Образование

Қаламызда мектеп алды алаңдары жұмыс істеп жатыр

Мұнда балалар уақыттарын тиімді де пайдалы өткізуде

Жаз басталды дегенше балалардың демалысы да қарқын алары анық. Мектеп оқушыларының бір қатары қала сыртындағы лагерлерге демалуға кетсе, қалғаны мектеп алды алаңдарында уақыттарын көңілді де пайдалы өткізеді.

Шаһарымыздың жазғы мектеп алды алаңдары маусымның 1-нен бастап онлайн форматта жұмысын бастаған болатын. Кейін уақыт өте өңіріміздегі карантиндік режимнің жұмсаруына байланысты 14-ші маусымнан бастап офлайн режимге көшті.

Қазір қаламыздың барлық білім ордаларында мектеп алды демалыс алаңы жұмыс істеп жатыр.

Қалалық білім бөлімінің тәрбие жұмыстар жөніндегі басшысы Марина Донскованың айтуына қарағанда, мектеп алды алаңдарында балалар таңертеңге 9:00-ден түскі 13:00-ге дейін педагог және психолог мамандардың қарамағында уақыттарын қызықты да пайдалы өткізеді. Педагогтар оларға танымдық жағы мол мәліметтер беріп, білімдерін кеңейтуге көмектеседі.

Балалардың жаз айларында бос уақыттарын ойынмен емес, осындай пайдалы ортада өткізгендерін ата-аналар да құп көреді. Сондықтан бүлдіршіндерін мектеп алды алаңына алдын ала жаздыруға тырысады.

Сондай-ақ бұл алаңдар тамыз айының 25-не дейін жұмыс істейді. Мұнда балалар күнделікті тамақтанады. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамбылған балаларға тамақ тегін беріледі. Ал басқалары мектептің асханасынан өздері қалағанын сатып алады.

Осындай демалыс алаңының жұмысы №24 мектеп-гимназияда қарқынды жүріп жатыр.

-Бізде маусым айының 1-нен бастап «Қуырмаш» жазғы профильдік алаңы жұмыс жасауда. Жазғы алаңның 1-ші маусымы қашықтықтан өткізілді. Онда 290 оқушы, 8 мұғалім жұмыс жасады.1-ші маусымда «Ал қызыл желкен» (орыс тілі), Happy English ( ағылшын тілі), «Ән мен әнші», «Қауіпсіздік әлемі», «Қолөнер шеберханасы», «Спорт әлемі», «Кітапқұмар мектеп» сынды профильдік алаң жұмыс жасады.Онда балалар қолөнер жасау, спорт пен шынығу және кітап оқу мен айналысты. Оқушылар жасаған жұмыстарын жетекшілеріне жіберіп, бір-бірімен бөлісіп отырды.

2-ші маусымда жазғы профильдік алаңы 14-30 маусым аралығында офлайн режимінде қатаң эпедимиологиялық жағдайда ұйымдастырылды. Қазір алаңда 100 бала 4 топқа бөлініп, 8 жетекші мұғалім жұмыс жасап жатыр. Алаңда ағылшын тілі, орыс тілі, спорт, қауіпсіздік әлемі, қолөнер шеберханасы, психологиялық қолдау алаңдары жұмыс істеуде. Асхана тамақтану барлығы ұйымдастырылды. Іс-шара жоспары құрылып, әр апта түрлі тақырыптарға арналып жатыр. Мысалы, осы апта отбасылық құндылықтарға байланысты болса, келесі апта экологияға, табиғатты аялауға арналады.

Балалар мектепке келгенде ең алдымен температуралары тексеріледі. Күн тәртібі бойынша таңғы жаттығу жасайды, қызықты профильді алаң сағаттары өткізіледі, тамақтану, тақырып бойынша іс-шараларына кірісіп, бір-бірімен әсерлерін бөлісіп, кері байланыс жасайды. Балалар жақында ғана І.Омаров атындағы қазақ драма театрына қонақ болып қайтты. «Маугли» спектакльін тамашалап,өз әсерлерімен бір-бірлерімен бөлісіп жатты. Кинотеатр, кітапхана, аквапарк демалыс орындарына, театрларға бару жоспарымызда бар. Себебі, жыл бойы оқушылар еліміздегі карантин режиміне байланысты сыртқа шыға алмады. Осылайша бір-бірімен тілдесіп, достасудың да реті болмады. Осы жағдайды ескере отырып, ата-аналарда балаларын жазғы алаңға қуана жіберіп жатыр, – дейді №24 мектеп-гимназиясының демалыс алаңына жауапты қызметкері Айым Бахытжан.

Балалардың жазғы демалысын жаңа достар тауып, білім көкжиектерін кеңейтіп, шаттықпен-қуанышпен өткізгені керемет емес пе.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77