Соңғы уақытта Қостанай облысындағы кәсіпкерлер тарапынан салық саласына қатысты өзекті мәселелер жиі көтерілуде. Әсіресе, цифрлық жүйедегі техникалық ақаулар мен салықтық жүктеменің артуы бизнес өкілдерінің алаңдаушылығын күшейтіп отыр.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының берген мәліметі бойынша, бұл проблемалар кәсіпкерлерге тек әкімшілік қолайсыздық туғызып қана қоймай, тікелей қаржылық шығындарға да әкелуде.
ЭСФ жүйесінде ақаулар бар ма?
Кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағымдардың бірі – электрондық шот-фактуралар жүйесіндегі техникалық іркілістер. Мәселен, кейбір серіктестіктерде басшы ауысқан жағдайда жаңа электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алынғанымен, кәсіпорын жүйеде көрінбей қалады. Нәтижесінде, кәсіпкер ИС ЭСФ-қа кіре алмай, өз қызметін толыққанды жүргізе алмай отыр.
Тағы бір өзекті мәселе – 328.00 нысаны бойынша деректердің көрінбеуі. Бұған дейін ИСНА жүйесі арқылы тапсырылған есептер ЭСФ жүйесінде шықпайды. Соның салдарынан сырттан әкелінген тауарларға қатысты СНТ-мен сәйкестендіру мүмкін болмай отыр. Ал заң бойынша бұл рәсім 10 күн ішінде жүргізілуі тиіс.
– Жүйедегі ақаулар салдарынан біз тауарды сата алмай отырмыз. Қоймада тұрған өнімді өткізуге мүмкіндік жоқ. Мұның бәрі де біздер үшін тікелей шығын, – дейді кәсіпкерлер. Шынында да, мұндай техникалық кедергілер сауда айналымын тежеп, кәсіпкерлердің табысын азайтуда.
Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, бұл жағдай тікелей техникалық ақау емес, мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасындағы өзара ықпалдастықтың ерекшеліктеріне байланысты. ЭСФ жүйесі басшы туралы мәліметтерді ЭЦҚ-дан тікелей алмайды, олар «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері арқылы жаңартылады.

Осыған байланысты мәліметтердің жаңартылуы 1-3 жұмыс күні ішінде, ал кейбір жағдайларда 5 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Сонымен қатар, ұйымның жүйеге кіруге арналған тізімде болмауы көбінесе ЭЦҚ-ның жарамсыздығына емес, пайдаланушының заңды тұлғаға байланыстырылмауына байланысты болады.
Мұндай жағдайларда кәсіпкерлерге жаңа басшының ГБД ЮЛ жүйесінде дұрыс тіркелгенін тексеру, деректердің синхрондалуын күту, сондай-ақ бұрын уәкілетті тұлғалар арқылы жүйеге кіріп, жаңа басшыға құқық беру ұсынылады. Қажет болған жағдайда esf.gov.kz порталында тіркеліп, техникалық қолдауға жүгінуге болады.
Тағы бір өзекті мәселе 328.00 нысаны бойынша деректердің ЭСФ жүйесінде көрінбеуі. Соның салдарынан сырттан әкелінген тауарлар бойынша СНТ-мен сәйкестендіру мүмкін болмай отыр. Ал заңнамаға сәйкес бұл рәсім 10 күн ішінде жүргізілуі тиіс.
– Жүйедегі ақаулар салдарынан біз тауарды сата алмай отырмыз. Өнім қоймада тұр, оны өткізу мүмкін емес. Бұл біз үшін тікелей шығын, – дейді кәсіпкерлер.
Мамандардың айтуынша, деректер алдымен ИСНА жүйесіне түсіп, кейін ЭСФ жүйесіне жіберіледі. Егер осы кезеңде кідіріс болса, импорт фактісі расталмай, тауар айналымы тоқтайды. Мұндай жағдайда кәсіпкерлерге БИН деректерін, ТН ВЭД кодтарын, нысан мәртебесін тексеріп, техникалық ақауларды міндетті түрде тіркеу ұсынылады. Егер мәселе мемлекеттік жүйелердің жұмысынан туындағаны дәлелденсе, бұл салық төлеушінің кінәсі ретінде қарастырылмайды.
– Қазіргі таңда кәсіпкерлерден түсіп жатқан өтініштер негізінде түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Әрбір жағдай жеке қаралып, техникалық ақаулар тіркелген жағдайда кәсіпкерлердің құқықтары қорғалады. Сондықтан бизнес өкілдеріне туындаған мәселелер бойынша уақтылы хабарласып, ресми түрде өтініш қалдыруды ұсынамыз, – деп атап өтті түсіндіру жұмыс жүргізу және байланыс орталығының басқарма басшысы Зарина Бекмұхамедова.
