Біздің Қостанай

Ұлыстың Ұлы күні – Ұлық мереке

Оспановтар әулеті үшін Наурыз мейрамының мәні зор

Қостанайлықтар былтыр Наурыз мерекесін ауқымды тойлай алмады. Оған себеп әлем бойынша індеттің белең алуы.

Осыған дейін өздеріңіз білетіндей, облыс орталығындағы басты алаңда ақшаңқан ақ үйлер тігіліп, ұлан асыр той өтетін. Думан думанға ұласып, ұлттық ойындар ойнатылып, түрлі тағамдар ұсынылып, тұрғындар мен қала қонақтары наурыз көжеден дәм тататын.

Биыл, пандемияның салдарынан бұқаралық іс-шараларды өткізуге тиым салынды. Сол себептен де биыл да, наурыз мерекесін әр жанұя өздерінің отбасында атап өтулеріне тура келеді.

Салт-дәстүрді берік ұстанып, баба жолынан жаңылмаған Оспановтар әулеті жыл сайын Наурыз мерекесін отбасымен атап өтеді.

Бұл күні ертесімен Бақытбек ақсақалдың ұлдары мен келіндері немере, шөберелері «Ұлыс оң болсын» айтып қара шаңыраққа жиналады.

Ақ дастархан жайылып, отбасының, ел-жұрттың жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі тарқатылады. Дәм соңында Бақытбек ата Наурыз батасын беріп, ел-жұрттың амандығын тілейді, артынша аруақтарға құран бағышталады.

Бақытбек ақсақал дін жолындағы, бес уақыт намазына берік жан.

Ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, әулеттен шыққан батырлардың ерлігін немерелеріне баяндаудан жалыққан емес.

– Балаларға жеті атасын үйрету міндетіміз. Арғы ата аты-жөнін біліп қана қоймай, ол кісілердің қандай қызмет істегенін, ерлік істерін қоса баяндауымыз керек. Біз орта жүздің ішінде арғын тайпасына жатамыз. Орта жүздің таңбалық белгісі «шексіздік». Арғы атамыз Аманжол Шақшақ деген батыр болған.

Шақшақ жауға шапқанда «Аманжол» деп ұрандайды екен. Мінекей, Шақшақ, Көшей, одан Қошқар тарайды. Қошқардың өзінен үш ұрпақ тараған. Олардың үлкені Тұрлығұл торғайдың тұңғыш рухани ұстазы атанған кісі, ортаншысы Жәнібек, тұңғыш тархан атағын алған батыр, кішісі Тінібек, ол кісі ел қорғау жолында, жау қолынан қаза тапқан, сол себепті ұрпақ тарамады. Қошқардың Тұрлығұлынан 4 бала. Үлкені Барғана одан 5 бала. Сүйіндіктен 6 ұл болған. Жаңқожадан 4 ұл болған. Тоқтауылдан 9 ұл болған екен. Сол 9 ұлдың алтысынан ұрпақ бар.

Қалғандары соғыста немесе түрлі жағдайлармен қайтыс болған. Тұрлығұлдың Тоқтауылынан Сансызбай біздің үлкен әкеміз. Сансызбайдан сегіз ұл. Сағыр деген ұлынан Түркебай, Еркебай туады, Түркебайдан Омар. Омардан Бекежан, Оспан, Ілияс, Бәтима туады.

Оспанның алты баласы бар. Ең үлкені Әбдірахман. Ол 1937 саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып атылып кеткен екен. Екінші ұлы Әлмағамбет молда болған кісі, Арқалық қаласындағы мешіт осы атамның атымен аталады. Көзі тірісінде 54 мешіт басқарған, мухтасиф болған, өте діндар адам. Жармағамбет айтыскер ақын болған, Деріпсалды, Шүйіншіәлі, Кенжетай туады. Алты баланың кенжесі Кенжетайдан біз тараймыз. Атамыз ұстаз болған. 1942 жылы соғысқа алынып, 1946 жылы аяғынан ауыр жараланып елге қайтқан. Торғайда ұстаздық қызметін қайта жалғастырған. Кенжетайдан мен Бақытбек жалғыз ұл, – деп шежіре тарқатты Бақытбек ақсақал.

Ал, Бақытбек атадан үш ұл, Жасұлан, Марғұлан, Асылан. Жасұланнан Нұрасыл, Ерасыл, Марғұланнан Дінасыл, Асыланнан Жанасыл, Бекасыл туған.

Ұлдарының барлығы өнер мен мәдениет айналасында қызмет етеді.

Немерелері алғыр, зерек, жеті аталарын жатқа біледі. Бірінен соң бірі іліп әкетіп, айта жөнеледі.

Кенжесі Асылан әулеттің шежіресін арнайы тапсырыспен қазақы нақышта өрнектеп, үйдің төріне үлкен етіп жасатып қойыпты.

– Үйде шежіре кітабы бар, алайда қолдан қолға өте берген соң тозып қалады. Ал, мына шежіре көзге көрініп тұрады. Үйде ойнап жүрген балалар көріп оқи-оқи жаттап алады. Одан қалды, үйге келген дос-жаран, құда-жегжат шыққан тегімізді қарап көріп біледі. Ұлдарым Құдайға шүкір, жатқа біледі, мектепте мұғалімі сұраған жағдайда айтып беріпті. Менің ойымша, аң-құс пен өзгеде суретті жарға ілгеннен гөрі, осындай тағылымды дүниені көзге көрсетіп қойғаным дұрыс болды, – дейді қара шаңырақ иесі Асылан Бақытбекұлы.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің басшысы лауазымындағы Марғұлан Бақытбекұлы ұлттық киімдерімізді тек Наурызда ғана кимей, жиі-жиі қолдансақ жөн еді деген ұсыныс жолдады.

– Ата-бабамыздың ертеден тойлап келе жатқан Наурыз мейрамына, өкінішке қарай, пандемияға байланысты көптеген мәдени іс-шараларға шектеу қойылды.

Онлайн форматта қаншама кездесулер өткізіліп жатыр. Десе де, жүзбе-жүз кездесіп, бетпе-бет емен-жарқын әңгімелесіп той-думанның ортасында болғанға не жетсін?! Наурыз айы алғаш Көрісу күнімен басталады. Көрісу – аты атап тұрғандай, адамдардың көрісуі, кездесуі. Қақаған қыстан аман шыққандарымен бір-бірімен хәл сұрасуы. Наурыз тек адам баласы үшін ғана емес, табиғаттың, әрбір тіршілік иесінің мерекесі болып есептеледі. Осы мейрамдарға ұлттық құндылықтарымызды қоса білсек, бұрыңғы ата-бабамыз тойлаған дәстүрлі Наурызды көреміз. Күнделікті кие бермейтін, ұлттық киімдерімізді тек осы күні киіп жатады.

Осындай керемет қазақтың киімі мен ою-өрнегін тек Наурызда ғана емес, жыл он екі ай бойы барлық қазақтың үстінен көрсек дейміз ғой…, – дейді Марғұлан Оспанов.

Ең бастысы құндылықтарды дәріптеп, әр мейрамға атүсті қарамай, ұлттық деңгейде ұлықтай алсақ игі. Өзге ағайынға бұл мереке тек сауық-сайраннан тұрмайтынын, дарақылыққа жол бермей, дәстүрден аттамай, мән-мағынасын ұғыну басты міндет. Наурыз құтты болсын, ағайын!

Сералы Мырзабай


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77