Социум

Қазақ тілін үйренемдеушілерді «Сөйле Time» клубы күтеді

Ең бастысы үйренсем, білсем деген ниет болсын

Өңірімізде қазақ тілін үйренем деушілерге жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімованың бастамасымен аймақта «Сөйле Time» клубы наурыздың 19-да Ы.Алтынсарин мемориалды музейінде салтанатты түрде ашылған болатын.

Аталмыш клубтың ашылуындағы басты мақсат – қазақ тілін үйренемдеушілерге сауатты тіл үйрету яғни олардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне көмек көрсету еді.

Міне, осы мақсатта облыс орталығындағы «Тіл дарын» оқыту орталығы мен өнердің қара шаңырағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында офлайн режимде оқыту сабақтары өткізілді. Мұнда келіп, тіл үйренем дегендердің қарасы көп болды.

Олардың көпшілігі мемлекеттік тілдің көп жерлерде қажет болатынын ескеріп, оны толық меңгеріп алуды қалайды. Осындай жандар үшін «Сөйле Time» клубының есігі әрдайым ашық.

Тіл үйрету клубының жұмысы барлық әлеуметтік желілер арқылы да жүргізіліп жатыр.

Осынау бастаманың басы-қасында жүрген облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменованы сөзге тартқанымызда, ол:

– Мұндай тіл үйрететін клубты ашар алдында біздің басқарманың қызметкерлері жан-жақты зерттеу жүргізді. Біз осындай клубтардың шет елдерде жұмыс жасап жатқанын білдік. Онда жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстық. Содан кейін облысымызда осындай қазақ тілінде сөйлеуді үйрететін клубтың жұмысын белсенді жүргізіп отырмыз. Бүгінде «Сөйле Time» клубы көпшіліктің қызығушылығына ие. Бізге келіп қазақ тілін үйреніп жатқандардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері. Оларға қазақ тілін үйрету барысында біз музейлердегі көрмелерді тамашалатып, театрдағы әртістердің қойылымдарын көрсетіп, қазақ тілінде сұрақтар қоямыз. Осы жолмен тіл үйрену тиімді екеніне көзіміз жетті. Сондай-ақ бұл жерде ең бастысы қазақ тілін үйренемдеушілердің сабақты үзбей үнемі атсалысып тұрулары қажет. Сонда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады, – деді.

Бір қараған жанға қазақ тілі қиынға соғатын қытай тілі емес. Кейбір қандастарымыз сол қытай тілін де меңгеріп алып жатыр. Бірақ солардың арасында өзінің ана тіліне келгенде мүдіріп қалатыны кездесіп жатады. Сол кездері ішіңнен «сен үшің қытайдың тілінен ана тілің қиын болғаны ма» деп қаласың. Қытайша, ағылшынша, французша еркін сөйлеп, ана тілінде сөйлеуге тілдері келмей жатқаны қынжылтады… Ең бастысы әрдайым санамызда үйренсем, білсем деген ниет болсын әрине.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77