дейді ерікті жас Жанайдар Ғалым
Үстіміздегі жыл Еріктілер жылы болып жарияланғаны жақсылық жасауға жаны құмар жастар үшін үлкен қолдау болғаны белгілі. Бүгін де елімізде еріктілердің көмегімен көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Бұл жайында, «Ғұлама Абай «Адамзаттың барлығын сүй бауырым» деп баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылы аясында ең алдымен еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы, әрі табысты болыңыздар», – деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен болатын.
«Ерікті болу – ерлік» демекші, осындай жігерлі, жалынды жастардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім Жанайдар Ғалым. Бала кезден елгезек, біреуге көмектесуге жаны құмар, ақ көңіл болып қалыптасқан Жанайдар үйінің кенжесі. Отбасында бес ағайынды екі ағасы және екі апасы бар. Әкесі Сайлау бүгінде жеке шаруашылықтың иесі, ал анасы Қарлығаш болса, үй шаруасымен айналысады.
Осынау өнегелі жандар кенжелері Жанайдарға кішкентайынан жан-жағыңдағыларға көмектесіп, әрдайым көпшілікке жанашыр болуды үйретті. Содан болар, бүгінде ол қаламыздағы ерікті жастардың қатарында.
Ол Жангелдин ауданына қарасты Бидайық деген ауылда дүниеге келіп, Алтынсарин ауданы, Обаған ауылындағы орта мектепті аяқтады. Шаһарымыздағы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, мемлекет және жергілікті басқарма мамандығын алып шықты.
Университет қабырғасында жүргенде-ақ ол курстастарынан ерікті жастар үнемі басқосатын жастар ресурстық орталығының жұмысы жайында естіп, біледі. Былтыр қыркүйек айында осында өзі маман ретінде жұмысқа орналасады. Қазіргі атқарып жатқан жұмысы өзіне қатты ұнайды. Мұндағы оның басты мақсаты жалынды жастардың басын қосып, игі шараларға атсалысу.
Көмекке зәру жандарға көмектесіп, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын Жанайдардан орталықтың маманы және ерікті ретінде атқарған жұмыстары жайында айтып беруін сұрағанымызда, ол:
– Мен ерікті жандардан құралған топтың мүшесімен. Біз не істесек те, топ болып, бәріміз бірігіп атқарамыз. Бірлік түбі – береке емес пе. Осылайша бірігіп, көп жұмысты еңсеруге болады. Ең бастысы мұнда өз міндетіңе үлкен жауапкершілікпен қарауың керек. Қиналған жанға қол ұшын созу. Әрдайым қоршаған ортаға зер салып, орын алып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізе білу қажет.
Өзім жұмыс істейтін орталықта үш маман бар. Біз өзімізге қарасты 30 шақты еріктімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Бұл істе орталықтың директоры Айгүл Оралқызының біліктілігі мен кәсібилігін айтпай кетуге болмайды. Біз әрдайым басшымыздың тапсырмаларын орындай отыра, қаламызда өткізіліп жатқан іс-шараларға бір кісідей білек сыбана атсалысамыз. Ұжымымыздың тыңғылықты жұмысының нәтижесі ретінде жақында Айгүл Оралқызы Елбасының алғысына ие болды.
Ал енді ерікті ретінде атқарған жұмыстарымызға тоқталатын болсам, шаһарымызға еліміздің оңтүстік өңірінен жеткізілген қырыққабатты тұрғындарға үлестіру науқанының бел ортасында жүрдік. Еріктілер сол жолы 52 келі орамжапырақ салынған пакеттерді әлеуметтік толық қамтамасыз етілмеген топқа жататын жандардың пәтерлеріне жеткізіп берді.
Сонымен қатар 4000 пәтерге өз еркімен жүріп-тұра алмайтын зейнеткерлер мен ардагерлерге дәрі-дәрмек апардық.
Қазіргі таңда еріктілердің жұмысы кең көлемде жүріп жатыр. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан бізге деген сенім де артып келеді. Мәселен, еріктілер қатарындағы жастар жалғыз басты ардагерлер мен зейнеткерлердің қыс уақытында ауласын қардан тазалап, үйлерін жинап, қоқыстарын төгіп, көмектерін аямайды. Олардың жалғыз қалып, іші шерге толған қарттармен жайдарлы жүзбен әңгіме дүкен құрып, жоғары көңіл-күй сыйлайтын кездері де болады,-дейді.
Облыс орталығында парасаттылықты, адамгершілікті, тазалықты насихаттайтын шаралар көп ұйымдастырылып тұрады. Осы ретте жақында еріктілердің қатысуымен қоқысты тиісті орнына төгу, оны сараптау жөнінде акция өтті. Мұнда да ерікті жастар бір кісідей атсалысып, тұрғындарға өздерінің ғұмыр кешіп жатқан өлкелерін таза ұстаулары керек екендігін жан-жақты түсіндірді.
Жақсылық жасауға жаны құмар ерікті жастар қан тапсыру орталығына да барып, қан тапсырып тұрады. Мәселен, биыл «Донор күні» қарсаңында Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының ұжымы мен еріктілерді қосқанда 40-адам қан тапсырған. Бұл да жалынды жастардың ештеңеге бей-жай қарамайтындығын көрсетсе керек.
Әрине, бұл жігерлі жастардың атқарып жүрген жұмыстарының бір жартысы ғана. Өз еркімен көмек көрсетуден қашпайтын жандардың алға қойған жоспарлары да айқын. Бұл жөнінде:
– Біз елімізде кең етек жайып, көпшіліктің көкейіне үрей тудырған коронавирус дертіне байланысты енгізілген карантин режимінде онлайн іс-шаралар өткізуді қолға алдық. Оның ішінде үстіміздегі жылы әл-Фараби бабамыздың 1150, Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойларын атап өтуге де өзіміздің үлесімізді қоспақпыз. Алдағы уақытта осы бағытта жастар арасында онлайн бағдарламалар ұйымдастыратын боламыз, – дейді Жанайдар.
Еріктілер тобында бәрі тек жастар ғана емес ересектер де бар. Олар өздерінің күнделікті жұмыстарының сыртында еріктілікпен айналысып, үйлерге азық-түлік жеткізуде бір кісідей атсалысып жатады.
Ерікті болу – еріккеннің ісі емес. Сондықтан әрдайым көмекке әзір тұратын ақ көңіл, ақ жарқын жандардың елімізде қатары арта берсін. Ел игілігі, халықтың қамы үшін атқарып жүрген қызметтерінде толағай табысқа жетулеріне тілектеспіз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77