берекет қою сияқты ұсақ мәселелерден туындайды. Ал отбасылық жанжалдар мүлде бөлек. Ішімдік ішкен адамдар бізді тыңдағысы келмей, қарсылық көрсететін жағдайлар да болады. Кейбір азаматтар қолына түскен қауіпті заттарды лақтыруға дейін барады, – дейді полиция капитаны.
Полицияның заңды талабына бағынбай, жаға жыртысуға дайын тұратын кездер де кездеседі. Өткен жылы
– Мысалы, ажырасқан ер адам бұрынғы жұбайының үйінің терезе түбіне тұрып мазалап, артынан аңдып жүрген. Жәбірленуші бірнеше рет арыз жазды. Ер адам ұстау кезінде бізбен жұлысып, қызметтік киімімізді жыртып, тіпті кейін үстімізден арыз да түсірген болатын. Алайда сот шешімімен оған ерекше талап қойылып, бір жыл бойы бұрынғы жұбайы мен балаларына жақындауға тыйым салынды. Біз мұндай жанжалдарға ешқашан жалғыз бармаймыз. Міндетті түрде серіктеспен шығамыз. Бұл – қауіпсіздік талабы. Әсіресе отбасылық жанжал кезінде жағдай қалай өрбитінін болжау қиын, – дейді тәртіп сақшысы.
Кезекті шақырту

Сұхбат үстінде рациядан кезекшінің дауысы естілді. Кезекті шақырту түсті. Кейіпкеріміз бір сәтке әңгімені үзіп, мекенжайды мұқият тыңдап алды.
– Қабылдадым, – деді ол қысқа ғана жауап қайырып.
Көлікке беттей жатып, жағдайды түсіндірді:
– Бұл азамат профилактикалық есепте тұр. Бұрын сотталған. Бізге тікелей күш көрсетпейді, бірақ өзіне зиян келтіру қаупі бар. Қазір мас күйінде үйінде жанжал шығарып жатыр деген хабар түсті.
Осылайша біз инспектормен бірге көрсетілген мекенжайға жол тарттық.
Үйдің есігі ашылғанда-ақ жағдай бірден байқалады: бөлме ішінде ауыр алкоголь иісі, ашулы дауыстар. Полицей ең алдымен жағдайды сабырмен бақылап, азаматпен сөйлесуге тырысты.
Отбасындағы дауды әйелінің сөзінен аңғару қиын емес. Айтуынша, ер адам «аузы құрғамай» ішеді. Мас болған соң, бала-шағаның берекесін алып, қол көтеруге дейін барады.

– Қазір бұл азаматты алкогольден мәжбүрлі емдеуге жіберу мәселесін қарастырып жатырмыз. Медициналық талдауларын бірге жүріп тапсырттық, құжаттарды дайындап қойдық. Бірақ бүгін тағы спиртті ішімдік ішіп, жанжал шығарып отыр. Қауіптің алдын алу үшін оны медициналық айықтырғышқа жеткіземіз. Ары қарай емдеуге жіберу бойынша жұмыстар жалғасады, – дейді Нұрсұлтан Мұхамбетсапов.
Учаскелік полиция инспекторы үшін өз аумағын толық білу – жұмыстың басты талабы. Ол әр үйді, әр подъезді, тіпті сол жерде тұратын тұрғындардың жағдайын да назарда ұстайды. Сондықтан кейде 102 арнасы арқылы қоңырау түскенде, мекенжайын ести сала-ақ кім туралы сөз болып тұрғанын шамалап үлгереді. Бұл – аумақты терең білу мен күнделікті жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Қылмыстың алдын алу – басты міндет
Өткен жылы учаскелік аумақта құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 39 азаматқа ерекше талап қойылды, 78 адамға қорғаныс нұсқасы шығарылды. Сонымен қатар түрлі тәртіп бұзу деректері бойынша 315 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.
Учаскелік инспектор өз аумағында іс жүзінде бүкіл полиция қызметінің жүгін көтере алады. Оның жұмысы әкімшілік хаттама толтырып, түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелмейді. Әкімшілік баптар бойынша шешім қабылдау, қылмыстың алдын алу, кей жағдайда оны ашу – мұның бәрі учаскелік полицейдің тікелей жауапкершілігінде.
Мәселен, банк бөлімшесіне шамамен 75 жастағы зейнеткер әже ірі көлемде ақша аударуға келген. Банк менеджері қарт кісінің қатты қобалжып тұрғанын байқап, жағдайдың күмәнді екенін сезіп, полиция шақырады.
– Банкке келсек, әжей бейнеқоңырау арқылы полиция формасын киген ер адаммен сөйлесіп отыр екен. «Ұлыңыз Ресейде қиын жағдайға тап болды, қамауға алып, соттаймыз» деп қорқытып, мәселені шешу үшін қарт кісіден ақша талап еткен, – дейді құқық қорғау қызметкері. – Әжей банкоматқа 2,5 миллион теңге салғалы тұрған жерінен тоқтаттық. Ол кісіні сабырға шақырып, бейнқоңыраудағы адамның алаяқ екенін, мұндай тәсілдер қазір жиі қолданылатынын түсіндірдік.
Бұл – учаскелік инспектор жұмысының тек бір көрінісі ғана. Оның басты міндеті – қылмыстың алдын алу, оған жол бермеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда мұндай жауапкершілік жеке уақытпен де өлшенеді. Таң атқаннан басталған жұмыс түн жарымына дейін созылады. Аптасына бір күндік демалысын Нұрсұлтан барынша жақындарына арнауға тырысады.
– Ауылдық жерде жұмыс істегенде кейде үйге апталап бармай қалған күндер де болатын. Мал ұрлығы тіркелсе немесе адам жоғалса, бірнеше күн іздеуге тура келеді. Ондайда уақытпен санаспайсың. Себебі әр минут маңызды. Ал демалысымды мүмкіндігінше отбасыма бөлемін. Балалармен уақыт өткізуге, үй шаруасына араласуға тырысамын. Қызметтің қиындығын түсініп, қолдау көрсетіп отырған отбасым – мен үшін үлкен тірек, – дейді жас полицей.
Бұл мамандықтың маңыздылығы – оның халыққа барынша жақын болуында. Учаскелік полиция қызметкері өзіне бекітілген аумақтағы тұрғындарды, олардың әлеуметтік жағдайын, проблемаларын жақсы біледі. Ол тек заң талаптарын орындаушы ғана емес, кейде психолог, кейде кеңесші, кейде бітімгер рөлін де атқарады. Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуы көп жағдайда осы маманның жауапкершілігі мен кәсібилігіне байланысты. Сондықтан учаскелік полиция қызметкерінің еңбегі – ел қауіпсіздігінің берік іргетасы.
Назгүл Азатқызы
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
