Біздің Қостанай

Асыл адам айнымас

105 жасар Базаркүл Орынбаева жайлы толғаныс


Қиындықтан мойымаған әже

Арамызда ғажайып апаларымыз ғұмыр кешіп жатыр. Қостанайдың ең ұзақ жасаушысы 116 жасқа жетті. Басқа да әжелеріміз баршылық. Бүгінгі әңгімемізде солардың бірі Базаркүл Орынбаева жайлы әңгіме етпекпіз.

Әрине, ол 105 жасқа үлкен қуанышпен келді деуге толық негіз бар. Өйткені, әйел затының тіршіліктегі арманы өз серігін тауып, тұрмысқа шығу. Содан кейін немере, шөбере сүю.

Сөйтіп олардың қызығына бөлену болса, бұл күндері кейіпкеріміз соның бәрін бастан кешті.
Соған шүкіршілік етеді. Себебі, қазақша жалпақ тілмен айтатын болсақ, ішкені алдында, ішпегені артында. Қазіргі таңда, қазақтың ежелден келе жатқан салт – дәстүрі бойынша, ең кенже перзентінің қолында тұрады.

Барлық балаларының өзіне деген ықыласы ерекше. Олар жан – жақтан аналарын сағынып, бас қосқан кезде мерейі өсіп, төбесі көкке бір елі жетей қалады. Немерелерінің: «Асыл әже, біз сізді өте сағындық» деген сөзінің өзі оның ғұмырын бұрынғыдан да ұзарта түседі емес пе.
Шынында да ұлдары мен қыздары төрт көздері түгел болған кезде кейуана өзін ерекше бақытты сезінеді. Өткен өмірін еске алады. Ұрпақтарының бақытты өміріне тәнті болады.

Енді осылар соғыс деген зұлматты, сонау қазақ халқын баудай қырған нәубетті көрмесе екен деп, Алла-тағаладан тілейді. Өйткені, Базаркүл Орынбаева әжеміздің басынан талай қиыншылықтар өтті.

Алайда жас кезінде бейнеттенсе, қазір соның зейнетін көріп отыр. Аяулы жан сонау Ұлы Отан соғысына дейін облыс орталығына жақын жердегі Жақсылық ауылында ғұмыр кешті.
Халықтың қуанышы мен қайғысын көрді. Соның бәрі де мұның жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Ауылдағы еңбекке жарамды еркектердің бәрі де қанды майданға аттанды.

Асыл апамыздың жан жары Дәкен Орынбаевты да еңбек армиясына шақырды. Сөйтіп, отағасы Златоуст зауытында жұмыс істеді.

Перзенттері – тіршілігінің мәні

Сол атың өшкір сұм соғыстың кесірінен қаншама азаматтар жат жерде құрбан болды. Олардан қара қағаз келгенде бүкіл ел болып қайғырып, сол үйге өздерінің көңілдерін білдіріп жататын.

Шіркін, сол кездегі адамдардың бір – біріне деген мейріміділігі, қайырымдылығы қандай еді. Қазір сәлемнің өзі сатулы болып кеткен жоқ па. Кейбір қалтасы қалың адамдар өзінен төмендерге қарамайтын дәрежеге жетті. Несін жасырамыз, біреу өліп барамын деп жалбарынса да аузына су тамызуға да жарамайтын тоғышарлар да жетеді.

Отағасы өзге азаматтар секілді жіберген жақта алдағы жарқын күндер яғни Жеңіс мерекесін жақындатуға өзінің айтарлықтай үлесін қосты. Сөйтіп, нағыз қазақ жігітіне тән мінез бен батылдық танытты.

Бейнетқорлығымен өзгелерге өнеге болды. Уақыт деген зырылдап өте шықты. 1950 жылы ынтымағы жарасқан Дәкен аға мен Базаркүл апамыз өздерінің туып өскен жері Қостанайға оралды.

Сонымен, олар білек сыбана жұмыс істеп, өз қатарларының алды болды. Бұлар еңбектен ешқашан да қашпайтын. Сонысымен де айналасындағылардың назарын өздеріне аудара білді.

Облыс орталығынан әудем жерде орналасқан Қамысты ауданының Талдыкөл кеңшарына қарасты елді-мекенде ғұмыр кешті. Ардақты әжеміз шаруашылықта үздіксіз еңбек етті. Жыл он екі ай тыным тапқан жоқ.

Құрметті демалысқа да осы ұжымнан шықты. Өздері төрт перзенттерін тәрбиелеп, ештеңеден тарықтырып көрген жоқ. Осының бәрі де ерлі-зайыптының көпшілдігі, мол адамгершілігі, ең бастысы, мехнатты шексіз сүйетіндігінен еді.

Олар өздері ғана емес, балаларын да кішкентайынан еңбекке баулыды. Соны бәрі де көріп, біліп, қалыптасты. Өзге үйдің балалары секілді тиісті мамандық алып, әке – шешелерінің аманатын орындады.

Қазіргі таңда олардың әрқайсысы жеке отбасылы, бәрі де шама – шарқылары келгенше қызмет атқарып жатыр. Олардың отбасылары да тату-тәтті, әрі бақытты тіршілік кешіп жатқандары бізге де үлкен мақтаныш.

Алайда қайда жүрсе де үстіміздегі жылы 105 жасқа толған аналарын ұмытпайды. Бұл күндері ғасырдан асқан шешелерін алақандарына салып аялап отыр.

Перзенттері аналарына құрмет пен ілтипат таныту арқылы өздерінің ұл мен қыздарына да үлгі – өнеге көрсетуде деп нық сеніммен айта аламыз.

Қарт ананың мерейтойы қаламызда ескерусіз қалған жоқ. Қашан да жүрегі елім, халқым деп соғатын азамат, шаһардағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Харьяков әжемізді қуанышымен құттықтады. Оған арнайы сый – сияпат жасады.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77