Социум

«Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының жұмысы қарқынды жүріп жатыр

Бүгінде өңіріміздегі бірқатар мекемелерінің қызметкерлері арнайы сертификаттарға ие болған

Бүгінде «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында жалпы 1000 –нан аса тыңдаушылар курсқа қатысып, тілді меңгеруде. Оның ішінде 700 адам қазақ тілін, ал 300 адам ағылшын тілін үйреніп жатыр. Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілер мен қазақ тілін еркін меңгерсем деген ересек қала тұрғындары үйренуде.

«Тілдарын» оқыту орталығының әдіскері Айнұр Нұрбекованың айтуына қарағанда, бірқатар мекемелерде қазақ тілін үйрететін қысқа мерзімді курстар да ұйымдастырылған. Атап айтатын болсақ, «СарыарқаАвтоПром», «Ұлттық жол активтерінің сапасы», «Халыққа қызмет көрсету орталығы» қызметкерлері жетісіне екі рет қазақ тілін үйрететін курста оқып, сертификаттарға ие болған. Тілдерді оқыту курстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында жалғасады.

Сонымен қатар қаламыздағы «Тарлан» және «Любимое» таксиінің диспетчерлері де мемлекеттік тілді үйрену мақсатында қысқа мерзімді курсқа қатысып, 10 адам сертификатқа ие болған. Олардың ішінде Дарья Мухортова есімді тыңдаушы қазақ тілін үйренуді жалғастырып жүр. Оның мақсаты мемлекеттік тілді еркін меңгеру.

Орталық тіл үйрету барысында «Қазақ тілін оқытуға арналған типтік оқу-әдістемелік кешенін» пайдаланады. Оқулықтың ішінде тіл үйренемдеушілерге ыңғайлы аудиодискте сабақтың тыңдалымы бар.

Оқыту процесі 2020 жылдың сәуір айынан бері қашықтан ұйымдастырылуда. Яғни, Zoom платформасы арқылы өтеді. Өткізілген сабақтардың презентациялары мен бейнесабақтары орталықтың әлеуметтік желідегі tildaryn_ortalyq Instagram, «Тілдарын Қостанай» facebook парақшаларында, YouTube каналында жарияланып отырады. Бұл тыңдаушылардың өткен сабақтарды қайталап тыңдап, көруіне өте ыңғайлы.

Биылғы жылы қазақ тілін еркін форматта үйрететін ерекше жоба «СөйлеTime» клубы құрылды. «СөйлеТіме» клубының қатысушылары аптасына 1 рет әртүрлі мәдени-әлеуметтік орындарда қазақ тілінде кездесуге қатысып, еркін форматта өзара тілдесу арқылы грамматикасыз тілді меңгерді. Әсіресе, қазақ драма театрында, облыстық қуыршақ театрында өткен шағын қойылымдар барысында клуб мүшелері өздерінің актерлік шеберліктерін байқап, рөлдік ойындар арқылы тіл үйренуден керемет әсер алды. Кітапхана, мұражайда өткен кездесулерде қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлері мен мақал-мәтелдерін жатқа айтып, сөздік қорларын байытты. Орталық базасында өткен интерактивті-танымдық сабақтарда тыңдаушылар өзара сұхбат құрып, еркін сөйлеуге машықтанды. Жалпы жобаға әлеуметтік желі арқылы 18 жастан зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар тіркеліп, өздерінің тілдік құзыреттілігін дамытуда. Тіл саясаты комитетінің тарапынан «СөйлеТіме» клубының жұмысына оң баға беріліп, алдағы уақытта тіл үйретудегі тәжірибе ретінде республиканың басқа да өңірлеріне ұсынылды.

Өңірімізде тіл үйренем деген жанға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы білсем, үйренсем деген дұрыс ниет болса болғаны.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77