Біздің Қостанай Социум

Тамырын терең жайған бәйтерек, немесе Санай Іркітбайұлының ынтымағы жарасқан әулеті жөнінде

Қазақ елінің тәуелсіздік алуы елден жырақта жүрген ағайындарды ерекше қуанышқа бөледі. Кімде болса атажұртты аңсайды емес пе. Олар осы сәтті қаншама уақыт асыға күтті.

Моңғолиядан атажұртқа оралды

Көп жылдар бойы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ғұмыр кешкен Санай ақсақалдың отбасы ол жақта ештеңеден тарлық көрген жоқ. Былайша айтқанда, ішкені алдында, ішпегені артында болды. Еңбекқор адам қайда жүрсе де қатарының алды болып, өзінің жанұясын асырай алады.

Отағасы ол жақта қарапайым ғана мамандық иесі – киномеханик атанып, айналасындағы ағайын-бауырлардың ыстық-ықыласы мен құрметіне кенелді. Жан дүниесі рухани жағынан кемел азамат негізгі қызметінен қолы бос кездері ат баптады. Сонымен қатар ұлттық құрал-жабдықтарымызға айрықша көңіл бөліп, киіз үй ағашын келістіре жасады.

Ал, айрандай ұйыған берекелі отбасының шырайын келтірген Әзей болса, күнделікті тынымсыз шаруашылықпен айналысып, отағасы мен жеті ұл- қыздарының жағдайын жасады. Оны сол төңіректегілер он саусағынан өнері тамған ісмерді айрықша ардақтады.

Мінезі көпке жағымды замандасымыз нағыз қолөнер шебері ретінде өзі ғұмыр кешкен ортада өте сыйлы кісілердің бірі болды десек, артық айтпаған болармыз. Өйткені, тігіншілікті жастайынан игерген аяулы жан кейінгілерге де үлгі-өнеге көрсетті.

Ерлі-зайыптылар ағайын-туыстың арасында өте беделді-тін. Оларды тек қана бір арман мен мақсат жиі мазалайтын. Бұл өздерінен тараған ұрпақтарын сонау шалғайда жатқан Қазақстанға аман-есен жеткізіп, оларды ана тілінде оқыту әрі ұлтымыздың намысты да жігерлі, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға етіп тәрбиелеу еді.

Сондықтан мемлекетіміз егемен ел атанып, кезінде солақай саясаттың кесірінен өзге елдерге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың ата-мекенге көш басын бұруына толық мүмкіндік туды.

Содан шаңырақ иесі әулетімен ақылдаса келе, ата-жұртқа қоныс аударуға шешім қабылдады. 1992 жылы тамыз айында олар Қостанай облысына қарасты Алтынсарин ауданының Қызылағаш деп аталатын ауылына табан тіреді.

Жергілікті қазақтар да оларға үлкен түсіністікпен қарап, құшақ жая қарсы алды. Әрине, олардың жер жағдайына сіңісіп кетуі де оңай болған жоқ. Алайда өздерінің көпшілдігі, бейнетқорлығы арқасында ауыл тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып кетті.
Солтүстікте жатқан Қостанайдың да басқа аймақтардан өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда қыс ұзақ, кейде жеті айға дейін пешке от жағуға тура келеді. Соның бәріне де төзді. Шыдамдылық танытты.

Көктем мен күз мезгілдеріндегі жауын-шашынға да бойлары әбден үйренді. Санай ағамыз өзге елден келдік деп ешкімге алақан жайған жоқ. Шиеттей бала-шағасын ештеңеден тарықтырмау үшін кейбіреулер секілді сауда-саттықпен де айналысты.

Бұл бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, экономикамыз енді-енді қалыпқа түсіп, ел еңсесін көтере бастаған қиын уақыт-ты. Барлық ауыртпалықты қостанайлық бауырларымен бірге көрді.

