Қарагөз Сыздыгалина бүгінде табысты кәсіпкерге айналған
Әлімді дүр сілкіндірген коронавирус жұқпалы дертіне байланысты өңірімізде былтыр 16 наурызда төтенше жағдай енгізілген болатын. Міне, осы дерттен қорғану мақсатында енгізілген шектеу шараларымен жүргенімізге де бір жылдың жүзі болыпты.
Осы уақыт ішінде халықтың жағдайы жақсы болды деп айта алмаймыз. Кәсіптері тұралап, күнкөріс көзін іздеп жүрген жандарды да жолықтырдық. Көп жылдар қатарынан жеке кәсібін ашып, қомақты қаражы тауып отырған жандардың жұмысын өзгертіп, басқа қызметке орналасып жатқанын да естідік.
Менің бүгінгі кейіпкерім Қарагөз Сыздыгалина да осындай карантин уақытда қолы үйренген кәсібін өзге кәсіпке ауыстырған жандардың бірі. Осынау өзінің жеке кәсібін ашып, қаражат тауып отырған жанмен арнайы жолығып, тілдескен болатынбыз.
– Мен карантинге дейін Қосанай қаласындағы бір мейрамханада аспазшы болып жұмыс істеген болатынмын. Атап айтар болсам, көп адам жиналатын тойларда, ас беру жиындарда басбармақ дайындайтын едім. Елімізде қауіпті дертке байланысты карантин енгізіліп, үлкен мейрамханалар жабылып, жұмыстары тоқтап қалды. Мен де жұмыссыз көп уақыт үйде отырдым. Сол кездері не істерімді білмей, басқа да жұмыстарды кәсіп еттім. Кейін уақыт өте келе «менің қолымнан не келеді, қандай кәсіппен айналысуға болады» деп көп ойландым. Жастайымнан бет күтіміне ерекше мән беріп, соған бейім болатынмын.
Болашақта осы салада жеке кәсібімді ашсам деген ой келді. Сөйтіп бет күтімінің, денені уқалап, сылаудың тәсілдерін үйрететін қасқа мерзімді курсқа қатысып, арнайы сертификатқа ие болдым. Курс барысында көп нәрсе үйріндім.
Міне, бүгінде шаһарымызда қажетті косметикалық бұйымдар мен құрал-саймандарды сатып алып қыз-келіншектердің бет-әлпетін күтуге арналған сұлулық орнын ашып отырған жайым бар. Мұнда бетті тазарту, уқалап-сылау, беттегі әжімдерді кетіру, бетті қара дақтардан тазарту, терісін жұмсарту, бетті ағарту сынды қызметтерді жасаймын.
Маған келушілерде жеткілікті. Өйткені, нәзік жандылар үшін бет күтімі қашанда бірінші орында тұрады. Әсіресе көктем айларында бетке ерекше көңіл бөлген жөн. Осыны білетін қыз-келіншектер маған бірнеше рет келіп, өздерінің ризашылықтарын білдіріп жатыр. Қазір облысымызда карантин талаптары жеңілдігінімен мейрамханаларға жиналатын адамдардың саны шектеулі. Бұрынғыдай ұлан-ғасыр той жасауға әлі де тиым салынып отыр. Ал сұлулық орталықтары мен шаштараздардың қызметіне шектеу қойылмаған. Сондықтан күнделікті келушілерге сапалы қызмет көрсетіп, жұмысым тоқтаусыз жүріп жатыр, – дейді ол.
Бүгінде өткен жылы ушығып, көптеген жандардың денсаулығына үлкен қауіп төндіріп, кейбіреулерінің өмірмен қош айтысуына себепкер болған коронавирус жұқпалы дертінің толық беті қайтты деуге болмайды. Еліміз әлі де осы дертпен күресіп жатыр. Қостанай облысы көрсеткіш жағынан «Жасыл» аймақта болса да, өзіндік карантиндік шектеулер әлі де бар.
Сондықтан қауіптің әлі де сейілмегенін түсінеміз. Аурудың жаппай жұғуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантин бізге көп нәрсені үйреткені жасырын емес.
Мәселен, көбінесе жұмыс басты болып сыртта жүретіндер алыс жолдан бас тартып, отбасы ошақ қасында болды. Балаларымен көп уақыт өткізіп, олардың нені армандайтынын білді. Сабақтарына көңіл бөлді. Күнделікті істеп жүрген жұмысына көңілі толмайтын жандар сол жұмысты да жоғалтып алудың өзі қандай қиын екенін түсінді.
Карантин талаптарына байланысты кәсібі тоқтап қалғандар басқа жұмыстарға орналасып, қолдарынан басқа қандай кәсіп келетінін білді. Осылайша халық қолынан келгенше күнкөріс қамын тауап келеді.
Бұл сөзімнің шындығын кейіпкерім Қарагөз Ғалымқызының мамандығын аспаздықтан бет күтімінің маманына ауыстырғаны айқын көрсетеді. «Бір нәрсеге бір нәрсе себеп болады» деп қазақ бекер айтпаса керек. Ол көптеген жыл қатарынан айналысқан кәсібін басқасына ауыстырғанына еш өкінбейді. Керісінше, карантиндік талаптар өзінің жеке кәсібін ашып кәсіпкер атануына себеп болғанына қуанады.
Бүгінде оның өзінің жаңа кәсібімен айналысып, күнделікті напақасын тауып отырған жайы бар. Қолына алған ісін үлкен жауапкершілікпен жасап, оның сапасына ерекше ден қоятын маманның жұмысына көпшілік те дән риза.
Ол әрдайым жұмысына деген адалдықты бірінші орынға қойып, тұрақты келушілерге кәсіби кеңес те беріп отырады. Ең бастысы карантин оны жаңа бақытта жаңа қызметте еңбек етуге үйретті.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77