Социум

Пітір садақаны кімге және қашан берген жөн?

Пітір садақа мұсылман жыл санауы бойынша һижраның екінші жылы жария етілген. Басқа садақалар мал-мүліктен берілсе, пітір садақа әр мұсылманның жеке басына қатысты міндеттелді. Биыл оның құны 735 теңге болып бекітілді. Пітір – Рамазан айында ұсталған оразаның қате-кемшіліктерін толықтырып, мұқтаж жандарды қуантатын садақа. Айт мерекесінде барлық мұсылман қауымы қуанышқа бөленген сәтте, жағдайы төмен жандар да пітір арқылы өз қажеттерін өтеп, жұртпен бірге шаттыққа ортақтасады.

Кімдерге міндет?

Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында әрбір мұсылман өзінің және отбасы мүшелерінің атынан пітір садақа беруге міндетті. Бұл – негізгі қажеттіліктерінен бөлек, мал-мүлкі күміс нисабына (595 грамм) жеткен адамға жүктеледі.

Жағдайы нисаб мөлшеріне жетпейтін адамға пітір садақа беру міндет емес, алайда сауап ниетімен берсе – құптарлық іс. Әйелі мен кәмелет жасына толған балаларының мүмкіндігі болса, олар пітірді өз аттарынан береді. Қайтыс болған адамға және ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

Қалай есептеледі?

Пітір садақа мөлшері:

  • 2 келі бидай (ұн, талқан),
  • немесе 2 келі мейіз,
  • не 4 келі құрма немесе арпа.

Қазіргі таңда азық-түліктің орнына оның ақшалай құнын беру – абзал. Шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір беруге рұқсат етілген. 2026 жылы бір адамға белгіленген пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның орташа нарықтық бағасымен есептеліп, 735 теңге болды. Ауқатты жандардың мейіз немесе құрмамен беруі – сауаптырақ іс.

Қай уақытта беріледі?

Пітір садақа Рамазан айы басталғаннан бастап Ораза айт намазына дейін берілуі тиіс. Намазға дейін берілсе – уәжіп садақа ретінде қабыл болады. Кейін берілген жағдайда да өтеледі, бірақ сауабы кемиді.

Кімдерге беріледі?

Пітір садақа Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында көрсетілген мұқтаж топтарға беріледі:

  • кедей-кепшіктерге,
  • міскіндерге,
  • қарызға батқандарға,
  • Алла жолында қызмет етіп жүргендерге,
  • жолда қалған жолаушыларға.

Әке-шешесіне, ата-әжесіне, жарына, өз балалары мен немерелеріне беру дұрыс емес. Алдымен бауыр-туысқа, ағайынға, көршіге берген абзал. Қажет болған жағдайда мешітке тапсыруға да болады, мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді.

Маман пікірі

Хасан Аманқұл, шариғат және пәтуа бөлім меңгерушісінің орынбасары:

«Пітір садақа – тек материалдық көмек емес, ол – рухани тазарудың белгісі. Бұл амал арқылы мұсылман адам Рамазан айындағы оразасының кемшіліктерін жуып-шаяды әрі қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға үлес қосады. Айт күні ешбір мұқтаж жан назардан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан пітірді уақытында, шынайы ниетпен беру – әр мұсылманның жауапкершілігі».

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77