Қостанай қаласы құрылыс индустриясында көш бастап тұр
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен кеңес өтті. Онда облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2021 жылға міндеттер талқыланды.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста айтарлықтай өсімнің байқалатындығын айтады.
– Өнеркәсіп өндірісінің өнімі 7,4%-ті, оның ішінде өңдеу саласы -20,2%-ті құрады. Ал, ауыл шаруашылығы бойынша 20,8%, негізгі капиталға салынған инвестициялар 11%-ті құрап отыр, – деп атап өтті Гүлбарам Мұсағазина.
Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс саласында ілгерілеу бар, қорытынды көрсеткіші 28,4%. Тұрғын үй саласында 13,1% іске қосу жұмысы атқарылған.
Сонымен қатар, жыл басынан бері өнеркәсіптік кәсіпорындар 1,5 трлн теңгеге өнім шығарған. Оның ішінде өндеуші сектор 868,8 млрд теңгемен 20,2%-ке өскен.
– Қостанай қаласында да өнеркәсіп саласы бойынша 31,4%-тік өсім байқалады. Мұнда, айтарлықтай өсім тапталған болат, тракторлар, жеңіл және жүк көліктерінің қажетті құрылғыларын жасау арқылы артып отыр. Сонымен қатар, шұжық және ұн өндірісінің өсуі де айтарлықтай бар, – деді басқарма басшысы.
Құрылыс индустриясында қарқынды өсу жалғасуда. Айталық, өткен жылы бұл сала 28,4%-ті құраған. Облыстық көрсеткіштің жоғарғы өсімі тізімінде Қостанай қаласы 34,9%-пен көш бастап тұр.
– Облыс экономикасына 11% өсіммен 329,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Олардың 66%-ті меншікті және қарыз қаражаты, қалған 34%-ті бюджет қаражаты, – дейді Гүлбарам Мұсағазина.
Өткен жылдың қаңтар-қарашадағы екінші деңгейлі банктердің экономика саласындағы несиелік салымдары 8%-ке ұлғайып, 300,5 млрд теңгені құраған.
– Берілген кредиттердің ең көп көлемі саудаға – 22,1%, өнеркәсіпке – 21,6%, ауыл шаруашылығына – 10,0% тиесілі. Берілген несие ресурстары бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме 13,4% құрады, – деді басқарма басшысы.
Кеңес барысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов баяндаманы тыңдап, әлеуметтік-экономикалық дамуды жақсарту бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған облыс әкімдігінің баспаөз қызметі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77