Біздің Қостанай Здравоохранение

Бала дамуындағы ерекшеліктерді еңсеруде ерте оңалтудың маңызы

Қазіргі таңда балалардың дамуындағы түрлі ерекшеліктерге байланысты арнайы көмекке қажеттілік артып келеді. Осыған орай облыстық балалар ауруханасының оңалту және қалпына келтіру бөлімшесінде ерте жастан бастап кешенді көмек көрсету жүйесі жолға қойылған.

Бұл жерде қимыл-қозғалыстың кешігуі, сөйлеу қабілетінің тежелуі, психологиялық дамуында кідірісі бар, сонымен қатар церебральды паралич, Даун синдромы сынды диагнозы бар балаларға жан-жақты ем жүргізіледі. Жыл сайын бөлімшеде 1000-ға жуық бүлдіршін арнайы емдеу курстарынан өтеді. Бөлімше меңгерушісінің айтуынша, соңғы жылдары сәбилерді ерте кезеңнен қамтуға ерекше көңіл бөлінген.

– 2024 жылы «Қамқорлық» және Тұңғыш Президент қорының қолдауымен 0-3 жас аралығындағы сәбилерге арналған оңалту бөлімі толық жабдықталды. Бұрын біз кішкентай науқастарды тек 1 жастан бастап қабылдайтын болсақ, қазір 6 айдан бастап ем жүргіземіз. Себебі, өкінішке қарай, бүгінде моторлық және психо-сөйлеу дамуы бұзылған балақайлардың саны көбейіп отыр, – дейді Гүлбарам Нұраханова. – Бізде бір мезгілде 60-65 бала ем қабылдай алады. Емдеу процесі кезең-кезеңімен жүргізіледі, жылына 17 қабылдау легі ұйымдастырылып, әр курс 21 күнді қамтиды.

Бұл жерде әр балаға жеке оңалту бағдарламасы құрылады. Емдеу барысында олармен логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт сынды мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар емдік дене шынықтыру, массаж, логомассаж, сенсорлық терапия сияқты қосымша ем түрлері де қарастырылған.

«Әр кішкентай жетістік – біз үшін үлкен жеңіс»

Бөлімшеде ем алып жатқан әр пациенттің өз оқиғасы бар. Солардың бірі – Даун синдромымен дүниеге келген 10 жастағы Інжу Қабден.

– Дәрігерлер «балаңыз ерекше» дегенде мен ештеңе түсінбедім. Ондай диагноз туралы бұрын естімегенмін. «Дамуында ақаулар болуы мүмкін, қорықпаңыз, емдетуге болады, ондай балалар да жақсарып кетеді» деді. Сонымен жағдайды қабылдап, баламды алып ауылыма бардым, – деп еске алады анасы Айткүл Қалиева. – Үйдегілер де бұл диагнозды бас кезде онша түсінбеді. Олардың ойынша ауру бала шырқырап жылау керек, ал бұл болса, тып-тыныш боп ұйықтай беретін. 1 жастан асқан кезде аяқ-қолының тартылуы біліне бастады.

Інжу кішкентайынан әлсіз, аурушаң болыпты. Сол себепті де 3 жасқа дейін оңалту шараларын қабылдауға да мүмкіндік болмаған.

– Қызымда туа біткен пневмония болды, жиі ауыра берді. Шамалы салқын тисе, ұзақ науқастанып қалатын. Кейін иммунитеті тұрақталғасын ем іздеп, қай жерге мүмкіндік бар, сол жерді жағалап жүрдік, – дейді Інжудің анасы. – Алғаш рет Астанада реабилитациядан өткеннен кейін өзгерістер байқала бастады. Бұрын денесі қисайып, аяғын бір жағына басып жүретін еді, біртіндеп жүрісі нығайды. Бет бұлшықеттері де әлсіз болды, тамақты дұрыс шайнай алмайтын, суды тек бөтелкемен ішетін. Өздігінен тамақ жеуді, суды ыдыстан ұрттап ішуді үйренді.

Дегенмен, қиындықтар әлі де бар. Інжу сөйлемейді, айтқанды толық түсінбейді. Өздігінен жүріп кетсе, үйді таба алмайды. Сондықтан да анасы күні-түні бір елі қасынан ажырамайды.

Ол өте сенгіш. Егер көшеде бейтаныс біреу құшақтап қолынан ұстаса, еріп кете береді. Сол үшін үнемі жетектеп, бір сәт те қараусыз қалдырмауға тырысамын, – дейді Інжудің анасы. – Қызымды 41 жасымда дүниеге әкелдім. Мүмкін, кеш босанғанның да әсері ме деп ойлаймын. Кейде жүктілік кезінде өзімді күтпедім бе деп те ойлаймын. Ауылдың тірлігі тоқтамайды ғой, босанғанша бар шаруаның басы-қасында өзім жүрдім. 40 жастан ассам да, жүктілігім жеңіл өтті, өзімді жақсы сезінген соң, денсаулығыма аса мән бермедім.

