Культура

“Әбу Насыр әл-Фараби және оның мұрасы” атты республикалық онлайн вебинар өткізілді

Онда биылғы жылы жарық көрген «Әбу Насыр әл-Фараби» энциклопедиясы таныстырылды

Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі ұлы ғалым және философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әбу Насыр әл-Фараби және оның мұрасы» атты республикалық онлайн вебинар өткізді.

Әлемнің екінші ұстазы атанған, Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енген болатын. Іс-шара қазақ даласынан шыққан ұлы ғұлама ғалым, ойшыл философ, математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері мен ғылыми мұрасын насихаттау және оған көпшіліктің назарын аудару мақсатын қойды.

Вебинарды Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөзбен ашты. «ХХІ ғ. жаһандану дәуірінде ұлы ойшыл және ғалым әл-Фараби мұрасы ерекше маңызды, оның ғылыми мұрасын насихаттау, зерттеу, жастарға үлгі ету жұмыстары жан-жақты жүргізілуі тиіс»,- деп атап өтті.

Әл-Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған туған жері Түркістан облысы Отырар ауданындағы Руханият – Әбу Насыр әл Фараби музейі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің ғылыми қызметкерлері, ғылым мен білімнің қара шаңырағы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әл-Фараби орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Мейірбаев және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы және философия кафедрасының аға оқытушысы А.Ералина қатысты.

Вебинар барысында фарабитану мәселелері, өмірбаянының кейбір тұстары, ғалымның трактаттары, әл-Фараби мұрасын зерттеу мен насихаттауға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар сөз болды. Оңтүстік өңірдегі әріптестеріміздің Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған музей экспозицияларымен онлайн танысудың сәті түсті. Тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың 1987 жылы тапсырған әл-Фараби еңбектерінің фотокөшірмелері туралы айтылды. Мұндай іс-шара музей қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерінің шыңдала түсуіне де үлкен септігін тигізеді.

әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев Қазақстандағы фарабитану мәселелеріне, орталықта атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. «Елімізде фарабитану өткен ғасырдың 70-жылдарынан басталады. Ғылым мен білімге қатысты алғанда, Фараби бейнесі – адамзат ұстазы ретінде қалыптасқан. Әрбір шарада Әбу Насыр әл-Фарабиді басқа қырынан танып отырамыз. Фараби ілімін, философиясын шет елдерге таныту арқылы Қазақстанды танытамыз. әл-Фараби интернет-порталының құрылуы әл-Фараби мұрасын қолжетімді етуге мүмкіндік туғызады», – деп атап өтті. Биылғы жылы жарық көрген «Әбу Насыр әл-Фараби» энциклопедиясымен таныстырды.

Ғалымның дүниежүзілік мәдениетке қалдырған мұрасы өте зор. Энциклопедиялық білімге ие болған ғұлама ғалым әл-Фараби еңбектерін зерделеп, насихаттау ұрпаққа парыз.

Назима Оташева,
Облыстық өлкетану музейінің
ғылыми-әдістемелік қамтамасыз
ету бөлімінің меңгерушісі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77