Біздің Қостанай

Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын баспана көлемі артады

Тұрғын үй саясатын іске асыруға 2021 жылға бюджеттен 20,4 млрд теңге бөлінді

Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов өңірдегі баспана саясатын жүзеге асыру барысы туралы жиын өткізді. Облыс әкімінің «инстаграм» желісіндегі жеке парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішін 10%-ке арттыру межесі тұр. Бұл дегеніміз – 417,2 мың шаршы метрге тең келетін көлем.

– Облыстың тұрғын үй саясатын іске асыруға бюджеттен 20,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, осы жылдың бірінші тоқсанында 93,5 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлер үлесі – 64,7 мың шаршы метр, – деп жазды Архимед Мұхамбетов.

Жиын барысында белгілі болғандай, биыл халық пайдалануына берілетін көп пәтерлі үйдің жалпы көлемі – 276,3 мың болмақ. Ал жеке тұрғын үй ауқымы – 140,9 шаршы метрді құрайтын болады.

Осылардан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен 20,4 млрд теңге бөлінген. Қарастырылған қаржыны жіктер болсақ, соманың 10,1 млрд теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға жұмсалады. 7,1 млрд теңге 33 несиелік үй құрылысына бағытталып отыр. 2,3 млрд теңге халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал саналатын санаты үшін жалдамалы пәтер жобаларын жүзеге асыруға бағытталмақ.

Ал көп балалы отбасыларға 72 пәтер сатып алуға 0,9 млрд теңге қарастырылды. Кеңес барысында Қостанай, Рудный қалалары және Қостанай ауданы әкімдерінің баяндамасы тыңдалды. Олар осы жылға межеленген тұрғын үй құрылысына қатысты жоспарлардан мағлұмат берді. Мұның сыртында «Отбасы банк» филиалы директорының басшылығы өкілі де облыс аумағында несиелік тұрғын үй сату мәселесі бойынша аймақ басшысына баяндама жасады.

Жиын қорытындысында облыс әкімі тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеуді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу тұрғысындағы жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ барлық жоспарланған нысандарды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77