Мұндағы мақсат жастардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру
Тәуелсіздік күніне орай, Н.Островский атындағы қалалық кітапхана ұжымы онлайн түрде «Абылай ханның арманы» атты ашық трибуна өткізді.
Аталмыш іс-шараны кітапхананың оқу залының кітапханашысы Ботагөз Дүйсембаева жүргізіп отырды.
Тағылымға толы шараның мақсаты – қазақ халқын бір хандыққа біріктірген қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Абылай хан жайында мәлімет бере отырып, оның ұлт тарихындағы орны, ерлік істері жайында қосымша деректермен таныстыру. Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз Отанын сүйетін азамат қалыптастыру, от жүректі, өжет мінезді ұл-қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастыру.
Ашық трибунада сөз бастаған А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Ералина онлайн байланысқа түскен оқырмандарды Абылайдың өмірі және қызметімен таныстырды. Тарихшы Абылай ханды аса ірі мемлекет қайраткері, дипломат, қолбасшы өз халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен адам ретінде сипаттап берді.
Ел-жұртына ақ жол тілеген Абылай жайында сыр шерткен облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі, тарихшы, халық әндерін дәріптеуші, жыршы Қыдырбек Қиысханұлы ұлттық аспап қобызбен «Батыр Баян» жырын орындады. Сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушылық танытқан оқырмандар болса, өз тарапынан қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатымен ел билеу қабілеті, жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатыны жайлы өз пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар «Толқын» шығармашылық студиясының жастары да ел ынтымағы мен ел бірлігін жырлайтын тырнақалды туындыларынан оқырмандарға тарту етті. Кітапхана ішіндегі «Тұмар» өнерлі жастар клубының мүшелері де «Абылайдың үш арманы» – аңыз-әңгімеден шағын бейнеролик әзірлеп, онлайн тыңдаушылардың назарына ұсынды. Ал кітапханашылар өз тарапынан мемлекетіміздің шежірелі тарихқа толы жүріп өткен 29 жылдық жолын баяндайтын «Елдік пен ерлік киесі» тақырыбындағы кітап көрмесін ұйымдастырып, ел өмірінің бүгінгі ахуалына бей-жай қарай алмайтын сергек ойлы оқырмандар назарына ұсынды. Іс-шара соңында кітапхана оқырмандары, онлайн тыңдаушылар «біз үшін Абылай хан – бүкіл қазақ халқын, оның байтақ даласын, тауы мен тасын, өзені мен көлін сүйіп, елдің тәуелсіздігі үшін өзінен басым жаулармен арыстанша арпалысып өткен азамат» деген бір пікірде тарқасты.
– Заманында тарыдай шашылған қазақ халқының басын біріктіріп, жауға қарсы үлкен күш ұйымдастыруды мақсат еткен Абылай ханның ісі көпке үлгі болса керек. Ел болам десең бірлікті, ынтымақты берік ұстау қажет. Біз әрдайым «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалды жадымызда сақтауымыз керек, – дейді шараны ұйымдастырушы Ботагөз Дүйсембаева.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77