Без рубрики

Көп балалы келіншек ұлттық әшекейді күнделікті сәнге айналдыруда

Әшекей – қыз-келіншектердің ежелден сүйіп таққан сәні. Ол тек әдемілік үшін тағылатын бұйым емес, әйелге тән нәзіктіктің, талғамның, тіпті мінездің белгісі. Бүгінде ұлттық нақыштағы әшекейлер жаңа сипат алып, заманауи үлгіде қайта жаңғырып келеді. Осындай этностильді күнделікті өмірге енгізіп жүрген жандардың бірі – Жансая Исмагулова

Жансая Исмагулова – Қостанай қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы. Ол ұлттық өрнекті заманауи аксессуарлармен үйлестіріп, сырға, алқа, сотуар, чокер, шашбау, шекелік және ағаштан жасалған оюлы түйреуіштер дайындайды. Сонымен қатар соңғы уақытта «тико тақия» деп аталатын бас киімдерді тігіп, оның үстіндегі моншақтарын да қолмен өзі құрастырып жүр.

Оның бұйымдарының ерекшелігі – дәстүрлі ою-өрнекті күнделікті тағуға ыңғайлы үлгіге айналдыруында. Қарлығаш, қошқар мүйіз сынды ұлттық элементтер заманауи пішінде жаңа тыныс алған.

– Қызығушылық аяқ астынан басталды. Декреттік демалыста отырған кезім болатын. Наурыз айында әпкем әшекейлерін әкеліп, сатып беруімді өтінді. Көп ұзамай бәрі өтіп кетті. Бірақ таусылса да, сұрап келушілер азаймады. Сол кезде «неге өзім жасап көрмеске» деген ой келді, – дейді кейіпкеріміз.

Алғашында бұл істің қыр-сырын білмесе де, оюларды үйлестіріп құрастыруға ішкі түйсік болғанын айтады. Себебі бала күнінен анасының ою ойып, құрақ құрайтынын көріп өскен. Өзі де тігін тігуді меңгеріп, көрпе-жастық жасап үйренген. Сол бала күннен бойына сіңген ою-өрнекке деген жақындық әшекей жасауда да көмегін тигізді.

– Әшекей – жай ғана тізілген моншақ немесе тастар емес. Негізгі жұмыс – құрастыру. Әр бөлшек өз орнында тұруы керек. Ұсақ элементтерді сәйкестендіріп, бір идеяға бағындырғанда ғана бұйым «сөйлей» бастайды. Бір бөлшек үйлеспей қалса, бүкіл образ бұзылады. Сондықтан әр тастың, әр оюдың мағынасына мән беремін. Әр деталь үйлесім тапқанда ғана әшекейдің шынайы келбеті ашылады, – деп атап өтті қолөнерші.

Ұлттық нақыш күнделікті өмірде

Шебердің қолынан шыққан туындылардың ішінде ерекше сұранысқа ие болғаны – шаш қыстырғыш. Күнделікті тағуға ыңғайлы бұл аксессуар Қостанайда алғаш рет Жансаяның қолынан шыққан. Бірде қалалық қолөнершілер көрмесінде бұл бұйымға белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан қызығып сатып алған. Осыдан кейін тапсырыстар көбейіп, сәндік композиция Қазақстанның түрлі өңіріне жолдана бастады.

Бұрын ұлттық киімдер мен әшекейлер Наурыз мейрамында 1-2 күнге сәнге айналып, қалған уақытта сандықта жататын еді. Оның өзінде көлемді, ауыр алқалар мен сырғалар сұраныста болды. Ал қазір зергерлер жеңіл, әрі шағын, заманауи үлгідегі сотуарлар мен чокерлерді ұсынып жүр. Оларды тек мерекеде емес, күнделікті жұмысқа да, қонаққа да еш қысылмай таға беруге болады. Ыңғайлы, салмақ салмайды, бірақ ұлттық колоритін жоғалтпайды, – деп есептейді шебер.

Соңғы уақытта Жансая тұтынушыларына жаңа қолөнер түрін ұсынып жүр. Заман талабына сай жасалған оюлы түйреуіштер қазір ерекше сұранысқа ие. Әр түйреуіш алдымен ағаштан ойылып жасалады. Кейін арнайы бояумен әрленіп, үстіне лак жағылады. Толық кебіп, өңі бекіген соң ғана дайын сәндік зат ретінде ұсынылады.