Балалары елге танымал азаматтар

Арада жылдар сынаптай сырғып өтіп жатты. Санай ағамыз бен Әзей замандасымыздың ұл-қыздары да бір-бір шаңырақты тербетіп, отағасы мен отанасы тамырын тереңге жайған үлкен бәйтерекке айналды.

Қарап отырсақ, олардың атажұртқа келіп, туған еліміздің толыққанды азаматтары атанғандарына да отыз жылдан асты. Олар өздерін қай салада болмасын жан-жақты көрсетіп, ата дәстүріміздің өркендеп, тіліміздің биік тұғырына көтерілуіне аянбай ат салысты.

Бұл күндері Санай ақсақал бәйбішесімен Қостанай шаһарына жақын орналасқан Заречный кентінде ғұмыр кешіп жатыр. Тобыл-Торғай өңіріндегі ағайындарымызбен құда-құдандалы болды. Ұлдары келін түсіріп қуантса, қыздары өрістерін кеңейтіп, бақытты жанұялар атанды.

Жоғарыда айтып өткендей, бұл әулетте өскен перзенттері ата-анасының нағыз ауырын жеңілдеткен, абырой-беделдерін асқақтатқан отбасылары. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлдары ес білгеннен кісі алдынан көлденең кесіп өтпеді. Ешкімнің алдына шықпады. «Алғыспен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген қағиданы ұстанды.

Мәселен, таратып айтатын болсақ, шаңырақтың тұңғышы Мейрамбек ұлтымыздың аяулы қызы Балнұрмен тағдырын қосып, кейінгі бауырларына бағыт-бағдар беріп келеді. Олардың отбасындағы перзенттері де әке-шешесінен көргенін істеп, бойларына ата-бабамыздан мирас болған қазақы қасиетті молынан сіңірді.

Әулеттегі жалғыз қыз бала Айнұр да кішкентайынан елгезек, тілалғыш болып, ата-анасының қолғанаты атанды. Үйдің шаруасына көмектесіп, шешесінің жұмысын жеңілдетті. Бойжеткен соң ұлтымыздың жайсаң мінезді жігіті Алпыспен жеке шаңырақ көтеріп, алтын асықтай балаларының тіршіліктегі ақылшысы болып отыр.

Заңғар болса, Арқалық өңірінде туып өскен инабатты да ибалы Гүлжан есімді арумен отбасын құрып, әке-шешесінің ақ батасын алды. Қазір олардың жанұясындағы Санжар және Сардар есімді қос ұлдары көз қуаныштары. Зайыбы филология саласының білікті маманы.

Шаңырақта өзіндік орны бар Дәркенбай інімізді қазақ гимназиясында оқып жүрген шағынан білемін. Елгезек бауырымыз көрген жерде сәлемдесіп, інілік-ілтипатын танытып жатады. Сүйіп қосылған жары Ақмарал екеуі төрт баланың өнегелі ата-анасы.

Одан кейінгі Алтынбек келіншегі Римамен ынтымағы жарасқан жанұя. Бұлардың отбасында да үш бала тәлімді тәрбие алып, білімге, үлкенді сыйлауға талпыныс жасап жатқандары қуантады.

Тұлпар да әке-шешесінің ерекше үміт күткен ұлының бірі. Ол қашан да атына заты сай болуға талпынады. Ат ұстап, көкпар баптайды. Өмірлік серігі Әдетпен сыйластықтары өзінен кейінгілерге үлгі. Бұл жанұядағы тәрбиеленіп жатқан қос баланың да болашағы жарқын.

Әулеттің сүт кенжесі Дүлдүлбек ағаларының бір сөзін екі етпейді. Әке-шешесінің жанынан табылып, оларға құрмет көрсетуді өзінің парызы санайды. Ол тағдырын қосқан қазақ қызы Қымбат та ұлтымыздың асыл-қасиеттерін жоғары қояды. Екі перзенті тәуелсіз Қазақстанның нағыз жанашыры болатын тұлғалар болып қалыптасса деп армандайды.

