дейді егемен елмен бірге өскен Анаргүл Даукенова
Ата-баба аңсаған Тәуелсіздік бізге білектің күші мен найзаның ұшымен келді емес. Дербес ел атану жолында еліміз небір қанды жылдардан өтті. Тоқырауға тайсалмай қасқая тұрған халық 1991 жылы Тәуелсіздік жырын жырлады.
Егемен ел болдық. Тәуелсіз елде тәуелсіз ұрпақ дүниеге келді. Міне, солардың да жасы 30-ға жетіп отыр. Тәуелсіз елмен бірге өскен жастардың талабы таудай, таңдауы жоғары.
Бүгін менің кейіпкерім Тәуелсіздік құрдасы қалалық №1 емханада хирург-эндоскопис дәрігер Анаргүл Даукенова.
Ол 1991 жылы 29 мамырда бұрынғы Урицкий қазіргі Сарыкөл ауданында дүниеге келген. Осында орта мектепті тәмамдап, Қарағанды медициналық университетіне мемлекеттік грант арқылы оқуға түседі.
Дәрігер болуды бала кезінен армандаған Анаргүл қарапайым отбасында тәрбиеленген. Әкесі Уәлихан көлік жүзгізушісі, ал анасы Айтбике сатушы.
-Кішкентай кезімнен ауырған адамды емдейтін дәрігер болғым келді. Бастауыш сыныпта «Мен кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жазғанда дәрігер боламын деп жазатынмын. Сондықтан мен үшін мамандық таңдау қиын болған жоқ. Бір жағынан биология, химия пәндерінен үнемі өте жақсы деген баға алатынмын. Сабақ үлгірімім жақсы болды. Ата-анам менің және артымдағы сіңілім мен інімнің сабағын қатты қадағалайтын. Оқудан бас алмайтынбыз.
Соның арқасында міне, дәрігер атанып отырмын. Ата-анама сол кездері берген тәрбиелері үшін алғысым шексіз, – дейді ол.
Анаргүлдің қабылдауына күніне 15-20 адам келеді. Ол күнделікті ауруы жанына батқан жандарға шағын ота жасау, жарақатын тану, жарақаттың іріңін тазарту, тамыр ауруларын емдеу сынды көмектер көрсетеді.
Сонымен қатар эндоскопис дәрігері ретінде адам асқазанын толық тексеруден өткізу мақсатында Эндоскоп жұтқызады. Осылайша асқазан ауруларын анықтайды.
Анаргүлдің жұмысы аса жауапты. Ауырып алдына келген жандардың тілін табады. Олармен әрдайым сыпайы сөйлесіп, шағымдарын тыңдайды.
-Дәрігер жаны қиналып келген жанды жақты түсінуі керек. Мен маған келген адамдардың орнына өзімді қойып келемін. Бірнеше күн ауруы жанына батып, жүйкесі сыр берген адамдар маған көп келеді. Оларды зейін қойып тыңдап, сырқатын тексеріп, тиісті дәрігерлерді жазып беремін. Кейін қабылдауыма қайта жазылып, өздерінің мен жазып берген дәріден сауығып кеткендерін айтып, алғыстарын жеткізіп жатады.
Көбіне зейнеткерлермен сыпайы бір қалыпты сөйлессем, олардың бір жеңілдеп қалғанын байқаймын. Қазір мен адамның психологиясын жақсы түсінемін. Ауырған жанға түсіністікпен қараған абзал, – дейді ол.
Бүгінде адам жанының арашасы болып жүрген Анаргүл Али есімді ұлына тәлім-тәрбие беріп отыр. Жұмыс аяқталған бетте ұлын бала бақшадан алып кетуге асығады.
Тәуелсіз елдің құрдасы Анаргүлдің алдына қойған арманы асқақ. Талабы таудай.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77