Социум

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

Облыстық «Тілдарын» тіл оқыту орталығының тыныс-тіршілігі жайында

Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығы облыс әкімінің қаулысына сәйкес 2007 жылы құрылып, мемлекеттік, ағылшын және өзге тілдерді оқытуды ұйымдастырып келеді.

Бүгінде бұл орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр Отан» партиясының ХХ съезінде «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз» – деген сөздерін басшылыққа алып, ҚР тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын кезең-кезеңмен жүзеге асыру мақсатында елеулі жұмыс атқарып келеді.

Орталықтың атқарып жатқан жұмысын көрсету мақсатында бізде осынау орталықтың тыныс-тіршілігімен толық танысуды ұйғарып, арнайы ат басын бұрып, басшысы Жұлдызай Ербатыровамен тілдескен болатынбыз.

Қазіргі таңда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының тыңдаушыларының жалпы саны 1234, оның ішінде 839 адам мемлекеттік тіл бойынша, 322-сі ағылшын тілін, қалған 73-і этникалық таптардағы ана тілдерін яғни татар, башқұрт, кәріс, армян, түрік, поляк тілдерін үйреніп жатыр.

Сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту курсы Қазтест жүйесінің деңгейлік сатысына сәйкес А1 қарапайы, А2 базалық, В1 орта, В2 ортадан жоғары, С1 жоғары деңгей ҚР Ұлттық стандартына және бірүлгі бағдарлама бойынша жүргізіледі. Ағылшын тілі курстары қарапайым және базалық оқудың екі деңгейіне негізделген.

Бүгінде орталықта оқыту жұмыстары онлайн форматта жүргізіліп жатыр.

– Еліміздегі пандемия жағдайына байланысты 2020 жылы 1 сәуірден бастап «Тілдарын» орталығы және 16 аудандық, 3 қалалық тілдерді оқыту орталықтары қашықтан оқуға көшкен болатын. Біздегі курс сабақтары Zoom платформасында, WhatsApp мессенджері, әлеуметтік желілер Instagram, Facebook арқылы да жүргізіледі.

Біздің орталықта қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытатын 6, ағылшын тілін 2, этникалық тілдерді оқытатын 3 оқытушы жұмыс істейді. Қашықтықтан оқыту оқытушылардан кәсіби-педагогикалық шеберлікті және көп дайындықты талап етеді. Тыңдаушыларды сабаққа қызықтыру, оқу процесін түрлендіру үшін орталық әдіскер-оқытушылары өз сабақтарында quiz.com, triventi.com, quizlet.com, learningApps, kahoot, QR-kod, onlaintestpad, klassroom сияқты веб-сервистерін тиімді пайдаланады, – дейді Жұлдызай Қабдімәжитқызы.

«Тілдарын» оқыту орталығы өткен жылы айтулы даталар Абай Құнанбаевтың 175, әл-Фарабидің 1150, ҚР Конституциясының 25, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдықтарына орай интелектуалды-танымдық, панорамалық ашық сабақтар, онлайн дөңгелек үстелдер, вебинарлар, семинарлар ұйымдастырды. Сонымен қатар үстіміздегі жылы қысқа мерзімді курстармен қатар Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімованың тапсырмасына сәйкес қазақ тілін еркін форматта үйрететін «СөйлеTime» клубын наурыз айынан бастап іске қосқан болатын.

Бұл клуб қазақ тілін үйренемдеушілердің аптасына бір рет әртүрлі алаңдарда мысалы, мұражай, кітапхана, театр, ірі сауда орталықтары, «Тілдарын» оқыту орталығының кабинеттері, орталық саябақтар басқа да әлеуметтік-мәдени орталықтарда басын қосып, тақырыпқа сәйкес қазақ тілінде сөздік қорларын молайтып, әңгіме өрбітеді.

Осы уақытқа дейін клуб мүшелері бес мәрте бас қосып, қазақ тілінде берілген мақал-мәтелді жалғастыру, жаңылтпаштарды тез оқу арқылы төл дыбыстардың айтылуына мән беріп, суретті ребустарды шешіп, рөлдік ойындарға қатысып, виктариналық сұрақтарға жауап беру арқылы ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға мән берген.

«СөйлеTime» клубының қатысушыларының жас ерекшелігі және тілді меңгеру деңгейі де әртүрлі. Олар клубтың жұмысын БАҚ-нан және әлеуметтік желілер арқылы естіп-біліп өздері келіп, қазақ тілін үйреніп жатыр. Мемлекеттік тілді үйретуде білікті тіл мамандары кәсіби шеберліктерін пайдаланып, келушілердің қазақ тілінде еркін ойын білдіре алуларына өз көмектерін көрсетуде.

– Біз үшін орталық мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру маңызды рөл атқарады. Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен былтырғы жылы маусым-қараша айлары аралығында онлайн режимде Назарбаев университетінен, Қарағанды облыстық ресурстық орталығынан, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығынан жоғары білікті тілші-ғалымдарды, сондай-ақ «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтынан маман-тренерлерді тарта отырып, аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтарының әдіскер-оқытушылары үшін біліктілік арттыру семинарлары бірнеше мәрте ұйымдастырылды.

Сонымен қатар аталмыш семинарларға Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстық тілдерді оқыту орталықтарының да мамандары қатысты. Бұл семинарлар оқытушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, білімдерін арттыру үшін өте маңызды болды, – дейді Жұлдызай Ербатырова.

Тағы бір ерекше атап өтетін жайт орталықтық оқытушы-әдіскерлері ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған «Қашықтықтан оқып, тіл үйрен» республикалық акциясына қатысып, республикалық деңгейде ONLINEbol тікелей эфирінде бір ай бойы сабақтар жүргізді.

Сондай-ақ тіл үйренушілердің алған білімдерін қайталау және бекіту мақсатында қараша айынан бастап орталық YouTube арнасын іске қосты. Осыдан кейін орталықтың тыңдаушылары үшін тақырыптық бейнесабақтар қолжетімді бола түсті.

Міне, «Тілдарын» оқыту орталығының жұмысы осылайша бір ізде жүріп жатыр. Мұнда атқарылған барлық жұмыстарды кез-келген жан Instagram, Facebook желілерінен және Тілдарын.kz сайтынан біле алады.

Орталықтың қызметкерлері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны көпшілікке насихаттау, курс тыңдаушыларының қатарын көбейту, тіл үйренушілерді ынталандыру мақсатында тынбай еңбек етіп келеді. Жыл сайын арнайы «Ашық есік күні» акциясын да ұйымдастырып тұрады.

Тіл үйренем деушелірді мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді тегін оқыту курсына шақырады. Сонымен қатар «СөйлеTime» клубына келемдеушілерге де есік ашық. Ең бастысы үйренсам, білсем деген ниет болса болғаны.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77