Алдына қойған мақсаты айқын, талапты жас Айтжан Италмасов жайында
Тәуелсіз елде туып өскен ұрпақтың дүниетанымы өзгеше. Олардың жаны еркіндікті қалап, өздеріне таудай талап қоятындай. Бұл сөзімізге егемен елде дүниеге келген тәуелсіздіктің құрдасы Айтжан Италмасовтың болмысы дәлел болса керек.
Ол Тәуелсіз елде дүниеге келгеніне мақтанады. Мемлекетіміздің әр жетістігінің куәгері болып, қарыштап дамып келе жатқан елмен өзінің де білімге, асқақ армандарға ұмтылатынын айтады.
Айтжан Құрымғалиұлы Амангелді ауданында дүниеге келген. Бала кезден зерек, мектепішілік шараларда белсенді болған. Сондағы Ә.Боранбаев атындағы №4 орта мектептің түлегі. Білім ордасын тәмамдағаннан соң Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінде мемлекеттік грант бойынша білім алады. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде де қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып, көптеген әдеби байқауларға қатысып, бернеше мәрте жеңімпаз болған.
Аталмыш институттың М.Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестігінің мүшесі. Осы бірлестіктің ұйымдастырған додаларының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.
Бүгінде ол Қостанай қаласындағы Л.Толстой атындағы облыстық әмбебеп-ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттер бөлімінде кітапханашы. Мұнда ол кітапханашылық қызметімен қоса қоғамдық мәдени шаралар ұйымдастырумен айналысады. Сондай-ақ ол С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірігіп қолға алған «Ертіс пен Тобыл» арасы әдеби жобасының авторы және ұйымдастырушысы. Мұндағы мақсаты екі өңірдің өнерлі жастарының шағармашылығын насихаттау.
Өз жұмысына тиянақты қарайтын жалынды жастың көтерілген биіктері аз емес. Солардың бірі «Рухани қазына – 2021» облыстық кезеңдегі «Кітапхана ісі саласындағы «Мәдениет жанашыры» номинациясының жеңімпазы.
– Мен кішкентайымнан көп білуге талпындым. Мектепте де, жоғары оқу орнында да әрдайым қатарымның алды болсам деп ұмтылатынмын. Тәуелсіз елдің құрдасы бола тұра асқақ арманға қол созбау мүмкін емес. Туғаннан егемендіктің лебін сезгендіктен әрдайым өзімді еркін ұстаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Мақсатым айқын, арманым биік. Дербес елде туғаныма мақтанамын. Өзім сияқты білімді де талапты жастардың көмегімен еліміз әлде де қарыштап дами түсетініне сенімдімін, – дейді ол.
Туған елдің болашағы жарқын болуы бүгінгі жалынды жастардың қолында болса керек. Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым жастарды қолдап келеді. Олардың болашағына үлкен үміт артып, жоғары білім алып, еліміздің игілігіне қызмет етулерін басты назарда ұстауы оның саясатының аса көрегенділігін көрсетсе керек.
Бүгінгі жас ертеңгі ел тізгенін ұстар білікті маман. Сондықтан білімге құлаш ұрған, тәуелсіздікті жаны сүйетін ізденістен бір тынбайтын, білікті де білімді жастары көбейе берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77