Біздің Қостанай

Құнды жәдігер көпшіліктің назарында

Қанжығалы руынан шыққан Айтбай батырдың дулығасының музейде тұрғанына 10 жыл

Қазақ халқы ержүрек батырлардан кенде болмаған. Ықылым заманда ұлан байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған да батыр бабаларымыз.

Менің бүгінгі мақаламның арқауы болып отырған Қанжығалы руынын шаққан Айтбай батыр. Қостанай облысына қарасты Сарыкөл ауданы маңайында дүниеге келген Айтбай батыр Жоңғар шапқыншылығында батырлығымен ерекше көзге түседі. Сол кездері Абылайханның қоластында болып, жерімізге көзалартқан шеті көрінбейтін қалың Жоңғарлардың шапқыншылығына қарсы тұра білген батыр деген дерек бар.

Айтбай батырдың қатардағы жауынгер ғана емес, қол бастаған ерлігі ерен батыр деп атауымыздың бір себебі бар. Ол қандай себеп десеңіз, Қостанай-Торғай өңірінде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген бірнеше батыр¬дың сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген екен. Солардың ішінде ел мен жер үшін жоңғарларға қасқайып қарсы тұрған Айтбай батыр да бар.

Жоңғарларға тойтарыс берген, майданда ерлік көрсеткен батырдың дулығасының облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталып тұрғанына биыл 10 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде музейдегі экспонатқа қала тұрғындары ерекше қызығушылық танытып, музейді аралаған меткеп оқушыларына батыр жайында толық мәліметтер алды.

Тарих қойнауында қалған батыр бабаларымызды танып, олардың ерлігін жете түсіну біздің парызымыз болса керек. Осынау киелі де қасиетті дулыға батырдың ұрпақтарынан бірінен-біріне беріліп, алтыншы ұрпағы Мұрат Жанұзақовтың қолына табыс етіледі. Бұл жәдігерді оған анасы аманат етіп береді.

Дулығаны батырдың алтыншы ұрпағы Мұрат Жанұзақов үйінде көзінің қарашығындай сақтап, 2011 жылдың қаңтар айында музей қызметкерлеріне табыс етуді ұйғарады.

Оның бұлай жасауына үйлеріне арнайы барып, «Сіздерде осындай тарихи жәдігер сақталып келеді екен, музейге тапсыруға қалай қарайсыздар» деген музей қызметкерлерінің өтініші себеп болған. Кейін ойласа келе батыр бабаларының тарихын жерлестері біліп жүрсін деген мақсатта қасиетті дулығаны музейге тапсырған.

Бүгінде музейде сақталып тұрған дулығаның пішіні жартылай күмбез тәрізді, металдан тұтас құйылған, жиегінде мойынқорғағышты бекітіп ұстап тұратын қайырма шегелердің орындарының тесігі қалған.

Төбесінде түтігі бар (ұзындығы-25 см) оған төбелдірік орналастырылған. Бірақ дулығаның элементтері сақталмаған. Темірі аздап кемірілгенмен пішіні жақсы сақталған. Өлшеміне келсек, диаметрі-20 см, биіктігі-13 см болады. Ер адамның қашанда бас киімі киелі де қасиетті болып саналған. Сондай-ақ батырлардың да жауға шабар дулығасы ерекше ждаһаттылықпен жасалып отырған.

Айтбай батырдың сақталып келе жатқан дулығасы жайында мәліметтер алу мақсатында тарихи-өлкетану музейінің экскусиялық және мәдени білім беру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Мұратбековамен арнайы жолыққанымызда, ол:

– Біз осыдан он жыл бұрын Сарыкөл ауданының маңайында дүниеге келген батырдың дулығысы ұрпақтарының қолында деген мәліметті естідік. Содан кейін бұл тарихи жәдігерді алып, жерлестерімізге таныстыруды жөн көрдік.

Әрине, мұндай жәдігерлер ұрпақтарының рұқсатымен ғана алынып, музейге қойылады. Сондықтан музей қызметкерлері және тарихшылар 3-4 адам болып, батырдың алтыншы ұрпағы Мұрат Жанұзақовтың шаңырағына бардық. Мән-жайды түсіндіріп, құны жәдігерді музей қорына тапсыруға қалай қарайтындарын сұрадық. Ол кісі бізге бірден келісім бере қойған жоқ. Біз 2011 жылдың желтоқсан айында ол кісімен жолықтық. Кейін арада бір ай өткен соң қаңтар айында олар бізге хабарласып, ата-бабасынан қалған құнды жәдігерді музейге қоюға келісетіндерін хабарлады.

Мұндай жәдігерлер музейлерде өте сирек кездеседі. Міне, содан бері арада 10 жыл уақыт өтіпті. Батыр бабамыздың дулығасы қалалықтардың да қала қонақтарының да қызығушылығын тудырады. Көптеген келушілер бұл кімнің дулығасы, ол кісі жайында айтып берсеңіздер деп сұрап жатады.

Осылайша киелі Түркістан жеріндегі Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген ержүрек, жаудан беті қайтпас батыр бабамыз Айтбай батыр жайында көпшілікке мәлімет беріп келеміз, – дейді.

Батыр бабаларымыздың ерлігін, қай жерде туып өскенін келешек ұрпақ біліп өсуі керек. Бұл нағыз құнды дүние. Өткенімізді білмей болашаққа сенімді қадам баса алмайтынымыз да белгілі. Сондықтан тарихқа терең үңілетін кез жеткендей. Қазақтан шыққан батыр да, ақын да, дана да аз емес. Соларды танып білу бізге парыз болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77