Социум

Зейнеткер жандардың сенімді көмекшісіне айналған

Әлеуметтік қызметкер Халия Бекмағамбетова жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды

Бақытын қарапайым еңбектен тапқан менің бүгінгі кейіпкерім Халия Бекмағамбетова өте еңбекқор жан. Ол бүгінде қаламызда әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді.

Сарыкөл ауданына қарасты Тагиль Комсомолец ауылында 1965 жылы көп балалы отбасында дүниеге келген. Үйіндегі тоғыз баланың сегізіншісі. Әкесі Қали сатушы болған. Ал анасы Сания болса, үй шаруашылығында балаларының тәрбиесімен айналысқан.

Жанұядан тәлімді тәрбие алған балалар бүгінде Қостанай өңірінде ғұмыр кешіп жатыр. Тек Нұргелді есімді інісі ғана Алматы шаһарының тұрғыны. Бүгінде бауырларымен етене араласып, туыс-туғанның арасында абыройлы да сыйлы болып жүрген Халия Қалиқызы бақытты жан. Ұлы Мирас пен қызы Гүлдарайдың аяулы анасы. Өмір қосқан серігі Тұрғын зейнеткер.

Халия Қалиқызының мамандығы астық технологы. Бұл мамандықта 10 жыл қатарынан еңбек еткен. Кейін уақыт өте басқа жұмысқа ауысуды жөн көрген. Бір уақыттары Сарыкөл ауданында жұмыссыздар тізімінде тұрып, әлеуметтік қызметкерлерді дайындайтын 3 айлық курстан өтіп, жұмысқа орналасқан.

2014 жылы Сарыкөл ауданында әлеуметтік қызметкер болып жұмысын бастаған. Уақыт өте 2018 жылы Қостанай қаласына көшіп келіп, мұнда да әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп жатыр.

Бүгінде ол қарамағындағы 8 зейнеткермен жұмыс істейді. Оларды күнделікті суға шомылдырып, кірлерін жуып, үйлерін жинап, дәріханадан керекті дәрілерін сатып әкеліп көмегін көрсетеді.

-Әлеуметтік қызметкер бірінші кезекте психолог болуы керек. Үлкен кісілермен жұмыс істеу оңай емес. Зейнеткерлердің үйлеріне барғанда кейбіреулері ауырып, ашуланып отырады. Ондай кездері ақырын сөйлеп, олармен сөз таластырмай, көңіл-күйлерінің көтерілгенін күтемін. Ол кісілермен әрдайым тіл табысауға тырысамын.

Міне, бір-бірімізді түсініп, жұмыс істеп жүргенімен көптеген жылдардың жүзі болды. Жұмысыма адал жанмын. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Қашанда қарамағымдағы жалғыз басты зейнеткерлердің уақыттарын көңілді де тиімді өткізулеріне көмектесемін.

Оларға келгенде өңірімізде шығатын газет-журналдарды ала келемін. Ондағы соңғы жаңалықтарды оқып беремін. Әсіресе, әлемге жайылып, елімізге де келген жұқпалы дерт коронавирус жайында мәлімет беріп отырамын. Оған қарсы екпенің қаншалықты пайдалы екенін түсіндіремін. Әрдайым зейнеткерлердің көңілін табуға тырысамын, – дейді Халия Қалиқызы.

Әрине жұмыстың жеңелі жоқ. Бірақ әр жұмыстың өзінше жауапкершілігі бар. Менің кейіпкеріме артылған жүк ауыр. Бұл қызмет физикалық тұрғыда ғана емес, моральдық тұрғыда да ауыр. Балаларының қарауынсыз қалған жалғыз басты зейнеткерлердің көңілінен шығу, олармен тіл табысу темірдей төзімді талап етсе керек.

-Менің қарамағымдағы зейнеткерлердің барлығы да жақсы адамдар. Әрине әрқайсысына әртүрлі қарау керек. Олардың қалаған тақырыптарында әңгіме өрбітіп, ішкі шерлерін тарқатуға түрткі боласың. Өмірде көп көрген кісілер ғой. Айтар ойлары да жетерлік. Берер ақылдары да бар. Бір сөзбен айтқанда мен олармен жақын құрбыдай сырласамын, – дейді ол.

Кейіпкеріме күнделікті жұмысы ұнайды. Айлығына да көңілі толады. Ол ең бастысы көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, алғыс арқалап жүргеніне қуанышты.

-Адам қартайған кезде бала сияқты болады деген рас. Мен көмектесетін зейнеткерлердің көбісі бір ауыз сөзге ренжіп қалатын көңілшең жандар. Мен үйлеріне келген кезде алыс-жақын туыстарымен сөйлесіп, бір нәрсеге келіспей, ренжіп қалғандарын айтып жатады. Ондай кездері мен өз ойымды айтып, сол жағдайдың шешімін табуға тырысамын.

Қарамағымдағы 8 зейнеткердің де мінезін толық түсіндім. Қайсына қалай сөйлеу керек екенін білемін. Қалай тіл табысуға болатынын да меңгеріп алдым. Олар да мені тағатсыздана күтіп отырады. Жұмысым маған үнемі қуаныш сыйлайды, – дейді.

Жұмысты жақсы көріп істесең оның жеңіл екенін сезесің. Егер бүйірің тарпаса ол саған қиында бітпес іс болып көрінеді. Бәрі де адамның көңілінде жатыр. Жоғыры көңіл-күй мен қолға алынған еңбектің нәтижесі де қуанарлық болады.

Сондықтан жұмысын сүйетін жан ғана өмірдің шаттығын сезіне алса керек. Қарапайым болса да, еңбек етіп, бақытын тауып жүрген жандар қаншама.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77