Здравоохранение

Ақ халатты абзал жан

Қалалық №1 емхананың жас маманы Ардақ Дарменова жайында

Адам жанының арашасына айналған абзал ақ халатты жандардың еңбегі ерең десек болады. Үлкен жауапкершілік пен білімді талап ететін осынау мамандықты екінің бірі таңдай бермейді. Бұл мамандықтың иесі атану үшін алдымен асқан білім сосын үлкен төзім қажет екені анық. Жоғары оқу орнында 10 жыл қатарынан біліп алып, еңбекке кірісетін жандардың шыдамдылығы мен сол мамандыққа деген адалдығына еріксіз таң қаласың.

Міне, осындай шыдамды да білімді жандардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім Ардақ Дарменова десем қателеспеген болармын. Ардақ қаламыздағы №1 емхананың жалпы тәржірибе дәрігері.

Ол Түркістан облысына қарасты Жаңашілік деген ауылда дүниеге келген. Кейін Кентау қаласындағы «Дарын» мектебінде оқып, бітірген. Мектіпті аяқтаған соң әкесі Керімбек Дәрменұлының қалауымен медицина саласына Нұр-Сұлтан шаһарындағы медицина университетіне грантқа оқуға түсіп, онда 10 жыл білім алды. Университетті аяқтаған бетте арнайы жолдамамен Қостанай қаласына дәрігер болып жұмысқа орналасады. Жас маман болып келген дәрігерді мұндағы ұжым жылы қарсы алып, қолдарынан келгенше көмектерін аямады.

Бұл ретте Ардақ жас маман болып келгенде бағыт-бағдар беріп, ерекше ықылас танытқан Лариса Ермолинамен бүгінде өзінің білгенін үйретіп, әрдайым оның білікті дәрігер ретінде қалыптасуына көмек көрсетіп жүрген бөлім меңгерушісі Гүлниса Саттароваларға үлкен алғысын жеткізді. Осы кісілердің арқасында көп нәрсені үйреніп, өзінің ісін мүдірмей алып кеткенін үлкен ризашылықпен жеткізді.
Ардақтың отбасында алты бала тәрбиеленді. Олардың үшеуі медицина саласында қызмет етіп жүр. Ата-анасы Рахия Алпысбайқызы мен Керімбек Дәрменұлы екеуі де көп жылдар қатарынан есепші қызметін атқарған абзал жандар. Алты баланы дүниеге әкеліп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, немере сүйіп отыр. Балаларына үнемі білімді болыңдар, мамандық таңдағанда адаспай жүректеріңе жақын кәсіппен айналысыңдар деп ақыл-кеңесін беріп отырады екен.

Бүгін де олар өздерінен алысқа кетіп, бір қалада дәрігер болып жүрген Ардақты мақтан етеді. Оның қызметте абыройлы, отбасында бақытты болуын тілеп отырады.

Оңтүстік өңірде туып өсіп, солтүстікте қызмет етіп жатқан Ардақ үшін Қостанай шаһары туған өлкесіндей болып кеткен. Оған қаламыздың таза көшелері, кәусар ауасы, ниеті түзі тұрғындары ұнайды екен. Бұл жөнінде өзінен сұрағанымызда:

– Маған Қостанай қаласы бірден ұнады. Осында келіп, дәрігер қызметін атқарып жатқаныма қуаныштымын. Дәрігер ретінде алдыма келген жандарға әрдайым жылы қабақ танытып, олардың жанына батқан дертті сезінемін. Дәрігерден көмек сұраған әр жанның орнына өзімді қойып, оның қаншалықты көмекке зәру екенін түсінемін.

Осылайша оларға мейірім танытып, қолымнан келген ем-домды жасап, тез арада ауруына айығуына көмектесемін. Біздің қаланың тұрғындары өте сауатты, ақкөңіл, ниеттері таза жандар. Олармен ешқашан дауыс көтеріп немесе өркөкіректеніп сөйлеспеймін. Барынша үлкен сыпайылық танытамын. Өйткені, бізді дәрігерлерді көпшілік ақ халатты абзал жандар деп сыйлап жатады. Сондықтан осы сыйластыққа біз әбден лайықты болуымыз керек,- дейді ол.

Міне, осындай мақсатпен қызмет ететін Ардаққа келген жан өте риза. Әрдайым алғыстарын білдіріп жатады.

Жас маманның бүгінде жағдайы жақсы, сүйікті жұмысы, жаңа баспанасы бары. Ол 2015 жылы осында жас маман ретінде келіп, баспанаға тізімге тұрып, биыл ғана «Юбилейный» шағын ауданындағы 3 бөлмелі жаңа пәтерге қол жеткізіпті.

– Үстіміздегі жылы жаңа шағын ауданнан жаңа пәтерге ие болдым. Өте қуаныштымын. Пәтеріміздің сапасына толық көңілім толады. Жас маман ретінде бізге үй беріп, ештеңеге алаңдамай жұмыс істеуімізге барлық жағдай жасалып жатқанына шексіз алғыс білдіремін,- дейді ол.

Жылдар өте тәжірибе жинақтап, білікті маман атанған Ардақ жолдасы Нұрлан екеуі Заңғар және Арнұр есімді асықтай ұлдарына тәлімді тәрбие беріп отыр. Үлкендері Заңғар биыл 1 сыныпқа барады. Ал кішкентайлары Арнұр балабақшада тәрбиеленіп жатыр.

Ардақ өзінің мамандығына әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайды. Өйткені, оның қалында бір адамның өмірі тұрғанын біледі. Сондықтан ешқашан кәсіби қателік жасамайды. Бұл біріншіден ардың ісі екенін жете түсінеді.

Бұл жайында бізге ол:

– Дәрігер сөзінің мағынасы тереңде жатыр. Бұл мамадықты таңдамас бұрын оның қиыншылығы көп болатынын білу қажет. Мұнда жоғары оқу орнынан алған білімің өте маңызды. Өйткені, дәрігерлікте басқа мамандықтар сияқты біреу көрсетсе болды үйреніп аламын деген түсінік жоқ,-деді.

Қиыншылығы мен алғысы қатар жүретін дәрігер болу оңай емес, ал нағыз дәрігер болу тіптен қиын. Сондықтан біз Ардаққа кәсіби біліктілік пен қызметінде үлкен абырой тілейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77