Біздің Қостанай

Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау

Бейбіт Оспанов 30 жылға жуық уақыт ұстаздық етіп келеді

Елімізде қазан айының алғашқы жекесенбісі – ұстаздар күні болып белгіленген. Атаулы күн қарсаңында көпшілік назарынан тысқары, тасада қалып қоятын денешынықтыру пәніні мұғалімі жөнінде жазуды жөн көрдік.

Кей ата-ана мен оқушының санасында өзге пәндерге көп көңіл бөлініп, денешынықтыру пәніне немқұрайлы қарау деген сияқты ұғым қалыптасқан. Ақиқатына келсек, бұл пән тек баланы шынықтырып қана қоймай, ақыл-ойының дамуына тікелей септігін тигізеді. Тәрбиеленушінің өзін дамыту үшін өз-өзіне талап қойып, ішкі тәртіпке, ұстамдылық пен шыдамдылыққа тәрбиелейді.

Кейіпкеріміз Бейбіт Оспанов мемлекеттік тілде білім беретін №28 мектеп-гимназиясында жұмыс істейді.

Меңдіқара ауданының балықты ауылында дүниеге келген ол, Қостанай педагогикалық институтын бітірген соң да, төрт жыл туған жерде қызмет атқарып қазақ күресінен бапкер болып жұмыс істеген.

– Ауылда қазақ күресінен бапкер болып оқушыларды дайындадым. Одан аудан орталығында бір жылдай қызмет еттім. Кейін Қостанайға келіп, осындағы Қазақ-Түрік лицейіне жұмысқа орналастым. Одан қазір міне №28 мектеп-гимназиясында жұмыс істеудемін. Дене шынықтыру пәнінен оқушыларға сабақ беремін. Бір қарағанда оңай пән болып көрінуі мүмкін, алайда біз салауатты өмір салтын ұстанамыз десек, жөндеп қолға алғанымыз дұрыс деп есептеймін. Қазір өздеріңіз білесіздер қашықтан оқу жүйесі болғандықтан екі жаққаға оңай соғып отырған жоқ. Күні бойына телефонға телмірген бала дене шынықтыру жаттығуларынан ажырап қалуда. Дегенменде, үй жағдайына икемдеп біз бейне сабақтарын береміз. Үйлеріне жаттығу құрылғылары барлары сонда жасайды, кейбірі керме және өзге жеңіл жаттығу құрылғыларын қолдан жасап алған. Сол арқылы дайындалып жатыр. Осылайша кері байланыс орнатып отырмыз. Қалай десекте, індеттің кесірі айтарлықтай спортқа да өз кесіріп тигізді. Оны күніге оқып-білім жүрміз. Көптеген жоғары деңгейдегі спорттық жарыстар өтпей қалуда. Ұдайы дайындықтың жоқтығынан, жақсы спортшылар бәсеңдеп қалуда. Енді менің оқушыларға айтарым үй жағдайындағы жаттығуларды орындап отырса, бала күні бойына сергек жүреді. Дене шынықтыру пәнінің өзге де атқаратын функциялары барғой. Қазіргі балаларға рухани тұрғысынан көп тәлім беруіміз керек. Үздіксіз жаттығу жасау арқылы бала шыдамдылыққа, сабырлылыққа икемделеді. Қандайда үлгі көрініс арқылы берілуі керек. Яғни, құр сөзбен жұмыс жасауға, болмаса оқушыға ананы жаса, мынаны істе деп тәрбие беруге болмайды. Ол баланың санасына жетпеуі мүмкін. Шын патриоттық сезімді балаға дәлел арқылы бере аласың. Біздің кезіміздегі балаға берілген тәрбиемен қазіргі жағдайды мүлдем салыстыруға келмейді. Отбасында әкенің тәрбиесі қаншалыққа ерекше болса, мектепте ер мұғалімнің берген тәрбиесі бөлек болады, – дейді Бейбіт Оспанов

Мұғалімдік отыз жылға жуық қызметінде оқу үдерісінде көптеген жаңашылдықтар пайда болғанын айтады. Осы уақыт аралығында Бейбіт Ынтықбайұлының алдынан көптеген шәкірт тәлім алып, бүгінде биік белестерді бағындырып жүр.

