Спорт

Қостанайда қазақ күресінен  мұғалімдер арасында «Ұстаз барысы» ашық турнирі ұйымдастырылды

Жарыс жеңімпаздары «Ұстаз барысы» белдігін иеленіп, демалыс орнына жолдама алды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай Қостанайда тұңғыш рет «Ұстаздар барысы» турнирі ұйымдастырылды.

Аталмыш жарыстың өтуіне Ғ. Қайырбеков атындағы орта мектеп пен Ы.Алтынсарин атындағы мұражай және Қостанай облысы мәдениет басқармасы ұйытқы болды.

– Ұлттық спорт түріміз қазақ күресінің үлкен мерекесі өтіп жатыр. Бұл шара Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналуы өте заңды. Мектеп аясынан бастау алған жарыс, міне өздеріңіз көріп отырғандай облыс деңгейіне жетті. Ұстаздарымыз әр өңірден келіп қосылды, менің ойымша бұл бастамадан артық жастарға өнеге керегі жоқ. Осы шараны барынша насихаттауымыз қажет. Қазақ күресінің мәртебесі жыл сайын артып келеді, ары қарай да өркендей берсін, бәріміз үлес қосайық. Ұлттық өнеріміз, ұлттық дәстүріміз, ұлттық спорт түрлері дами берсін, – деді ашылу салтанатында мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Күреске қатысуға облыстың түкпір-түкпірінен келген 44 балуан боз кілемде бақ сынасты. Білім мен спортты қатар алып жүрген ұстаздарға жаснкүйерлері қолдау білдіріп отырды.

Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлдеге Арқалық қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі Әбдіқадір Нұрқадыр ие болса, ауыр келі салмақта Қостанай қаласы №27 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Нұрымбет Жасұланның қанжығасы майланды.

Жарыс жеңімпаздары арнайы жасалған «Ұстаз барысы» белдігіне және демалыс орнына сертификатқа ие болды. Екінші, үшінші сатыға тұрақтаған балуандар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77