Түсініксіз талаптар көп
Салық есептілігінің 493.00 нысаны да кәсіпкерлер арасында көптеген сұрақ тудырып отыр. Әсіресе, жүк тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлер үшін талаптар түсініксіз. Мәселен, жүк тасымалдайтын жеке кәсіпкерлер 493.03 қосымшасын тапсыруы тиіс пе? Жеке тұлғаларға көрсетілген қызмет (яғни бөлшек тасымал) қалай көрсетілуі керек?
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 56-бабының 6-тармағына сәйкес, тасымалдау қызметін көрсететін ұйымдар есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей көрсетілген қызметтер туралы мәлімет ұсынуға міндетті.
Осы талап негізінде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 493.00 салық есептілігі нысаны енгізілді. Қаржы министрлігінің бұйрығымен бекітілген бұл есеп тоқсан сайын «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы электронды түрде тапсырылады.
Құжат құрылымы да қарапайым емес. Негізгі нысанмен қатар бірнеше қосымша бар. Соның ішінде 493.03 қосымшасы автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған. Алайда талаптардың кең ауқымда қолданылуы кәсіпкерлер арасында сұрақ тудырып отыр. Өйткені бұл есеп үшінші тұлғаларға көрсетілетін барлық тасымалдау қызметтеріне, оның ішінде халықаралық жүк тасымалына да міндетті түрде толтырылады.

Бір қарағанда техникалық талап сияқты көрінгенімен, іс жүзінде бұл — қосымша әкімшілік жүктеме. Мәселен, бір ТТН (TTH/CMR) бойынша бірнеше тауар тасымалданса, әр тауар атауы жеке-жеке көрсетілуі тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, есептіліктің өзі қажет болғанымен, оның талаптары барынша түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Әйтпесе, цифрландыру кәсіпкерге жеңілдік әкелудің орнына, керісінше, қағазбастылықтың жаңа түріне айналуы мүмкін.
Осылайша, жүк тасымалдау және жеткізу қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен серіктестіктер үшін 493.00 нысаны міндетті болғанымен, оны қолдану барысында туындаған мәселелер әлі де жүйелі шешімді қажет етеді.
Салық амнистиясы кімдерге тиімді?
Кәсіпкерлер көтерген тағы бір мәселе – салық амнистиясына қатысты. Атап айтқанда, 2025 жылғы 10 желтоқсанда есептелген айыппұлдардың кейбірі уәкілетті органдар тарапынан амнистияға жатқызылмай отыр.
Бұл ретте бизнес өкілдері нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрайды. Өйткені заң нормаларының әртүрлі түсіндірілуі кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік туғызуда.
Медицина саласына түсетін салық жүктемесі
Ең өткір мәселелердің бірі – медицина саласындағы салық саясаты. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір медициналық ұйымдар қызмет ерекшеліктеріне байланысты автоматты түрде орта бизнес субъектілеріне жатқызылып отыр. Бұл, әсіресе, ауыр науқастарды емдеу барысында қолданылатын наркотикалық препараттар мен прекурсорлардың есебіне байланысты туындап отыр. Соның салдарынан, 2026 жылдан бастап — ҚҚС 5%, 2027 жылдан бастап — ҚҚС 10%, сондай-ақ табыс салығының да өспек.
Сала өкілдерінің пікірінше, мұндай салық жүктемесі медициналық ұйымдардың дамуына кері әсер етеді.
– Жаңа технологияларды енгізуге, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік бермейді. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға қызмет көрсету қиындай түседі, – дейді медицина саласының өкілдері.
Осыған байланысты кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметтерді, әсіресе зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қызметтерді ҚҚС-тан босату мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.
Жүйелі шешім қажет
Жалпы алғанда, көтерілген мәселелер бірнеше бағытты қамтиды – цифрлық жүйелердің тұрақсыз жұмысы, есептілік талаптарының күрделілігі, салық жүктемесінің артуы. Сарапшылардың пікірінше, бұл түйткілдерді шешу үшін – ақпараттық жүйелерді жетілдіріп, заңнаманы нақтылап, кәсіпкерлермен кері байланысты күшейту қажет.
Кәсіп – ел экономикасының тірегі. Сондықтан бизнестің тынысын тарылтпай, керісінше, оның дамуына қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді кейіпкерлер ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
