Социум

«Сөйле Time» клубының жұмысы мемлекеттік рәміздер күніне орай «Рәміздерім айбыным» тақырыбында өтті

Ақпараттық-танымдық сайыс форматындағы сабақ қалалық А.Пушкин атындағы балалар кітапханасында ұйымдастырылды

Қазақ тілін үйрететін «Сөйле Time» клубының кезекті отырысы ҚР мемлекеттік рәміздері күніне орай, «Рәміздерім айбыным» тақырыбында ақпараттық-танымдық сайыс сабақ форматында қалалық А.Пушкин атындағы балалар кітапханасында өткізілді.

Сабақ барысында, қатысушылар әртүрлі тапсырмаларды орындап жарысты. Осылайша олар қазақ тілінде рәміздеріміз жайлы сұрақтарға жауап беріп, ойларын ортаға салды. Араларында «Сөйле Time» клубына жаңадан келген қатысушылар да болды. Олар мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығының арқасында бірінші күннен-ақ белсенділік танытып отырды.

Сондай-ақ кітапхана қызметкері Рагүл Әмірханова клуб қатысушыларына рәміздер туралы ақпарат берді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының рәміздеріне жеке-жеке тоқталып, тудың, елтаңбаның, әнұранның авторларымен таныстырды. Рәміздерде берілген бейнелерді клуб қатысушыларымен бірге талқылады.

Кездесуді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Сүндетбаева топқа бөлу арқылы бастады. Клуб қатысушылары күн және жұлдыз фигураларын таңдап алу арқылы екі топқа бөлініп, әр түрлі кезеңдер бойынша сайысқа түсті. Сабақта көрнекі құрал ретінде теледидар, флешкарталар, газет-журналдар қолданылды.

«Ән көңілдің ажары» деп аталған кезеңде қатысушыларға «Көк тудың желбірегені» патриоттық әнінің сөзі жазылған парақтар үлестірілді. Қатысушылардың мақсаты әнді тыңдай отырып, бос орындарға әннің тиісті сөздерін жазу болды. Сонымен бірге клуб қатысушыларымен бірге әннің сөздері мен мағынасын талқылады.

Клуб қатысушылары өздерінің ойлары мен пікірлерін ортаға салып, үлестірілген күн сәулелеріне «Күн сәулесі» әдісі арқылы кездесу туралы ойларын жазды.

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушылары А.Сүндетбаева мен Ж. Жұмабаевалар қатысушылармен толыққанды жұмыс жасады.

Ақпараттық-танымдық сабақ соңында қатысушылар «Көк тудың желбірегені» деп аталатын патриоттық әнді хормен орындап, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін білдірді.

– «Сөйле Time» қазақ тілін үйрететін клубтың жұмысы күннен күнге жанданып келеді деп айтуға болады. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді меңгерсем деген жандардың саны артып келе жатқаны қуантады. Біздің білікті мамандар үйренсем, білсем деген жанға тіл үйретуге әрдайым дайын. Олар әр сабаққа тыңғылықты дайындалып, тіл үйренемдеушілерге сабақ толық түсінікті болу үшін арнайы көрнекі құралдарын жасайды. Сондықтан болар, қатысушылар қазақ тілінде ойларын білдіріп, сұрақтарға еркін жауап береді, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.

Қазақ тілін үйрететін клубтың ашылғаны көңіл қуантады. Біз де өз тарапымыздан осы бастаманың жұмысы тоқтамай, кеңінен қанат жая берсе дейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77