Бұл сайысқа командалар үлкен дайындықпен келгендерін танытты
Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Денсаулық, денешынықтыру, салауатты өмір салты» сияқты тақырыптар төңірегінде нақты тапсырмалар беріп, салмақты ой қозғағаны бәрімізге аян.
Ұлт салауаттылығы – бұл қоғамдық құндылық. Салауатты өмір салты – жалпы ұлт денсаулығының негізі. Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты, сондықтан салауатты өмір салтының халық арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Әр тұлғаның өзін жетілдіру үшін қажетті аса маңызды қасиет – ол салауаттылық.
Қостанайлық шекарашылардың бастауымен қаланың жаңадан соғылған спорт сарайларының бірінде волейболдан жарыс ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға «Жастар», «Қызбел», «Факел», «Қостанай», «Халық банкі», «Шекара қызметінің департаменті» волейбол командалары қатысты.
Волейбол сайысына жоғарыда аталған команда мүшелерінің үлкен дайындықпен келгендіктері байқалып тұрды. Алғашқы сөз Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы полковник Арман Жұмахметовке берілді. Ол өз сөзінде Қостанай облысы бойынша департаментінің Кубогына арналған волейбол жарысына қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар бүгінгі спорттық ойынның мақсаты – ел ішінде спорттық дайындықты насихаттау екендігін түсіндірді. Әр қазақстандық жанына қандай да болмасын спорттың бір түрін серік ететін болса, ұлтымыздың темірдей денсаулығының кепілі екенін атап өтті.
Содан кейін, «ұрыста тұрыс жоқ» демекші, командалар арасында белгіленген ойын реті бойынша қарымта басталып кетті.
Волейбол ойыны барасында жарыстың негізгі мақсаты – әр тұлғаның физикалық дамуы, командада әрекет етуі, шеберлік деңгейін көтеруі, демалысты ұйымдастыруы және тәжірибе алмасуы екендігі көрініп тұрды. Спорттық шараға қатысушы барлық ойыншы командамен ойнаудағы тәжірибелерінің молдығын байқатып, сайыс барысында шеберліктерін биік деңгейде екендігін көрсетті. «Шынықсаң шымыр боларсың!» – демекші, командалардың өзара аптасына бірнеше мәрте ұйымдастырылатын спорттық-бұқаралық шараларға бейжай қарамай уақыттарын дене шынықтыруға ұтымды пайдаланатындығы сезілді. Өйткені, дәлдеп соққан доптары нысанаға дөп тиіп жатты. Командалар өздерінің шеберліктерін, табандылықтарын, жылдамдықтары мен ептіліктерін көрсетті.
Осылайша, шекарашылардың бастауымен ұйымдастырылған қызу тартысқа толы волейбол сайысы өз мәресіне де жетті. Шешуші ойында командалар орандарды өзара келесідей бөлісті: І орынды – «Халық банкі» құрама командасы қанжығасына байласа, ІІ орынға – «Қызбел» құрама командасы табан тіреді, ІІІ орынды Шекара қызметінің департаменті құрама командасы місе тұтты. Жеңімпаз командаларға кубоктар, мақтау қағаздары табыс етілді.
Сонымен қатар ойын кезінде шебер ойындарымен көзге түскен жекелеген ойыншыларға да арнайы дипломдар табысталды. Олар: «Үздік шабуылшы» дипломымен Константин Венедиктов марапатталса, «Үздік байланыстырушы» Темірлан Назаров, «Үздік либеро» Азамат Көшербай, «Үздік беруші» Сергей Сокуринский, «Үздік блок қоюшы» Темірлан Ауғанбаев, «Үздік ойыншы» Асхат Елесузовтар танылды.
Жарыс барысында әділ төрелік танытқан бірінші дәрежелі төреші Рафаиль Каюмов пен бірінші дәрежелі төреші Александар Кирьянов, Нелли Кимдерге де дипломдар берілді.
Ойын соңында сөз алған қатысушы командалар жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, «осындай спортқа арналған көлемді шаралар жалғасын таба берсін!» – деген ақ тілектерін жеткізді.
Манарбек Қарекенов,
ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша Департаменті, майор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77