Қазір олар Қостанай қаласында тұрады. 2024 жылы кезек арқылы баспана алып, қалаға қоныс аударған. Бұл өз кезегінде бүлдіршіннің емді тұрақты түрде алуына мүмкіндік береді. Дәрігерлердің айтуынша, жүйелі түрде жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуге болады.

– Інжумен емдік дене шынықтыру аясында тұрақты жұмыс істеп келеміз. Алғашында жүгіру жолындағы жаттығуды 8 минуттан бастадық, қазір оның ұзақтығын біртіндеп арттырып жатырмыз. Талпынысы жаман емес, ақырындап шыдамдылыққа үйреніп келеді, – дейді емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Вероника Самуйлова.

Ерте басталған ем – ең дұрыс шешім

Бұл бөлімшеде ем алып жатқан тағы бір кішкентай балақай – 10 айлық Есения Торгунская. Анасы баласының дамуындағы ерекшелікті ерте байқапты.

– 5-6 айында тек бір жағымен ғана қимылдайтынын аңғардым. Мысалы, ойыншықты оң қолымен алып, сол қолына беретін. Яғни оң жағымен көп жұмыс істемеді, – дейді ол.

Дәрігерлер балаға гипертонус диагнозын қойған. Осы уақытқа дейін массаж бен емдік дене шынықтыру курсынан өтіпті.

– Көп аналар баласының бойындағы ауытқушылықтар жайлы учаскелік дәрігерге айтқанда, «әр бала әртүрлі дамиды немесе өзі кетеді» деген сияқты жауап алады. Сол себепті сәбиімді ақылы түрде қарайтын маманға көрсетуге тура келді, сол кезде ғана нақты диагноз қойылды. Өкініштісі, бағалы уақыт жоғалады. Ал көптеген диагноздан дәл ерте жаста айығуға болады. Сондықтан ең бастысы – уақыт өткізбеу. Балам есейгенде ешқандай салдары қалмасын деп, бірден емдеуді бастадық. Ерте байқағанымызды үлкен мүмкіндік деп санаймын. Қазірдің өзінде нәтижесі байқалады, екі қолын да бірдей қимылдатып жүр, – дейді Любовь Торгунская.

Есения қазіргі уақытта бөлімшеде кешенді ем алып жатыр. Оның ішінде массаж, емдік дене шынықтыру, эрготерапия және сенсорлық бөлмедегі сабақтар бар. Мамандардың айтуынша, мұндай әдістер жас сәбидің қозғалыс белсенділігін арттырып, бұлшықеттерінің бірдей дамуына ықпал етеді.

Тәжірибеде ерте жастан басталған оңалту шаралары көп жағдайда үлкен нәтижеге жеткізеді. Кейбір балалар тіпті толықтай қалыпты өмірге оралып жатады.

– Мысалы, бір қыз бала бізге 3 айынан бастап келді. Туу кезінде жарақат алып, иық тұсындағы жүйке зақымданып, қолы мүлде қозғалмай, салбырап тұрды. Ол бізде әр 2-3 ай сайын ем қабылдап отырды. Нәтижесінде қалпына келуі 99 пайызға жетті. Қазір балабақшаға барып жүр. Сондықтан бала 3 жасқа дейін емді бастаса, оң динамика өте жоғары болады, – дейді бөлімше меңгерушісі.

Гүлбарам Нұраханованың айтуынша, барлық балалардың жағдайы бірдей емес. Кейбірінде тек даму қарқынының кешігуі байқалады.

– Кей балалар қатарластарына қарағанда кеш жүріп, кеш сөйлейді. Ақыл-ой дамуында мәселе болмаса да, 3 жасқа қарай дамуында кідіріс байқалуы мүмкін. Дер кезінде көмек көрсетілсе, бала уақыт өте қатарын қуып жете алады, – дейді ол. – Қазір тілі кеш шығатын балалар көп. Бұған ата-ананың аз уақыт бөлуі, генетикалық бейімділік және балалардың телефонға тәуелділігі әсер етеді, – дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, нәтиженің 80 пайызы ата-ананың еңбегіне байланысты. Себебі бала тек орталықта ғана емес, үйде де тұрақты түрде жұмыс жасауды қажет етеді. Ең бастысы – уақытында көмек көрсету, сенім мен төзім.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
cуреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77