Онда тіл мамандары бақ сынады
Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Халқы тілдері мерекесі күніне орай оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы-2019» облыстық байқауы болып өтті.
Байқаудың басты мақсаты – Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру.
Оқытушылардың оқыту шеберлігін насихаттау, ересектерге мемлекеттік тілді оқытып жүрген, шығармашылықпен айналысатын оқытушыларды анықтау, қолдау, олардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру, озық тәжірибелерді игеруіне ықпал ету.
Байқауға облысымыздың сегіз өңірінен білікті тіл үйретуші оқытушылар қатысты.
Қатысушылардың өткізген әрбір сабағы қазақ тілін үйренемдеушілер үшін жеңіл әрі қызықты екендігі байқалды. Барлық қатысушылар өздерінің оқытушылық ісінде заманауи технологияларды кеңінен пайдаланды.
Аталмыш байқауды ұйымдастырған басқарманың бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменованың айтуына қарағанда, мұндай байқаулар тіл мамандарының білімін жан-жақты толықтыруларына зор ықпал етеді.
Сонымен қатар олар бір-бірімен тәжірибе алмасып, қазақ тілін үйренемін деген жандарға жаңа технологияларды пайдалана отырып, тез игеріп кетуіне көмектесе алады.
Сондай-ақ тіл мамандарының кәсіби шеберліктерін арттырады.
Байқау қорытындысы бойынша Сырым Жанжігітов, Жансая Қазымова және Дина Тубулбаева байқаудың арнайы номинацияларына ие болды. Ал жүлделі үшінші орын Арқалық қаласынан келген Жазира Смағуловаға бұйырды.
Екінші орынды «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Нұрбекова иеленді.
Ал бірінші орынды көпшілікке өзінің қазақ тілін үйретудегі жаңашылдығымен танылған Рудный шаһарының тіл маманы Жанат Досубаева жеңіп алды. Қалған қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар табыс етілді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77