Қазақ драма театрында А.Шаяхметтің 70 жас мерейтойына орай спектакль қойылды
І.Омаров атындағы қазақ драма театрында ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметтің 70 жас мерейтойына орай, «Өкініш» атты пьесасы сахналанды.
Бұл шығарма жалғыз ұлды кішкентайынан еркелетіп, қалағанын алып беріп, өбектеп өсіріп, оның тәрбиесіне дер кезінде мән бермеген бір отбасының оқиғасы арқау болған. Ұл жетесіз болып ержетіп, қалап алған жары да өнегесіз, көргенсіз болып жолығады. Ең соңында ұлды 9 ай құрсағында көтерген ақ жаулықты ана шарасыздықтан қарттар үйін мекендейді.
Оның аты суық мекенді паналауына ар-ұяттан жұрдай келінімен келіспеуі себеп болады. Ата-ананың қадірін түсінбеген есерсоқ ұлы әйелінің айтқанынан шыға алмай анасын қарттар үйіне тапсырады. Осылайша оқиға қарт ананың қарттар үйіндегі өмірімен жалғасады.
Баладан қызық көрмей қарттар үйіне баратынын білгенде қарт ана баласы мен келінінен бір уақыт немересін иіскетуге әкелулерін өтінеді. Оған жетесіз де қайырымсыз келіні қолымыз босаса ғана апарамыз деп дөрекі жауап қайтарады.
«Қарттар үйін» паналаған қария ұрпағының қызығын көрмей темір торда отырғандай күй кешіп, құса болып, күн сайын ішкі жан жарасы ұлғая түседі.
«Өкініш» пьесасын қоюшы режисер Ержан Қауланов. Пьессада «Қарттар үйінде» әр күнін азаппен өткізген ананың рөлін сахна тарланы Зәмзәгүл Бегайдарова көрермендердің жүректеріне жеткізе сомдады. Сондай-ақ қойылымда келіннің рөлін Айым Бірмағамбетова, ұлдың рөлін Төленді Ауғожин әсерлі ойнап шықты.
«Қарттар үйінде» орын алған бұл оқиға көрермендерді бей-жай қалдырмады. Ерекше ой салды. Әсіресе, еркелетіп ұл өсіріп отырған аналар, баланы еркелетіп ғана қоймай, дер кезінде тәлімді тәрбие берудің қаншалықты маңызды екенін түсінгендей. Еркеліктің де реті болады. Осы шығарма арқылы санасыз ұрпақтың ата-ананың өмір бойғы қасіретіне айналатынына көпшіліктің көзі жеткендей.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77