Социум

Шипа мен шаттық сыйлаған Наурыз

Наурыз мейрамы облыстық балалар ауруханасының реабилитация және қалпына келтіру бөлімшесінде айрықша көңіл-күйде аталып өтті

Іс-шараның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – осы бөлімше қызметкерлері. Олар ем қабылдап жатқан балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуді мақсат еткен.

Қазіргі таңда бөлімде 60-тан астам бала ем алып жатыр. Олардың басым бөлігінде тілдің кеш дамуы, психологиялық ауытқулар, аутизм және Даун синдромы сынды диагноздар бар. Мамандардың айтуынша, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін мұндай мерекелер олардың көңілін көтеріп қана қоймай, әлеуметтік бейімделуіне де оң әсерін тигізеді.

Мерекелік бағдарлама аясында қазақтың салттарының бірі тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл жолы 10 айлық сәби Есения Торгунскаяның тұсауы кесіліп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Айта кетерлігі, бүлдіршін де осы бөлімшенің ем қабылдаушысы.

– Тұсаукесер рәсімінің мән-мағынасын жақсы білемін. Бұл – баланың алғашқы қадамына ақ жол тілеп, енді жүріп келе жатқан сәбидің жолын ашатын ерекше дәстүр. Сондықтан осы жердегі медбикелер ұсыныстарын айтқанда қатты қуандым. Арнайы дайындалып, ұлттық киім іздеп, барынша мән беруге тырыстық. Қызығы, қызымның өзі микрофонды таңдап алды. Соған қарап, әзілдеп, болашақта танымал әнші немесе медиа саласының маманы болар деп қоямыз. Қазір өзі жағалап жүріп, алғашқы қадамдарын жасап жүр. Ендігі үмітіміз – өздігінен нық жүріп, жүгіріп кетсе екен,– дейді анасы Любовь Торгунская.

Іс-шара барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылып, соңында көңілді дискотека өтті. Балғындар еркін билеп, шат-шадыман күйге бөленді. Сонымен қатар, ата-аналар мен балаларға бауырсақ таратылып, бүлдіршіндерге шағын сыйлықтар ұсынылды.

– Біздің бөлімшеде ем қабылдап жатқан балалар үшін тек медициналық көмек көрсетумен шектелмей, олардың психологиялық көңіл-күйіне де ерекше мән береміз. Осындай мерекелік іс-шаралар балалардың эмоциялық жағдайын жақсартып, әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Мұндай шаралар бөлімше ұжымы үшін дәстүрге айналған. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында да дәл осындай көңілді кеш ұйымдастырылған болатын. Осындай игі бастамалар арқылы медицина қызметкерлері тек ем-дом көрсетіп қана қоймай, балалардың өмірге деген құлшынысын арттырып, жүректеріне жылулық сыйлап келеді.

Назгүл Азатқызы
Суреттерді Облыстық балалар ауруханасы ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77