Қалалық №1 емхананың тыныс-тіршілігі жайында
Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бірінші кезекте дәрігерлердің алдына келетіні анық.
Елімізде денсаулық саласы әрдайым бірінші кезекке қойылып келеді. Осы ретте барлық емханалар мен ауруханаларды заманауи технологиялармен қамтамасыз ету де басты назарда болып отыр.
Сондай-ақ адам жанының арашасысы болып табылатын білікті дәрігерлерді де даярлауға мемлекет ерекше көңіл бөлуде.
Осы ретте біз Қостанай қаласының орталығында орналасқан №1 емхананың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында жазуды жөн көрдік.
Аталмыш емханаға арнайы бассұғып, бас дәрігердің міндетін атқарушы Қасымхан Муржакуповпен жолығып, көкейімізде жүрген сауалдарымызға нақты жауап алған болатынбыз.
Қасымхан Жүсіпұлымен әңгімелесу барысында, №1 емхананың жұмысы дұрыс жолға қойылғанын байқадық. Мұнда зертханалық, эндоскопиялық, рентгенологиялық зерттеу, ультрадыбыстық зерттеу, функционалды диагностиканың барлық дерлік түрлері жасалады. Сонымен қатар емханада да үйде де хирургиялық ем-домдардың маңызды тізімі де жүзеге асырылады.
Сондай-ақ емхана заманауи қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтар болсақ, «Freedom» автоматтандырылған иммунды-талдағыш фермент, офтольмологиялық лазерлік жүйе, «Тенре» фотокаталитикалық ауаны залалсыздандырғыш, «ВМ-780» радиохирургиялық қондырғы, «ЭХВЧ» жоғары жиілікті электрохирургиялық қондырғылар арқылы халықты емдеу жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асырылады.
Бүгінде емханада 68 білікті дәрігер қызмет етеді. Олардың 17-сі зейнеткер. Орнын басатын дәрігерлер болмағандықтан әлі күнге дейін жұмыс атқарып келеді. Осыған қарап, емханада дәрігерлер тапшылығы бар екенін түсінесің. Мәселен, 28 дәрігер мұнда келіп-кетіп жұмыс істейді.
Сонымен қатар 164 медбике де өз жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр. Олардың 15-і зейнеткерлікке шыққан.
Үстіміздегі жылы 10 жас дәрігер келеді деп күтілген екен. Бірақ өкінішке орай, 5 жас маман ғана жұмысқа орналасқан. Олар Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе шаһарларынан келген.
Қазір жас мамандар өздерінің жұмыстарына қызу кіріскен. Олардың ішінде педиатр, терапевт дәрігерлері бар.
Жас дәрігерлер жұмысқа орналасқан кезде алғашқы көмек ретінде облыстық әкімдіктен 1 млн теңге және емханадан 500 мың теңге алады. Сонымен қатар олардың тұратын үй-жайы болмаса, 3 жыл емхана оларға 55 мың көлемінде пәтер жалдап, төлеп отырады. Кейін оларға мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер беріледі.
Соңғы кездері елімізде дәрігерлердің жалақысын көтеру мәселесі жан-жақты айтылып келеді. Үстіміздегі жылы маусым айында медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өскен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы жылы дәрігерлердің жалақысы 25 пайызға өсетіні жайында айтқаны белгілі.
Қазіргі таңда аталмыш емханада дәрігерлердің жалақысы – 226 391, ал медбикелердің айлығы – 137 474 теңге болып отыр. Ал қосымша мамандардың алатын жалақысы -73 448 теңгені құрайды.
Мемлекетімізде жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі «Қағазсыз аурухана» жобасы. Осының аясында әр азаматқа электронды денсаулық құжаты жасалған. Бұрынғы қағаз түріндегі медициналық картаның орнына электронды құжаттар енген. Мәселен, аталмыш емханада 211 компьютер бар. Барлық дәрігерлер компьютермен қамтамасыз етілген, кабинеттерге толықтай ғаламтор өткізілген. Сырқаттанып келгендердің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы электронды құжатын тауып алуларына барлық жағдай жасалған. Бұл құжатта олардың денсаулықтарына қатысты барлық мәліметтер енгізілген. Ол үшін бұрынғыдай қағаз медициналық картасын ақтарып отырудың қажеті жоқ. Осылайша емханалар мен ауруханаларда электронды құжат толық жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін халық емханаларда дәрігерге қаралу үшін шеті жоқ кезек күтіп тұратын еді. Бұл мәселе де уақыт өте өз шешімін тапқан. Бүгінде барлық емханалар мен ауруханаларда енгізілген «Даму мед» қосымшасының бұл ретті атқарып отырған жұмысы зор. Осы қосымша арқылы қала тұрғындары үйден шықпай-ақ өздері қарайтын №1 емханасындағы дәрігерлердің қабылдауына алдын ала жазылады. Белгілі уақытта келіп, дәрігердің қабылдауына кіріп, қажетті ем-домын алады.
Бүгінде бұл қосымшаны аталмыш емханаға қаралатын тұрғындардың 20 пайыздан астамы қолданады. Көбінесе, жүкті әйелдер үшін бұл қосымшаның көмегі ерекше болып отыр. Аталмыш емханаға қаралатын жүкті әйелдердің 70 пайыздан көбі осы қосымшаны пайдаланады екен.
Сонымен қатар бұл қосымша арқылы сіз емханаға бармай-ақ үйде отырып, тапсырған талдамаларыңыздың да нәтижесін біле аласыз. Өте пайдалы қосымша елімізде жыл санап қолданыс аясын кеңейтіп келеді. Алғашқылардың бірі болып «Даму мед» қосымшасын енгізген №1 емхананың жұмысы бір қалыпқа түскен. Оған келушілер де дәрігерлер де дән риза.
Сондай-ақ 2020 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске асырылатыны белгілі. Бұл жүйенің барысында, әр адамның әлеуметтік жағдайы алдын-ала анықталады. Оны мемлекеттік egov.kz порталы арқылы білуге болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қызметіне жедел және санитарлық жәрдем, алғашқы медициналық көмек, БМСК және мамандандырылған ЖКО бағытындағы созылмалы аурулардың 25 тобы, кәсіби тексерулер, жарақаттар және басқалар, стационарлық медициналық көмек және басқа да жоспарлы ЖКО бағытында, созылмалы аурулардың 25 тобы, стационарлық бөлімдердің қабылдау қызметтері, туберкулезбен ауыратын немесе бұрын ауырған науқастарды сауықтыру және оңалту, халықтың жекелеген санаттарына арналған паллиативті көмек және мейірбике ісі, қан препараттарымен қамтамасыз етудің патологиялық диагностикасы кіреді.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосымша МСАК және мамандандырылған мамандар бағытындағы КДП, халықтың жекелеген санаттары үшін жоспарлы және шұғыл стоматология, медицналық көмектің кепілдік берілген көлемінен асатын стационарлық медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бағытында, жоспарланған саны шегінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек немесе муниципалитеттер бағыты бойынша медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен асатын жоспарлы стационарлық көмек, уәкілетті органдар анықталған аурулардың (жағдайлардың) тізіміне сәйкес БМСК немесе МД бағытындағы медициналық оңалту және емдеу, патоанатомиялық диагноз қызметтері де енген.
Аталмыш жүйені енгізуге №1 қалалық емхана толығымен дайын. Келесі жылдың басынан осы жаңа жүйе бойынша жұмыс істейтін болады.
Жалпы, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген абзал. Әрдайым денсаулыққа көңіл бөліп, уақытында аурудың алдын алған жөн.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77