Біздің Қостанай Культура

Қостанай театрларында жаңа премьералар көрерменге жол тартты

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Биыл Қостанай облысының театрлары бұл күнді жаңа премьералармен қарсы алып отыр

Наурыз айында өңір сахналарында бірқатар тың қойылымдар ұсынылып, театр репертуары мазмұндық тұрғыдан байи түсті. Соның ішінде І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры сахнасында өткен «Шынайы ертегі» драмасының премьерасы көрермен назарын ерекше аудартты.

Сахнадағы шындық: ертегіден өмірге дейін

«Шынайы ертегі» шығармасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында сахналанды. Спектакльдің негізіне әлемге әйгілі поляк драматургі Януш Гловацкийдің «Замарашка» шығармасы арқау болған.

Қоюшы режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек бұл туындыны жай ғана ертегі емес, адам тағдыры, арман мен шындықтың тоғысуы ретінде қарастырады. Оның айтуынша, спектакль әсіресе жасөспірімдер үшін маңызды:

– Бұл спектакль – бала күннен таныс мейірімді ертегінің бүгінгі өмір шындығымен астасқан өзгеше нұсқасы. Мұнда оқиға ғажайып сиқыр заңымен емес, өмірдің қатал қағидаларымен өрбиді. Бұл қойылымды 13 жастан асқан мектеп оқушыларына көрсетсе артық болмас еді. Себебі сахнадағы тірі эмоция, адамның жан күйзелісін көру – мүлде бөлек әсер. Театр – тәрбиенің ерекше құралы, – деп есептейді режиссер.

«Шынайы ертегі» классикалық ертегінің қалыптасқан құрылымын бұзып, оны бүгінгі өмір шындығымен астастырады. Мұнда ертегідегі сарай орнын — әйелдер колониясы, ал оның кейіпкерлерінің орнын тағдыр тәлкегіне түскен жандар басқан. Олардың әрқайсысының өз «ертегісі» бар. Биік қабырға, темір есік пен суық тәртіп арасында өрбитін оқиға желісі үміт пен үкімнің, сенім мен сынақтың тартысын көрсетеді.

Спектакльдің идеялық маңызына баға берген Қазақстанның Халық әртісі, белгілі режиссер Талғат Теменов қойылымның басты мәнін адамгершілікпен байланыстырады:

Бұл туындының түпкі ойы – адам неге қатігез болады деген сұрақ. Оның жауабы – махаббаттың жетіспеуі. Қойылым осыны анық көрсете алды. Адам бойындағы мейірімнің азаюы, қамқорлықтың жетіспеуі қатыгездікке алып келетінін спектакль өте шынайы жеткізді.

Туындының мазмұндық тереңдігі режиссердің кәсіби тәжірибесімен тығыз байланысты. Қойылым жетекшісі Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек –театрда жарты ғасырға жуық еңбек еткен, ұзақ жылдар бойы шығармашылық ұжым басқарған тәжірибелі маман.

– 20 жылдан артық театр басқардым, балалар киностудиясын да жетекшілік еттім. Мәскеуде Анатолий Эфростан білім алдым. ХХ ғасырдың шоқтығы биік режиссерінің шәкірті болу – мен үшін үлкен мектеп. Сол алған білімімізді бүгінгі сахнада көрсетуге тырысып келеміз, – дейді театр маманы.

Қостанай сахнасындағы премьералар легі мұнымен шектелмейді. Көрерменге жол тартқан тағы бір туынды – табиғат пен адам арасындағы мәңгілік тартысты арқау еткен «Көксерек» спектаклі.

Табиғат пен тағдыр тартысы: сахнада «Көксерек»

Қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы «Көксерек» спектаклінің премьерасы Қостанай облыстық қуыршақтар театрында өтті. Мұхтар Әуезов әңгімесінің желісі бойынша қойылған шығарма көрерменге адам мен табиғат арасындағы күрделі байланысты жаңа қырынан ұсынды.

Бұл туынды жас режиссер Арайлым Кәрім үшін кездейсоқ таңдалмаған. Оның айтуынша, «Көксерек» – бірнеше жыл бойы көкейінде пісіп-жетілген ерекше шығармашылық ізденістің нәтижесі.

– «Көксерек» – төрт жылдан бері толғатып келе жатқан дүнием. Бұл қойылым арқылы біз кімнің ұрпағы екенімізді, азаттыққа қалай жеткенімізді, ешқашан бодан болмайтынымызды көрсеткіміз келді. Рухымыздың мықты екенін, арғы тегімізді тануды мақсат еттік, – дейді қоюшы-режиссер.

Қойылым барысында қасқырдың «екі әлем арасында» қалуы, яғни адам мен түздің ортасындағы арпалысы ерекше әсермен жеткізілген. Көксеректің ішкі жан қиналысы, өз болмысын таба алмай сенделуі сахналық шешімдер арқылы терең әрі әсерлі көрсетіледі. Адамға бауыр басқан Көксерек өзін ит сезінгенімен, тегін тануға деген ішкі үні оны табиғи жаратылысына қайта жетелейді.

Басты кейіпкер бейнесін сомдаған жас актер Әмірхан Бекзат үшін бұл рөл – шығармашылық жолындағы маңызды қадам. Қазіргі таңда ол – Қостанай өңірлік университетінің актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алып жүрген 2 курс студенті. Жарты жылдан астам театр сахнасында еңбек етіп келе жатқан ол «Көксерек» арқылы алғаш рет басты рөлді алып, өзін жаңа қырынан танытты. Рөлге бір ай бойы тыңғылықты дайындалған жас актер кейіпкердің ішкі драмасын жеткізуге бар күш-жігерін салған.

– Көксерек – менің алғашқы басты рөлім, дебютым. Бұл кейіпкер арқылы өзімді де, мүмкіндігімді де сынап көргім келді. Жалпы, табиғат заңына ешкім қарсы тұра алмайды. Қазақта «Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды» деген сөз бар. Осы ойды жеткізуге тырыстық, – дейді ол.

Қойылымға баға берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Қонысбек Бегайдаров та спектакльдің тәрбиелік әрі рухани мәніне ерекше тоқталды.

– Бұл – Мұхтар Әуезовтің терең астарға толы классикалық туындысы. Оның түбінде біздің қанымызда бар қасиет жатыр. Сақ дәуірінен келе жатқан рух, көк бөрінің тектілігі – біздің болмысымыз. Сол рух бүгінгі сахнада да көрініс тапты. Сондықтан көрерменді театрға жиі келіп, жан дүниесін байытуға шақырамын. Әріптестерге шығармашылық табыс тілеймін, – деді актер.

Спектакль көрерменге «Адам табиғатты өзгерте ала ма, әлде табиғат өз заңын орындата ма?» деген сауалды тағы бір мәрте алға тартады.
Осылайша, Қостанай сахналарында ұсынылған «Шынайы ертегі» мен «Көксерек» қойылымдары мазмұны жағынан әртүрлі болғанымен, көтерген мәселелері тұрғысынан өзара үндеседі. Бірі – қоғамдағы құқық, әділет пен адам тағдырының тартысын арқау етсе, екіншісі – табиғат пен адам болмысының арасындағы мәңгілік байланысты зерделейді. Екі туынды да көрерменді сырттай бақылаушы емес, сараптаушы деңгейіне жетелейді.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
cуреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77