Өнерлі өрге жүзер

Әр отбасындағы ұлтымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпын берік ұстанатын ардақты да аяулы апаларымыздың орны қашан да бөлек. Бүгін әңгімеміздің арқауына айналған әулетте үнемі жылы жымиып, дидарынан шырайлы шуақ төгіліп тұратын Әзей ананың да ұрпақтары мен келіндеріне ғибрат болар қырлары жетерлік.

Ол қыз бала болашақ бір жанұяның алтын діңгегі деп есептейді. Сол себепті жүрегі нәзік жандардың қонақтарын қабақ шытпай қарсы алып, дәмді тағамдар дайындаумен қатар, қолдарынан тігіс тігу, ою-өрнек салу, басқа да үй ішіне сән берер пайдалы нәрселермен шұғылданса, ұтары мол екендігін әрдайым назарда ұстады.

Ақ жаулықты ана сый-құрметке лайықты, ісмер жан болған соң қызы Айнұр мен келіндері де өзіне ұқсап бағуға тырысты. Шаңырақтың тұңғышы Мейрамкүлдің келіншегі Балнұр да енесі секілді халық алғысына бөленген.

Жүзінен ибалылықтың иісі аңқып тұратын Балнұр бұрын облыс орталығындағы аты ерте шығып, елге кеңінен танылған «Сұлтан» сән ательесінде абыроймен жұмыс істеп, талғампаз жұртшылықтың ризашылығын алған-ды.

Мол тәжірибе жинақтап, шеберлігі әбден шыңдалған соң, өз алдына жеке кәсібін дөңгелетіп, ұлттық киімдерді жаңғыртуға айрықша назар аударып келеді. Өзінің шығармашылық қиялы мен оқыған-тоқығаны бұл орайда көмегін тигізгені даусыз.

Сондай-ақ, Әзейдің сүйікті қызы Айнұр мен Дәркенбайдың келіншегі Ақмарал да тынымсыз ізденіс үстінде. Бұлар кәдімгі ұлтымыз ежелден ерекше жоғары қоятын әрі бұрыннан қазақты қыста суықтан, аптапты ыстықтан сақтайтын баспанамыз болған киіз үйдің жабдығын тігеді. Бұл да кез-келген қыз-келіншектің қолынан келе бермейтіні айдан анық.

Өздері жайлы сыр шертіп отырған ұлағатты Санай ағамыздың әулетін шын мәнінде өнер қонған шаңырақ десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, Сәкең мен оның құдай қосқан қосағы Әзей де жастайынан ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын, жансарайы рухани жағынан кемел кісілер болып қалыптасқан-ды.

Моңғолияда тұратын қандастарымыз да қазақтың қара домбырасы мен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, мәдениетімізді ардақ тұтатын ағайындар екендігін жақсы білеміз. Олардан алар үлгі өнегеміз жетерлік. Нанбасаңыз сол жақтан арамызға қосылған кез-келген бауырларымыздың үйіне бара қалсаңыз бірден төрде ілулі тұрған домбыраны көресіз.

Бұл отбасында тәрбиеленген балалар да ата-анасына еліктеп, солардай әмбебап болып қалыптасуға ерекше ден қойды. Аталмыш жанұядағы тағылым алған ұрпақтарының кейбір шығармашылықтағы жетістіктеріне де қысқаша шолу жасап өтелік.

«Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, Заңғар ініміз отбасындағы тағылымды тәлім-тәрбиені былай қойғанда, мектеп және жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде өзінің келешегінен үлкен үміт күттірер дарынды жас екендігін байқатты.