– Қазіргі оқу бағдарламасы баланың ойлау көкжиегін дамытуға бағытталған. Өзім сабақ беретін дене шынықтыру пәнінде сабақ барысы жаңаша құрылған. Шәкірттерім де сол жүйеге икемделіп алды. Жеткен жетістіктерімізде жоқ емес. Күрестен бапкер болған шағымда көптеген балаларды даярладық. Олардың көбі қазір жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі шараларға қатысып, туған елдің мерейін үстем еткендері қаншама. Мектепте доп ойындарынан жарыстарға барып, шәкірттерім топ жарып жүр. Тіпті, есейген шақта Қазақстан чемпионатында валейбол құрама командасында ойнап жүрген шәкірттерім бар. Айталық, Дугумова Алдана Қазақстан чемпионатында ойнаған. Облыста сан мәрте жеңімпаз болды. Тәлім алған Ғалиасқар Айқожинов бар, Қазақ-Түрік лицейінде оқыды. Ол қазақша күреспен жақсы айналысты, тіпті чемпион болды, республика көлемінде таңылды. Қазіргі таңда шетелде білім алып жатыр. Қазір мектепте валейболдан Аян Теміртасов, Бағлан Ғаппаров сынды оқушылар жақсы көрсеткіш көрсетіп жүр. Облыстық дене шынықтыру және спорт бөлімі жақында қашықтан онлайн «Дені сау отбасы» атты жанұялық жарыс өткізді, соған міздің мектептен қатысқан Асыланбековтар отбасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс өте тығыз. Ата-аналар кез-келген осындай жарыстарға балаларына қолдау білдіріп ұдайы қатысып тұрады. Жоғарыда айтқанымдай, қазір алдағы уақытта мектеп ішінен күрес үйірмесін ашып бала тәрбиелесек деп жоспарлап отымыз. Көп мектептерде күрес үйірмесі жоқтың қасы. Ал, ол балаға ең қажетті спорт түрінің бірі. Біз қазақ ат жарыс, күрес десе жанымызды салып тұрамыз. Сол себептен де, күрес үйірмесін ашсақ дарынды балалар жақсы жетістікке жетеді деп сенім білдіремін. Негізі қай спорт түрінен мектепте жаттықтырушы баланы мектеп бітіріп кеткенінше, болмаса облыстық деңгейге дейін жеткізіп береді, ары қарай бала өзге жаттықтырушының қолына өтеді. Кейін атағы шығып жатқан болса, біздің мақтанышымыз, абыройымыз. Төбеміз көкке екі елі жетпегендей марқайып отырмыз, – деп шәкірт жетістігімен бөлісті Бейбіт Оспанов.

Мектепте ұстаз Бейбіт Оспанов, отбасында бес баланың әкесі. Ол балаларға тәрбие берудің дұрыс жолы жасынан еңбекке баулу дейді.

– Мектепте де, үй де балаларды ең бастысы адалдыққа оқытамын. Ол біздің құндылығымыз. Өзімнің бес балам бар. Үлкендерін үй шаруасына араластырып, еңбек етудің қыр-сырың меңгертіп отырамын. Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Менің ойымша баланы ең бірінші иман жүзділікке бағыттаған дұрыс. Жүрегінде иманы бар бала ешқашан кісі ақысын жемейді, нәсібін келешекте адалынан табады. Ешкімді алдамайды, өтірік айтпайды. Тәртібіне қатты көңіл бөлген шарт. Өйткені, «ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыйасын» деген жақсы сөз бар. Яғни, тәрбиесіз берліген білім адамзаттың қас жауы деп жатады. Өте ұтқыр айтылған. Білімди игеруін жақсы қадағалау керек. Баланың санасына арман-мақсатқа тек білім арқылы жете алатынын сіңіру керек. Балаларыма өзім ризамын. Ананың ақылын алып, әкенің тәрбиесін игерген бала ешқашанда жаман болмайды, – деп бала тәрбиесіндегі тәжірибесімен бөлісті Бейбіт Ынтықбайұлы.

Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов ұстаз жайлы, «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдарлы мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», деген болатын. Ұстаз деген мектептің айнасы. Оқушы ұстазға қарап бет түзейдіғой. Ал, Бейбіт Оспанов өзінің тәлім алған ұстаздары жайлы баяндап берді.

– Ауылда мұғалімдік қызметті алғаш бастап жатқан шақта, мен қызмет атқарған мектептің басшысы Зияда Жантасова апайымның көп жәрдемі тиді. Сол кісінің бағыт-бағдарымен мектепте ұстаз кейпімізді қалыптастырдық. Қазақша күрестен Олжабек Сәрсенбаев ағайым институтта төрт жыл дәріс берді. Ағайдың да еңбегі көп сіңді. Қол асында дайындалып жүріп, қалалық, облыстық жарыстарға қатыстық. Әріптестеріме де шығармашылық табыстар тілеймін.

Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп айтқандай, қашанда ұстазға деген құрмет биік болуы шарт. Өйткені, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77