Ерең ерлік ұмытылмайды, ұлықталады!
Жәңкебаев Бекмағамбет 1941 жылы аттанған болатын. Жәңкебаев Бекмағамбет 1913 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Калинин ауылында дүниеге келген.
17 жасқа толғанда әскерге алынған Бекмағамбет ата, алғашында Нижний Тагильде 4 ай оқып, жаттығудан өтеді. Сол жылы Сталинград шайқасына аттанады. Кейін Польша, Румыния,Чехославакияны азат етуге қатысады. Бекмағамбет атамыз ерлігі үшін10 бірдей марапатқа ие болды.
– Атам 1946 жылы елге аман-сау оралып, үй іші қуанышқа кенеліпті. Соғыстан келген соң Бекмағамбет атам Мәриям әжеммен бас қосып, үлгілі жанұялардың бірі атанған. Злиха, Таңатқан, Күлбаршын, Дәмежан, Нұрмағамбет және Ермағамбет сынды ұл-қыздарын тәрбиелеген. Кәсібінен нәсібін теріп еңбегімен еленген атамыз еңбек ері атанды. 21 немересі, 24 шөбересі, 5 шөпшегі бар. Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс тойына омырау толы медалін тағынып жиындарға қатысып жас жеткіншектерге өз батасын беруші еді. Ол кез де оралмасқа кетті, – дейді ардагердің немересі Алмагүл Жаңкебаева.
Жаңкебаев Бекмағамбет атамыздың ерліктеріне айғақ болатын көптеген құжаттары бүгінде мұражайда сақтаулы.
Исмайлов Аяхмет 1922 жылы 5 наурызда Торғай облысында дүниеге келген. Руы-қарамойын.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Жанкелдин ауданы әскери комиссариатының шешімімен әскерге жарамды деп танылып, жауынгерлер қатарына ілінеді. 615-атқыштар полкінде атқыштар құрамында болып, Украина жерінде 1942 жылдың наурызынан 1943 жылдың қаңтар айына дейін соғысады. Оң жақ аяғынан ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедек болып оралады.
Жарасы жазылғаннан кейін Жаңақоныс ауылдық кеңесінің секретары болып қызмет атқарады. Ал, 1950 жылы ауылдық кеңесінің төрағасы, 1953 жылы аудандық ағарту бөлімінің шешімімен «Алғабас» савхозындағы оқу үйінің меңгерушісі болып тағайындалады. Одан кейінгі жылдарда Арқалық пос совет төрағасының міндетін атқарушы, кітапхана меңгерушісі, «40 лет Казахстана» совхозының №7 фермасының, Абай савхозының №3 бөлімшесінің басқарушысы қызметін атқарады. 1973 жылы «Абай» савхозының басқармасы қызметіне тағайындалып, 1975 жылы «Абай» савхозында кассир болып қызмет атқарды. 1991 жылы зейнеткерлікке шықты.
– Мен атамның ерлік істерін әрқашан жолдастарыма насихаттаймын. Аяхмет атам соғыстағы от кешкен жылдарын естелік етіп маған айтып беретін. Ешқашан соғыс болмасын деп тілеп отыратын. Ерлігін әрқашан үлгі тұтамын, – дейді ардагердің немересі Сұңқар Аяхметов.
Исмайлов Аяхмет Ұлы Отан соғысының 2 дәрежелі Орденімен, 1980 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, «60 лет Вооруженных сил СССР» медалімен, 1996 жылы Г.К.Жуов медалімен, Ұлы Отан соғысының 20, 25, 30, 40, 50, 55 жылдығы мерекелік медалімен мараптталған.
Өмірінің соңғы жылдары Қостанай қаласында тұрған. 2001 жылы дүниеден өтіп, Құмкешу ауылына апарылып жерленген.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77