Қанатын кеңге жайған «Большевичка» фабрикасының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында
Түп тамыры сонау Ұлы Отан соғысы кезінен бастау алған «Большевичка» тігін фабрикасы бүгінде сапалы да қолжетімді киім тігумен айналысып келеді. 1941 жылдың күзінде фабрика қанды майданға аттанған жауынгерлерге киім тігіп, жыртық киімдерді жамап, қайтадан соғыс алаңына жіберіп отырған. Елімізде осынау аты аңызға айналған тігін фабрикасын білмейтіндер жоқ шығар.
Атағы кеңге жайылған «Большевичка» фабрикасы облысымыздың мақтанышы. Мұнда тігілетін киімдер қашан да сапасымен алда келеді десек қателеспеген болармыз.
Осы жұмысы қыз-қыз қайнап жатқан тігін орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында, фабриканың басқарма төрағасының орынбасары Арсен Жетписпаевпен арнайы жолығып, көкейімізде жүрген сауалдарымызға жауап алған болатынбыз.
Бүгінгі таңда фабрика ұлттық ұлан, прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және мектеп оқушыларына форманы мемлекеттік тапсырыс арқылы тігеді.
Киім Қытай, Ресей, Америка, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және өз елімізде жасалатын маталардан тігіледі. Отандық өнімді қолдану саясатын бұл фабрикадағылар толық құптайды, бірақ елімізде өндірілетін маталардың бағасы тым жоғары екенін айтады. Ал Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жасалатын маталардың бағасы әлде қайда қол жетімді екенін жасырмайды.
Әрине, Америка мен Түркияда жасалған маталардың сапасы да бағасы тым жоғары екені айтпасақта белгілі. Осыған байланысты бұл маталардан тігілген киімнің де құны шарықтап шыға келетіні анық.
Қазіргі таңда фабрикада барлығы 250 адам жұмыс істейді. Олар тігін тігетін, киім пішетін, тігін машиналарының жұмысқа сай болуын қадағалайтын және басқа да жұмыс барысында қажетті функцияларды орындайтын бөлімдерде міндеттерін атқарады.
Көп жылдан бері жұмысы бірқалыпқа түскен фабрикада бүгінде еңбек етіп жүрген жастардың қарасы көбейіп келеді. Сондай-ақ жастық шағынан зейнеткерлікке шықса да, тігіншілікпен айналысыр келе жатқан тәжірибелі де білікті қызметкерлер де жеткілікті. Кеше ғана тігіншілік мамандығы меңгеріп, келген жастарға осындай тәжірибелі де мейірімді жандар жұмыстың қыр-сырын үйретіп, олардың білікті маманға айналуларына өзіндік көмектерін көрсетіп отырады.
Сондай-ақ фабрикада тігін машиналары мен пішуге арналған құрылғылар уақыт өте жаңартылып, толық жетілдірілген техникалар қолданысқа енгізілуде. Мұндай заманауи техникалардың қызметкерлердің уақытын үнемдеуге тиімді екені белгілі. Бір уақытта бірнеше жылдам және сапалы жұмысты атқаратын қазіргі техникалар фабриканың көп тапсырыс алып, оны белгіленген уақытында толық аяқтауына септігін тигізеді.
Тағы да бір ерекше атап өтетін жайттың бірі, фабрикада мемлекеттік тапсырыстың сыртында сатылымға қойылатын күртеше, жекет, құрылыс және басқа киімдер тігіледі. Фабриканың өзінде тігіліп, сол жерде сатылатын өнімдердің бағасы киім дүкендерімен салыстырғанда арзан. Сапасы да көңіл көншітеді. Мұндай кейімдерді кез-келген уақытта фабриканың ішіндегі дүкеннен қол жетімді бағада сатып алуға болады.
Фабрика қазір мемлекеттік тапсырыс пен жеке сатылымға қойылатын киімдерді тігіп табыс тауып отыр десек те, басшылықтың айтуына қарағанда мектеп формаларының тапсырысы әлі аз. Елімізде әлде де бірыңғай мектеп үлгісі толық енгізілмегеніне байланысты, формаға деген тапсырып көп болмай тұр. Келер жылы еліміздегі барлық білім ордаларына біркелкі мектеп формасы енгізіледі деп күтілуде.
Бірыңғай мектеп формасының үлгісі енгізілгеннен кейін, фабриканың жұмысы бұдан қыза түспек.
Сонымен қатар шаһарымызда орналасқан осынау аты аңызға айналған тігін орны мемлекеттік тапсырыс орындауда облысымызбен шектеліп қалмай, республикалық деңгейде жұмыс істеуді көздеп отыр. Бүгінде тендр арқылы жұмыс істейтін фабрика келешекте кең көлемді мемлекеттік тапсырыстарды қолдарына алмақ.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77