Культура

Сарғайған қойын дәптердің мұңды сыры ешкімді бей-жай қалдырмайды

Соғыс жылдарындағы сағыныш жыр жолдары терең ойға батырады

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Алтынсарин ауданының (бұрынғы Обаған ауданы) Қайыңсай ауылының тұрғыны Абаев Райкен Бекмағамбетұлының 1946-1947 жылдардағы қойын дәптері (блокнот) сақталған. Оны 2020 жылы Қостанай қаласының тұрғыны, қызы Мәнсия Тыштықпаева (Абаева) музей қорына тапсырды. Халық әндері, мысалдар, поэмалар, өлеңдер, соғыс ардагері Жұмабаев Көбетай Ерғазыұлының соғыс жылдарындағы өлеңмен жазған хаттары берілген. Барлығы латын қаріптерімен жазылған.

Жұмабаев Көбетай 1926 жылы 1 наурызда Новоалексеевка ауылы Алтынсарин ауданында туған. 7 сыныпты бітірген. Ауылда механизатордың көмекшісі болып жұмыс істеген. 1944 жылы әскер қатарына алынып, 2-Белорусс майданында 74-гвардиялық запастағы полкте мерген болды. Соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1948 жылы әскер қатарынан елге оралады. «1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Елге оралған соң шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейді. 1954 жылы тың көтеруге ат салысып, трактор жүргізушісі болған. Жұмабаев Көбетай «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған.

1957 жылы «Новоалексеевский» кеңшарында бухгалтер, кейіннен экономист болып жұмыс істеді.

Соғыс жылдарында өзінің елге, туған-туысқа, замандастарына деген сағынышын өлеңмен жолдаған екен.К.Жұмабаевтың 4 өлеңі ұсынылып отыр.

Шығарма өлең

Қағаз бен қарындашты алдым қолға,
Сөз жаздым елде қалған бауырларға.
Оныншы декабрьде үйден шығып,
Жөнелдік сапарланып алыс жолға.
Тапсырдым елде қалған семьяны,
Еске алып ертеңді кеш бір алланы.
Жаратқан жапар ие жәрдем берші,
Көретін күнім бар ма анамызды?

Сағынып артта қалған қарындасты,
Бірге ойнап, бірге жүрген замандасты.
Ойыма ел-жұртым түскен шақта,
Ағады екі көзден қанды жастар.

Жүрсің бе аман-есен, Бәтіш жаным,
Қорғансыз артта қалған сен бір жаным.
Шешеңнен жастайыңңан қалған едің,
Әлпештеп өсірейін деген едім.

Ал ана тапсырамын Бәтіш жанды,
Еш уақыт ұрыспаңыз оған қатты.
Жетімнің көз жасы қабыл болып,
Барармыз аман-есен ел жұртыма.

Осымен тоқтайын сөздің артын,
Анама арнап жазған менің хатым.
Жүдеме мені ойлап әрқашанда,
Ойлаңыз қарияның алдын артын.

Шығарма өлең

Жазайын еске түскен сөздің басын,
Тыңдаңдар құрбы-құрдас, замандастар.
Іліктік қызыл еңбек жұмысына,
Толғанда 18-ге менің жасым.

Елім бар Ново-Алексей мекен еткен,
Бұл күнде мекеніне кімдер жеткен?
Опасыз пәни жалған өткен өмір,
Одағы қайырылмастай түйін еткен.

Тыңдасаң құлақ салып жамиғаттар,
Амандық білдіреді барған хаттар.
Сағынған туысқандық сәлемімді,
Бір тарақ ақ қағазым сіздерге ақтар.

Томайдың мекен еткен жері аман ба?
Туысқандар балаңызды көңілге алма.
Жастықта міндетелік тапсырманы,
Орындап үйге барар күнім бар ма?

Хат жазсам түрлі қиял шығады өлең,
Сұрасам жолдастармен көңіл бөлем.
Аз ғана өлең етіп жаза салдым,
Әшейін ескертуге деген болсын.

Ардақты әни менің сағымды алдың,
Көруге бауырларды құмар болдым.
Қарындас, іні, жеңгей еске түсіп,
Ақ қағаз, сия қалам қолға алдым.

Қымбатты сөз айтпаған жеңгейлерім,
Асыр сап ойнақтаған қайран елім.
Ол күндер бұл уақытта еске түсіп,
Сағынып қамыққаннан хат күтемін.

Ардақты құрбыларым Қожахмет,
Баттал дос Қабенменен Балтабай дос,
Інішек Ескен, Хамит, Еркебайлар,
Бәріңе сәлем жолдап хатқа салдым.

Ағайлар ініңізден сәлем алған,
Көңілден бес-алты ауыз өлең жазған.
Ақ қағаз, сия қалам арқасында,
Елімнің азаматын түгел жазған.

Ағайлар әніменен бірге қостым.
Жазуға аттарыңды әрең таптым.
Айеш пен Нүкең, Бәкпең, Бәкес тотан,
Бәріңе сәлем айтқан Көбен балаң.