Күнделікті сабақ пен оқуды айтпағанның өзінде, жас жеткіншектер арасындағы айтысқа қатысып, сөз өнеріне бейімділігін айқын дәлелдеді. Бұл орайда тәлімгері, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркеновадан түйгені мол. Осы күнге дейін талай додаларда топ жарған ұстазының адамгершілік қырлары мен шеберлікке баулыған шақтарын айтудан еш жалыққан емес.

Есімі көпке белігілі дарынды азамат Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика факультетін аяқтады. Студент кезінде кәсібіне деген құштарлығын танытып, қатар құрдастарының арасында кішіпейілдік, үлкенге деген құрмет секілді жақтарымен көзге түсті.

Қолына диплом алған соң өзінің журналистік еңбек жолын «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында қатардағы тілшіліктен бастады. Өңірдегі қызметінде әбден ысылып, өзін кәсіби жағынан көрсеткен соң елордамыздағы «Астана» телеарнасына меншікті тілші ретінде жұмысқа шақырылды. Мұнда да маңызды хабарлар мен бағдарламалар дайындап, өзін тынымсыз ізденіс үстіндегі әріптес ретінде көрсетті.

Уақыттың бағасын білетін, ұлтжанды да іскер жігіт талай рет мәртебелі марапаттарға ие болды. Өткен жылдарда кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Журналистер арасында өткен республикалық «Нұр-Сұңқар» байқауының екі мәрте дипломанты. Қостанай меценаттар клубы тағайындаған «Шабыт» сыйлығының лауреаты. Осы марапаттар оны жігерлендіріп, шығармашылық толағай табыстарға жетеледі.

Сондай-ақ, есімі өңір жастарының «Алтын» кітабына енді. Парасатты азамат осы құрметті өзіне жүктелген жауапкершілік пен аманат деп түсінді. Жыл өткен сайын қарым-қабілеті бұрынғыдан да шарықтамаса, еш төмендеген емес.

Өзіне үлкен сенім артылып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесі артып, өңірде оның қолданылу аясының кеңеюіне лайықты үлес қосты. Үстіміздегі жыл әріптесіміз үшін үлкен қуанышпен басталды. Ол «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Қостанайдағы филиалының директоры болып тағайындалды.

Заңғардың бір інісі Дәркенбай да ғұмырын өнерге бағыштады. Қостанайдағы жоғары оқу орнын аяқтап, музыкалық білім алды. Қазіргі таңда Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияға қарасты дәулескер күйші Назымбек Молдахметовтың есімі берілген ұлттық оркестрдің белді мүшесі.

Дәркенбайдың отбасы да руханиятқа жақын. Оның бір ұлы Дінмұхаммед әсем қала Алматыдағы «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қаншама таланттарды түлетін ұшырған киелі өнер ордасы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мектепте тәлім алды. Әкесі секілді болашағынан үлкен үміт күттіретін күйші.

Санай ақсақалдың отбасының ұйытқысы болып отырған алғашқы перзенті Мейрамбек ініміздің аяулы қызы Айжан да жоғарыда аталған филармонияның танымал әншісі. Қостанайда дәстүрлі әндерді әуелете орындайтын дарынды жас ретінде белгілі.

Әрине, кімге болсын кіндік қаны тамған жер ыстық екені аян. Отағасы Санайдың жастық шағы бірге өткен қимас бауырлары, тай-құлындай тебісіп өскен құрдастары Баян-Өлгей өңірінде қалды. Олармен туыстық қарым-қатынастарын үзілген емес. Барыс-келіс жасап тұрады.

Саналы ұрпақтарын тәрбиелеген Әзей өте қонақжай. Оның өзіне тірек санайтын бір інісі Бақдәулет Қостанай шаһарына таяу жерде орналасқан Жданов деп аталатын құтты қоныстың тұрғыны. Отбасының берекесін келтірген ғазиз жан. Ата-бабамыздан келе жатқан әйел затына тән барлық салт-дәстүрімізге жетік. Балаларымен қатар келіндеріне де ақылшы ана. Немере-шөберелеріне ардақты әже.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77