Кітапханада «Жан қылы» деп аталған домбыра жасаудан шеберлік сыныбы ұйымдастырылды
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп құрмет тұтатын киелі ұлттық аспаптың кереметін тілмен айтып жеткізе алмаспыз. Қоңыр үні күмбірлеген домбыра ата-бабамыздың мұңын да, қуанышында жеткізе білген.
Қазақтың көне күйлерінің бірі «Ақсақ құланның» шығу тарихы қазақтың төл аспабы домбырамен байланысты. Осы күй жайында жазылып жүрген кейбір мәліметтерге сүйенсек, ертеде домбыра үш шекті және көмей тесігі болмаған деген дерек бар. Күйші Жошы ханның баласының өлгенін күңіренген қоңыр үнді домбырамен жеткізген сәтте, домбыраға қорғасын құйылып, ортасында тесік пайда болады. Содан бері домбыраның көмейі тесік болып жасала бастаған-мыс.
«Қыз Жібек» фильмде Шеге қос шекті домбырада шебер ойнап, «Төлеген сенде арман жоқ» деп ән шырқап, Қыз жібектің Төлегеннің жебесін таңдағанын, сол кездегі қуанышын жеткізгендегі домбыраның үнін айтсаңызшы. Сол кездегі сыңғырлаған домбыра үні барша қазақтың жадында жаңғырып тұрса керек.
Қазір домбыраның түрі де көп, оны жасайтын шебер де көп. Бірақ солар қаншалықты сапалы домбыра жасап жатыр ол жағы белгісіз. Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі «Домбыра күні» болып аталып келеді. Осы атаулы датаға орай, Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жан қылы» деп аталатын домбыра жасаудан шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Бұл шеберлік сыныбына ақындығы бір төбе, шеберлігі бір төбе 40 жылдан астам уақыт домбыра жасаумен айналысып келе жатқан Серікбай Оспанов қонақ ретінде қатысып, жиналған қауымға домбыраның жасалу жолын түсіндірді.
-Мен домбыра жасауды бастаған кездері оны ойып жасайтын едім. Кейінгі уақыт домбыраны құрап жасау дәстүрге айналды. Домбыраның өз қалыбы болады. Сол қалыпқа салып отырып, керемет домбыралар жасалады. Көбіне қайын ағашы пайдаланылады. Оның жасалу жолдары да алуан түрлі. Сонымен қатар домбыраның шегіне ерекше назар аудару керек.Оған қой мен ешкінің шегі пайдаланылады. Домбыраның шегін жыл сайын ауыстырып отыру қажет. Егер шегі көп жылдар ауыстырылмаса, домбыра сөйлемей қояды, – дейді ол.
Сонымен қатар ақын шара барысында көпшілік алдында әнін де сөзінде өзі жазған «Домбыра» әнін орындады.
Домбыра қасиетті аспап. Қазақта «домбыра өледі» деген түсінік бар. Оның сырын көпшілік біле бермесе керек. Ертеде домбырашы өмірден өтсе, оның домбырасын төрге теріс қаратып ілетін болған. 40 күн өткеннен кейін ол домбыраны оң қаратып, оны шәкіртіне немесе домбыра шерте алатын балаларына, бауырларына сыйға тартқан көрінеді. Егер домбыра солай сыйға берілмей бір жерде ұмытылып тұрып қалса өледі екен. Міне, осы кезде оның үні де келіспей, сөйлемей қалатын көрінеді. Мұндай домбыраны кейін күйшілер қолға алған кезде «мына домбыра өлген домбыра екен ғой» деп жатады. Бұл оның киелі екенін көрсетсе керек.
Осынау домбыра жасаудан өткен шеберлік сыныбында Серікбай Оспанұлынан бұрынғы ойылып жасалатын домбыра мен қазіргі құрама домбыраның үндерінде айырмашылық бар шығар, – деп сұрағанымда:
-Әрине, ертедегі ойылып жасалған домбыралардың үні керемет, жүрек қылын шертетін, жандүниені елжірететін еді ғой. Қазіргі құрама домбыралар ол үндерді бере алмайды. Дауысы шіңкілдек болып келеді. Домбыраны жасағаннан кейін үнін келістіріп, сапалы жасау керек, – деді.
Сондай-ақ ұлттық аспап жасап оның қасиеттілігін ұрпаққа жан-жақты баяндап жүрген ақын соңғы кездері домбыраның сахнадан алыстап бара жатқанына қынжылатынын жеткізді. Өзі барған кейбір мерейтойларда сахнаға домбыраның шығарылмағанын есіне алды. Кейде мерекелік концерттердің домбырасыз өтетінін де тілге тиек етті.
Қазақтың қасиетті қара домбырасы қазақ өмірінде ерекше орын алады. Қоңыр үнді ағаш домбыра біздің мақтанышымыз, көңілімізге мұң түссе жұбанышымыз, көкейіміздегі қуанышымыздың жаршысы емес пе. Олай болса, киелі домбыра барша қазақтың төрінен табылсын.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77