Бүгінде ол жер бұзақылар мен маскүнемдердің мекеніне айналған
Қостанайда жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жерасты өткелінің қараусыз қалған мүшкіл жағдайы тұрғындарды алаңдатуда.
Қаланың Қайырбеков көшесі бойындағы «Солнечный» аялдамасындағы жерасты өткелін маскүнемдер мен қаңғыбастар түнгі уақытта мекен етіп, бұзақылар ластап, қабырғасына бейәдеп сөздер жазып, суреттер салып тастаған. Тіпті, дәретке де отырып кететін болған.
Сол ауданның Анар есімді тұрғыны баласын мектепке өз апарып-алып келіп жүр, жалғыз жіберуге қорқатындығын айтады.
– Жерасты өткелімен күнде өтеміз. Өткел іші күндіз күңгірт, кеш батқанда тіпті қараңғы болып кетеді. Баламды мектепке өзіміз апарып-алып келеміз. Өткелдің іші тым лас. Кейде нәжісті аяғымызбен басып кетеміз бе деп қорқамыз. Мұнда кеш батса маскүнемдер жиналатын тәрізді. Өйткені, өзіңіз көріп отырғандай ішімдік шөлмегі, тамақтың қалдығы шашылып жатыр. Жарықтандыруға да көңіліміз толмайды. Бейне камерада орнатылмаған, – дейді ол.
Сол аумаққа және жерасты өткеніне қызмет көрсететін «Абырой Gold» ЖШС болып табылады. Серіктестік басшысы Нұрғожа Қабалақов жетісіне 4-рет ол жерге тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады дейді.
– Аталмыш ауданға біздің серіктестік қызмет етеді. Тұрғындардың шағымы орынды деп есептеймін, алайда біз өзімізге берілген міндетті уақытылы орындап келеміз. Жетісіне 4-рет тазарту жұмыстары жүргізіледі. Ал, қаңғыбастар мен бұзақыларға біздің қолдан келер шара жоқ. Екі жақ бетінде қоқыс жәшігі орнатылған, алайда шөлмектер мен қуырылған картоптың сыртын темекі тұқылын шашып кетеді. Осындай бейберекет үшін «Айкөмек» орталығы арқылы шағым түскен болатын. Біздің серіктестік қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісі отырып жерасты өткеліне шамалы жөндеу жүргізген болатынбыз. Ондағы баспалдақ қабыршықтары сынып бүлінген екен, біз әктеп, жол жиктемелерін жаңартып, жөндеу жұмыстарын шама-шарқымызша жүргізіп қойдық, – дейді серіктістік басшысы Нұрғожа Қабалақов.
Аталмыш жерасты өткелінде осы уақытқа дейін неліктен бейнебақылау камерасы орнатылмағанын анықтау жөнінде Қостанай облысының Полиция департаментіне сауал-хат жолдаған болатынбыз.
Полиция департаменті өкілдерінің жауабына сүйенсек, бейнебақылау камераларының негізгі бөлігі бюджеттік жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен орнатылады екен. Ал, бейнебақылау камералары орнатылмағандықтан, сол жерде орын алатын тәртіпсіздік мүшелерін, бұзушыларды қолға түсіру мүмкін болмай отырған көрінеді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бері Қайырбеков көшесіндегі жерасты өткеліне қатысты 102 пультіне әр түрлі сипаттағы 7 хабарлама келіп түскен. Көбіне үйсіз адамдардың сол жерді мекен етуі тұрғындардың наразылығын тудыруда.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77