События

Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәрісхана ашылды

Дәрісханаға ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденовтің есімі берілді

Қаламыздағы Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов атындағы дәрісхана ашылды.

Аталмыш дәрісхананың ашылу салтанатына оқу орынның басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, генералдың бұрынғы әріптес достары мен туған-туысы жиналды.

Заман талабына сай технологиялық құрылғылармен жабдықталған оқу залының керме жібін академия басшысы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов пен отставкадағы судья Бақытқазы Ордабаев қиды.

– Осы білім ордасының қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген белгілі тұлғалардың есімі ұмытылмауы тиіс. Олардың өнегелі өмірі мен еңбек жолы бүгінгі жас буын үшін үлгі-өнеге болуы қажет. Осындай мақсатта бүгін ашылған жаңа дәрісханада өтетін сабақтар ішкі істер органдарына ерен еңбек сіңірген қайраткер, осы жоғары оқу орнын бірінші болып басқарған Талап Қабденұлының қызметімен сабақтаса өтуі керек деп ойлаймын. Курсанттарымыздың бойына отаншыл сезім ұялатып, Талап ағаның еңбек жолын өнеге ете білсек, жастардың нағыз елшіл, мемлекет мүддесіне адал азамат болып қалыптасуына өз септігімізді тигізе алғанымыз, – деді НұрланБиекенов.

Zoom платформасында ұйымдастырылған шараға Талап Қабденовтің өзі де қатысып, алғыс сөз сөйледі.

– Бейне байланысқа шығып, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қиын кезеңде ашылған жоғары мектептің – институт, одан әрі академия болып қайта құрылғаны, оған Шырақбек Қабылбаев есімінің берілуі зор абырой. Шырақбек Қабылбаев – ішкі істер органдарының қара нары іспеттес болған тұлға. Осыны әрдайым ескеріп жүрсеңіздер, бүгінгі игі шараларыңыз да жастарды тәрбиелеуге септігін тигізсе екен деймін. Озық оқыту құралдарымен жарақтандырылған зал оқытушыға қанат бітіреді. Өзінің білімін аудиторияға ұғынықты түрде, жан-жақты жеткізуіне жол ашады. Сондықтан да білім нәрін сіңіруде заманауи дәріс залының рөлі қашанда зор.Сіздердің осындай әр оң қадамдарыңыз мені қатты қуантады, – деп ризашылығын білдірді.

Салтанатты шарада үлкен экран арқылы жоғары оқу орнының тарихынан, тұңғыш басшысы Талап Қабденұлының ғибратты өмір жолы мен қызметі барысынан деректі фильм көрсетілді.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған академия қызметкері


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77