Бауырым, туысқаным тәтекем-ай,
Амандық сәлеміңді мен алмадым.
Қайыра қайта-қайта хат жазсам да,
Білмеймін қалай хаттың тоқтағанын.

Сәлемді інішектер есіңе ұста,
Хатыңды жиі салған атыңызға.
Жазым бір алланың кемейімен,
Денсаулық арқасында жүрмін мұнда.

Хатыңды сіз салған алдым мұнда,
Жұмат-ау, жазған сөзді енді тыңда.
Мен үшін біздің үйге көмектесіп,
Отын, шөп біздің үйге әкеп таста.

Денсаулық арқасында күліп ойнап,
Жатырмыз Германия жерін жайлап.
Жолдасым қасымдағы 3-4 қазақ,
Міндетін Отанымның мойынға алмақ.
Әр түрлі азаматтың басын қосқан,
Қызыл ту желбіреген күн батыстан.
Советтің қайтпас қайсар ерлерімен,
Сыртынан көз алартып қалмас дұшпан.
Ұран сап бар әлемге атын жайған,
Қызыл ер ешуақытта қайтпас жаудан.
Катюша күшті құрал қаруымен,
Дұшпанның өз жеріне салып ойран.

Ажалы 9-да майдың болған.
Атақты бұл соғыстың атын жойған.
Кім көріп, кімдер білген мұндай қыран
Санасаң толығымен 4 жыл толған.

Аяғы осыменен болар тәмам,
Баттал дос бұл өлеңді жаздым саған.
Көріңіз құрбыңыздай замандастар
Жазушы Ерғазыұлы Көбетай болам.

1.12.1946 ж.

Шығарма өлең

Қуаныш саған арнап жаздым хатты
Көз жасым ойлағанда судай ақты.
Бірге ойнап, бірге тұрған жан жолдасым,
Кеткенде жанбасыма сондай батты.

Жар болсын қайда жүрсек бір алламыз,
Қайып ерен қырық шілтен жар бабамыз.
Әрқашан денімізге сабыр беріп,
Ел жұртқа аман-есен қосыламыз.

Жан жолдас есіме ойлап қамығамын.
Аллаға ертеңді кеш жалынамын.
Айырып екеумізді екі жаққа,
Ісіне құдіреттің не қылайын?

Екеуміз жолдас болып жүріп едік,
Күншілік басымыздан кешіп едік.
Ата-ана, ағайлардан айырылғанда,
Сүйеніп бір бірімізге сеніп едік.

Мен қалдым орыстардың арасында,
Қайып ерен қырық шілтен болсын пана.
Түскенде сен есіме жан жолдасым,
Қағаз бен қарындашты алдым қолға.

Қош боп тұр енді айналып көріскенше,
Ауырып бәлницада мен жатырмын.
Келмейді жас көңілім еш бір хатқа.

Көп сәлем ата жасты кемпір-шалға,
Жалғыздық жаман екен ауырғанда,
Еске алып туысқандарды сағынамын.
Қосылар күнім бар ма туысқанға?

Ассалаумағалейкум, ағаларым аман ба?
Отбасыңмен мал жандарың,
Колхоздың жұмысында еңбек істеп,
Өркендеп жатыр ма екен шаруаларың.

Көп сәлем жас өспелі інілерге,
Күн сайын алсын білім мектебінде.
Тебісіп тай құнандай жүргенімде,
Көп сәлем мені ойлаған жеңгейлерге.

Кигенім үстімдегі ақ халат,
Бөлінген әр ауруға бар палат.
Теңселіп олай-бұлай жүрген болам,
Болнестің жүз метрдей айналасы.
Жұмабаев К.

Шығарма өлең

Ақ қағазға жорғалашы қаламым,
Сәлемімді сізге арнап саламын.
Еске алып ұмытпасқа көргенше,
Қарындасым хат салар деп санадым.

Ел ішінде сау сәлемет жүрерсің,
Асыр салып құрбылармен күлерсің.
Алыстағы көңіліне алушы,
Ағатай деп сәлем жазған білерсің.

Айтпасам да ұмытпаған боларсың.
Өлеңімді өз көзімдей көрерсің.
Ойнап күлген күндерім-ай бұлдырап,
Хат арқылы амандасып тұрарсың.

Үй іштерің, әнилерім аман ба?
Көп-көп сәлем баласынан айтарсың.
Ағай, әни, жеңгей, іні-қарындас,
Сәлем жолдап хат алысып тұрарсың.

Мен кеткелі өзгерістер болды ма?
Салған хатым қолдарыңа барды ма?
Иә, болмаса пошталарда бөгет боп,
Жол үстінде саған бармай қалды ма?

Әскердегі ағайлардан хат бар ма?
Өзің теңді құрбылардан кем болма.
Айтқан сөзім, сізге айтқан ақылым
Мені бауырым ағатайым деп сана.

Өзіңізге жүрген жерім мәлім-ді
Өлең айтып көтерейін көңілді.
Тек тілегім денсаулықты алладан,
Бабаларым қолдай көр деп жөнімді.
Бұл күнде жәдігер музейдің халық шығармашылығының бір үлгісіне жатады.

Нәзима Оташева,
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77