Социум

Бүгін қасиетті Рамазан айының соңғы күні

Ораза айт намазы мешіттердің ауласында, ашық аспан астында оқылады

Бүгін күллі мұсылман қауым үшін мың айдан да қайырлы болған қасиетті Рамазан айының соңғы күні. Мамырдың 13-і күні ұлық мереке – Ораза айт басталады. Ораза айт бір ай бойына шын ниетімен ораза ұстаған, әр күнін жақсылық жасаумен өткізген пенденің құрметке, марапатқа ие болатын шағы.

«Алла Тағала құдси хадисте: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – деген.

Былтыр ораза айт намазын оқуға рұқсат етілген жоқ. Ал, биыл ораза айтты мешіт ауласында санитарлық талаптарды сақтай отырып оқылады.

– Қасиетті он екі айдың сұлтан Рамазан айының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Былтыр өздеріңіз білетіндей елдегі ахуалға байланысты, Ораза айт намазын оқуға рұқсат етілмеді. Аллаға шүкір дейміз, биыл барлық мешітердің ауласында, ашық аспан астында, санитарлық талаптарды сақтай отырып айт намазы оқылады. Оны да Алланың бізге берген жеңілдігі, нығметі, жақсылығы деп есептейміз. Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Айт намазының өзге намаздан ерекшелігі, айт намазының әрбір рәкатында үш тәкбір айтылады, – деп атап өтті Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов.

Айта кету керек, Рамазан айы 12 мамырда аяқталады, мамыр айының 13-і күні Қостанай облысының барлық мешіттерінде таңғы сағат 7:30-да Ораза айт намазы оқылады.

Осы тұрғыда Діни басқарма мешітке баратын қазақстандықтарды сақтық шараларын сақтауға шақырды. Онда, бетперде киіп келу; үйден дәрет алып келу; намаздан соң қол беріп амандаспау; намаздан кейін көп кідірмей үйге қайту; жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу; науқастар мен әйелдердің айт намазына қатыспағаны абзал делінген.

Сонымен қатар, Рамазан айында мешіт асханаларында жамағатқа ауызашар берілген жоқ. Соны ескерген, ҚМДБ өкілдігі сол қаржыны мұқтаж жандарға таратуды жөн көрген. Қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің өкілдері де демеушілердің көмегімен мұқтаждарға көмектесті.

– Жылдағы берілетін ауызашар індетке байланысты берілмеді. Соны ескере келе ауызашарды басқа дәстүрде ұйымдастыруға тура келді. ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен барлық облыс, аудан, ауыл көлемінде «Рамазан шуағы», «Ораза қоржыны» деген қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Демеушілердің көмегімен, әлеуметтік жәшіктер жабдықталып, көп балалы отбасыларға, жағдайы төмен жанұяларға, мүгетектігі бар адамдарға азық-түлік таратылды. Мешіт өкілдері үйді-үйлеріне апарып беріп, сол кісілердің батасын алды. Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті 1 млн 700 мың теңге көлеміндегі қаржыға, әр отбасыға 10 мың теңге азық-түлік сатып алып 170 отбасыға көмектесті, – деп атап өтті Шоқан қажы Әмірханов.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77