Образование

«Ақындардың жырындағы Азаттық» тақырыбында өңірлік қаламгерлердің қатысуымен онлайн-кездесу өтті

Кездесудің мақсаты – Егемендікті қастерлеу, қадірлеу сынды міндеттерді ұрпақ санасына сіңіру

Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалы мен Л.Н. Толстой атындағы Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ақындардың жырындағы Азаттық» тақырыбында өңірлік қаламгерлердің қатысуымен онлайн-кездесу өтті.

Аталған шараға жергілікті Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар мен облысымыздың әр өңірінен қолына қалам ұстаған шығармашыл жастар қатысты. Кездесудің мақсаты – Егемендікті қастерлеу, қадірлеу сынды міндеттерді ұрпақ санасына сіңіру және алдыңғы толқын ақын-жазушылар мен бүгінгі жас буынның арасындағы байланысты қайта жаңғырту, одан әрі нығайту.

– Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың әсерінен көптеген жобалар мен ауқымды іс-шараларды өткізе алмадық. Алайда, онлайн режимде бас қосып, пікірлесіп, ойларын ортаға салып жатқан жастардың әрекеті көңіл қуантады. Әлі де жас қаламгерлердің осындай шараларда белсенділік танытқанын қалаймыз. Алдағы уақытта, еліміздегі ахуал жақсарып, өздеріңізбен жүздесетіндей күн туса, талай тың жобаларды іске асырамыз, – деді Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры Жанұзақ Аязбеков.

Белгілі ақын Серікбай Оспанов жастардың әлі де ізденіп, шығармашылығын шыңдай түсуі керек екенін атап өтті.

– Менің өлең жазып келе жатқаныма 60 жыл болды, бірақ әлі де менің білмейтіндерім көп секілді. Өнер деген нәрсе үлкен ізденісті қажет етеді. Өлең жазып жүргендер көп, бірақ ақын аз. Меніңше, қазіргі жастар барынша еркін жазуы керек, – деп сөз соңында өзінің өлеңін оқып берді.

Сондай-ақ орта буын ақын-жазушылардан Жандос Жүсіпбек пен Аслан Қанғожин сөз алып, Тәуелсіздік ұғымы бүгінгі әдебиетте қалай көрініс тапқаны жайлы және Егемендікті жаңаша сипатта жырға қосу керек екенін айтып, өңірлік әдебиеттің келешегі сіз бен біздің қолымызда деп қорытындылады.

Шара барысында жас буын қаламгерлердің пікір-тілектері, ұсыныстары мен патриоттық бағыттағы өлең-жырлары тыңдалды.

Дәулет ЖАДЫРАСЫН
Кітапхана қызметкері


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77