Біздің Қостанай

Облыстың барлық мешіттерінде айт намазы оқылмайды

Арнайы әзірленген сайт арқылы құрбандық малын таңдай аласыз

Осы жылы елдегі орын алған жағдайға байланысты Құрбан айт мерекесінің ережесіне өзгерістер енгізілді.

Бұл діни мейрам биыл 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтпек.

Қостанай облысының бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет карантин уақыты болғандықтан мешіттерде айт намазы оқылмайтынын жеткізді.

– Ағымдағы жылдың 31-ші шілде күні сағат 8:30-дан бастап әр мұсылман үйден ғибадат етіп, содан кейін құрбан шалуға болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл құрбан шалушыларға арнайы сайт жасап, соны ұсынып отыр. Яғни, qurban2020.kz ресурсына кіріп, өзіңіз тұратын өңірді таңдап, сол жерден қалаған малыңызға алдын ала тапсырыс бере аласыз. Сондан кейін телефон нөміріңізді қалдырасыз. Бәрі де сақтық үшін, – деді Бақытбек қажы Тәжімбет.

Сонымен қатар, биылғы құрбандық малының бағалары да белгілі болды. Айталық, ірі қара – 350 мың теңге болса, ұсақ мал қой – 50 мың теңге, ал тоқты – 40 мың теңге болады. Бұл ақшаға қапашылардың қызметі де еніп отыр. Ал, ҚМДБ жасаған сайт өтінімдерді 31-шілде тек түс ауғанша дейін қабылдайды. Құрбандық шалуға тек 1 күн ғана беріліп отыр.

– Осы жылы мал соятын жер – Федоров тас жолы бойындағы «Амиго» ЖШС аумағынан белгіленіп отыр. Онда қасапшы мен имам ғана болады, құрбан шалушының өзі қатыса алмайды. Рәсімді тек онлайн режимде көріп отырады, – деді бас имам Бақытбек қажы Тәжімбет. Ал ғаламтормен жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ кісілердің өтінішін құрбан шалатын аумақтағы мешіттің екі қызметшісі қабылдап отырады. Бірақ, тағы айта кетерлігі, оларға да құрбан шалу рәсіміне қатысуға рұқсат жоқ. Құрбандыққа шалынған мал еттері жетім-жесірлер мен жоқ-жұқаналарға таратылады. Бүгінге дейін қарттар үйі мен балалар үйінен өтініштер келіп түскен. Жағдай нашар жүзге тарта қостанайлық отбасыға да мал еттері үлестіріледі, – деп қорытты бас имам.

Сөз соңында, денсаулыққа абай болу ескертілді. Мұндағы ең маңыздысы ниет екенін айтылды.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77