Социум

Музейде «Біз бейбітшіліктің суретін саламыз» атты шеберлік сабағы өтті

Онда балалар өздерінің ой-қиялдарына ерік беріп, әсем суреттерін көпшілік назарына ұсынды

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біз бейбітшіліктің суретін саламыз» атты түрлі техникада сурет салу бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы өткен бұл шеберлік сабағы музейдің кішкентай келушілеріне арналды. Бұл шеберлік сабағында балалар уақыттарын көңілді өткізді. Олар өздер қалаған материал түрінен қарапайым сурет салды. Шара барысында оларға күрделі элементтерді сызудың және қылқаламды шебер меңгерудің қажеті болмады. Балалар күнді, үйлерді, табиғатты қарапайым әдістермен әр түрлі материалдарды – губка, тұз, гуашь, акварель және басқа заттарды қолдану арқылы бояды.

Дәстүрлі емес әдістермен сурет салу балалардың танымдық белсенділігін және шығармашылыққа құштарлығын арттырып, өзінің қиялдау әрекеттерін, ықыласын, ойын толық білдіруге үлкен мүмкіндіктер береді.

-Мұндай шеберлік сағаттары балалар үшін өте пайдалы. Мысалы, олар үйлерінде күнделікті сурет салған кезде арнайы қылқаламды пайдалануды әдетке айналдырған. Бұл жолы бәрі керісінше болды. Олар губканың көмегімен өздерінің салған суреттерін бояп, мәз-мейрам болды.

Егер қолыңда қылқалам жоқ болса да, суретті қажетті бояу түрімен бояуға болатынын білді. Сондай-ақ өздерінің салған әдемі суреттерін бір-біріне көрсетіп, өздерінше бағалады. Бұл шеберлік сағаты балаларға ерекше әсер қалдырды. Осындай мағынасы мол шараларды алдағы уақытта да ұйымдастырып тұратын боламыз,-дейді аталмыш музейдің экзпозициалық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Беисова.

Бала көңілі қағаздың ақ парағындай таза. Қиялы ұшаң. Олардың ойы да, көңілі де кең. Осындай бүлдіршіндердің білім көкжиегін кеңейтіп, бойларына өздеріне деген сенімділік орната білсек нұр үстіне нұр әрине.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77