Біздің Қостанай

Ербол Әлмұхан: «Анам кастингтен өткеніме сенбеді…»

«Алматы армандардың орындалатын қаласы»

Аймаққа «Жайдарман» ойындары арқылы танылған жайдарманшы, қазіргі таңда «Сержан братан» сериялына түсіп жүрген, кино әлеміне құтты қадам жасап, машықтанып келе жатқан жас актер Ербол Әлмұханмен «Біздің Қостанай» газетінің тілшісі байланысқа шығып, тікелей сұхбат ұйымдастырған болатын. Сол сұхбаттың жазбаша түрін назарларыңызға ұсынамыз.

– Қостанай өңірінде туылғаныңмен нақы қай елдің баласы екеніңді айтып кетсең. Балалық шағыңа оралсақ. Бала Ербол қандай болды?

– Балалық шағым Қостанай облысы, Арқалық қаласында өтті. Бала Ербол өте мазаң, бұзық болды. Оқып жүргенде мектепішілік Жайдарман ойындарына қатысып жүрдім. Кейін рудныйға колледжге оқуға түскенде ол жақта да ойнадық. Жоғары лигаға дейін шығып жүрдік. Жайдарманға қатысқаннан ешнәрседен ұтылған жоқпын.

– Біліуімізше қазір Алматыдасыз. Мақсат-меже қандай болды?

– Алматы өнер ордасы ғой. Өнерге қызыққан, осы жолда жүргендердің барлығы осы қалаға келеді, келгілері келеді. Мен де осы қалаға келуді мақсат еттім. Алайда оқуға түсу мүмкін болмады. Кейін Рудныйдағы оқуымды бітірген соң бәрі-бір Алматыға келдім. Мен де кішкентайымнан осы қалаға келуді армандадым, оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Кейін оқу бітірген соң жөні болар деп Алматыға кетіп қалдым. Мұнда келгеннен кейін түрлі кастингтарға барып жүрдім. Барған жерімнің барлығы «жақсы, хабарласамыз» деп шығарып салып жүрді.

Бірақ ешбірінен хабар болмады. Арада уақыт ұзап кеткеннен кейін, үмітімді үзе бастаған едім. Киноға түсу үшін таныс болуы керек, «инстаграмдағы» жазылушыларың көп болуы керек деген ойлар қалыптаса бастады. Кейін елдегі жағдайға орай, карантин шектеулері енгізіле бастады.

Салым суға кетіп Қостанайға қайттым. Бұл жақта вайндар түсірумен айналыстым. Алматыға жол түсіп фестивальге бардық. Сол уақытта «Сержан баратан» киносына кастинг жүріп жатыр екен, өзімді тағы сынап көруге бел будым. Бұрын көп кастингтерден жолым болмай жүрген соң, бұған аса көңіл де аудармадым. Кейін бірер күннен кейін өттіңіз деген хабар келді.

– Хабар алғаннан кейін ең бірінші кімге хабарластыңыз? Ата–анаңыз қуанған болар?

– Ең бірінші анама хабарластым. Бір жылдай кастингтерге барып, ақырында одан өте алмай жүргендіктен, бұл жолы кастингтен өткеніме аса сеніңкіремеді. Қанша сендіріп бақсам да қатты қуанышын да білдірмедім. Тек киноның алғашқы сериясы шыққанда ғана көзбен өзі көріп сенді ғой әйтеуір (күлді).

– Бізге беймәлім кадр сыртындағы қызықтармен бөліссеңіз? Қандай оқыс оқиғалар болды?

– Ой, кадр сыртында күніне біршама қызықтар болып жатады. Бір эпизодты бірнеше рет 10-15 рет түсірген кездер де болды.

Жайдан жай қайталап түсірмейді ғой, дұрыс айта алмай қаласың, жөнді істей алмай жатамыз. Кейін ұжым болып отырғанда сол кезді еске алып, әзілдеп жататын шағымыз да болады. Түсірілім барысында қатты қиындықтар туындаған жоқ. Әзілге жақын болғандықтан, кейіпке енуге қиналған жоқпын. Тек мәтін жаттау кезінде орысша сөздер болғандықтан тіліміз күрмеліп қалып жатты.

– «Сержан братан» арқылы желіде танылып қалдыңыз ғой, фотоға түскісі келетіндер баршылық болар?

– Әрине, қала көшелерінде немесе сауда үйінде жүргенде көп адамдар танып жатады. «Сержан братан» деп жақындап жатқанда іштей қуанып қаласың. Фотоға да түсеміз. Ол жағынан ешкімді ренжітіп жатқан жоқпын.

– «Адамдарға позитив сыйлап жүргенді жақсы көремін». Бұл сіздің сөзіңіз…

– Иә, мен ол сөзді жай айта салғаным жоқ. Қазір айналамызға көз тастайтын болсақ, бір-біріне жылы шырайлары жоқ, күйбең тіршілікпен зыр жүгіріп жүрген тіршілік, қарбалас өмір болып кетті. Көп жандарға жәй ғана күлу арқылы өзіңе де өзгеге де көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, күнді сәтті өткізуге болатынын түсіндіргім келеді. Өзім көлікпен жүргенде де терезені түсіріп тастап, келесі бір көлік иелерімен амандасып, сәтті күні тілеп жүремін. Ол адамда қуанып, сергіп қалады. Оны көрген сенің де көңіл күйің көтеріледі. Адамдарға жай күлкінің өзі, тым болмағанда сол күнді жайдары өткізуге себеп болатынын айтқым келеді.

– Ашық әңгімеңізге рақмет! Толағай табыстар тілейміз.

Әйгерім ТӨЛЕПОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77