Қазақ қызы ұлттық әшекей таққанда, оның болмысы тіпті айқындала түседі. Бұл – тек сән емес, бұл – тарих, бұл – біздің тамырымыз. Қыз-келіншектер ертеден түрлі зергерлік әсемдікке ерекше мән берген. Әшекейлер жасына, әлеуметтік мәртебесіне қарай таңдалған. Сырға, шолпы, білезік – әрқайсысының өз мәні, өз орны бар. Олар тек әдемілік үшін емес, тіл-көзден сақтап, қорғайтын белгі ретінде де тағылады. Сондықтан ұлттық әшекей – жай ғана аксессуар емес, ұлттың жадында сақталған код іспетті, – дейді ісмер ханым.

Шеберліктен – кәсіпкерлікке

Жансаяның шығармашылық жолы Қостанай қаласының қолөнершілер қатарына қосылудан басталды. Алғашында оны түрлі жәрмеңкелерге, мәдени іс-шараларға жиі шақыратын. Уақыт өте келе шебердің жұмысы тек облыс көлемімен шектелмеді. Ол Астана қаласында тұрақты өтетін «Анамның қолымен жасалған» форумына қатысып жүр. Бұл – «Ұмай» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы ұйымдастыратын ірі алаң. Бұдан бөлек Бішкек қаласындағы көрмеге қатысып, өз бұйымдарын таныстырып, тәжірибе алмасты. Мұндай ауқымды жиындарға қатысу кейіпкерімізге тек тәжірибе емес, үлкен сенім де сыйлады. Әр сапардан кейін тұтынушылар саны артып, тұрақты тапсырыс берушілер қалыптаса бастады.

– Алғашқы екі жыл бойы заттарымды үйден саттым. Тапсырыстарды әлеуметтік желі арқылы қабылдап, пошта арқылы түрлі өңірге жіберетінмін. Күні-түні жұмыс істеген кездерім де болды. Есте қалған ірі тапсырыстарым да аз емес. Мәселен, бір би тобына арнап 30 шекелік, 30 белдік, оған қоса сырға мен шашбау жасағаным бар. Уақыт өте келе сұраныс көбейіп, үйдегі шағын шеберхана тарлық ете бастады, – деп еске алады этностиль шебері.

Сөйтіп, өткен жылдың наурызында кәсіпкер келіншек қала орталығындағы сауда үйлерінің бірінен жеке бутик ашты. Бұл қадам оның ісін жаңа деңгейге көтерді. Ұлттық нақышты заманауи үлгіде ұсынған шебердің шағын бастамасы бүгінде тұрақты кәсіпке ұласып отыр.

Уақыт өте келе этностильді насихаттаушы тико тақия, яғни моншақтармен көмкерілген бас киім тігуді де қолға алды. Алғашында пішіні мінсіз шықпағанымен, арнайы сабақ алып, шеберлігін жетілдірді. Ою қиятын қос аппаратқа қомақты қаражат жұмсап, кәсібіне инвестиция да салыпты.

Қазір ою-өрнектерді тереңірек зерттеп танысып жүрмін. Әр өрнектің астарында қандай мән бар, қандай тарих жатыр – соны біліп, саналы түрде қолдануға тырысамын. Өйткені ою – жай өрнек емес, ол да тілсіз шежіре. Келешекте күмістен ою құятын арнайы кәсіби құрылғылар сатып алып, зергерлік бағытты дамытқым келеді. Түрлі оюларды өз қолыммен дайындап, ұлттық әшекейді жаңа деңгейге көтерсем бе деймін, – деп Жансая жоспарларымен бөлісті.

Көп балалы ана ретінде кейіпкеріміздің келесі мақсаты – қайтарымсыз 5 миллион теңгелік грантқа ие болу. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейтіп, өндіріс ауқымын арттыруды көздейді. Заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, зергерлік бағытты дамыту, ұлттық әшекейді кәсіби деңгейде шығару – оның алға қойған нақты жоспары.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77