Бүгінде жеке кәсібін шыр айналдырып отырған Бақытгүл Есенбаева жайында
Жеке кәсібін ашып, өзінің сүйікті ісімен айналысу адам баласына үлкен бақыт сыйлайтын сияқты. Өйткені, ол күнделікті жұмысына үлкен құлшыныспен келіп, биік белестерді бағындыра алады. Менің бүгінгі кейіпкерім Бақытгүл Есенбаева «Diamond beauty centre» деп аталатын сұлулық студиясын ашып, қыз-келіншектерге әсемдік сыйлап жүр.
Петропавл қаласында дүниеге келген Бақытгүл Ермағамбетқызының бала кезден сурет салуға деген қызығушылығы оянады. Ол кішкентайынан әдемі сурет салумен айналысып, мектеп бітіргеннен кейін сыртқы жарнаманың дизайнер-интерері мамандығын меңгереді.
Қолынан шыққан дүниенің барлығы әсемдігімен, көркемдігімен ерекшеленетін ару еліміздің үлкен мегаполистерінде көптеген жылдар қатарында қызмет етеді. Атап айтатын болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында 5 жыл қатарынан дизайнер болып жұмыс істейді. Сонымен қатар Арман қала Алматыда да бірнеше жылдай еңбек етіп, 2015 жылы Қостанай шаһарына қоныс аударады.
Мұнда келген жылдары «Март», «Котон» сынды сән салтанаты жарасқан сауда орындарында директорлық қызметін атқарады. Бірақ, уақыт өте оның бойындағы суретшілік қасиеті жеке шығармашылықпен айналысуға жетелейді. Ол шығармашылық адамы болғандықтан бір жерде тұрып қалуды қаламай өз бетіне жеке кәсіп ашып, бойындағы суретшілік талантын аша түсуге бел буады.
Осы мақсатта қыз-келіншектерге әдемі, жарасымды макияж жасауды қолға алады. Жеке кәсібін үйінде, «инстаграм» парақшасына бет әрлеушінің қызметін ұсынып, өзіне хабарласқан жандардың бетін әрлеп, сәнді макияж жасаудан бастайды. Уақыт өте халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында сұлулық салонын ашады.
Ол жеке кәсібін дамыту барысында үстіміздегі жылдың маусым айында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін несиеге ие болған. Көлемі 5 млн болатын несие алып, сұлулық салоны орналасқан ғимаратты сатып алып, жаңа жұмыс орнын ашып отыр. Оның қарамағында 3 медициналық білімі бар маман жұмыс істейді. Олар қыз-келіншектерге бет-әлпетті бояу, маникюр, фигураны қалпына келтіру, шугаринг сынды қызметтерді жасайды.
Бақытгүл Ермағамбетқызы бүгінде өзінің жеке кәсібіне қажетті медицина мамандығын игеру мақсатында қаламыздағы медициналық колледжінің екіншінде білім алуда. Екінші курс студенті. Ол әрдайым келушілерге сапалы қызмет ету керек деп санайды.
Өзі бетке макияж жасаумен айналысады. Сұлулық салонына қажетті бояу, бетке жағатын майларды, басқа да қажетті заттарды Еуропа елдерінен арнайы тапсырыс беріп алдырады.
-Бүгінде мен тек Қостанай қаласында ғана емес, Нұр-Сұлтан, Рудный қалаларында жұмыс істеп жүрмін. Менің жасайтын макияжыма сұраныс өте жоғары. Өзім көп жылдай Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істегендіктен онда да мені танитын, менің макияж жасағанымды ұнататын жандар көп. Маған осындай кісілерден тапсырыс көп түсіп тұрады. Сондықтан астанаға 3-4 күнге барып тұрамын. Сондай-ақ біздің салон Рудный қаласына да белгілі. Бұл шаһардың тұрғындарының арасында біздің қызметімізге тапсырыс беріп жататындары да баршылық. Сондықтан жұмысыма сәйкес көп жол жүремін. Жолда шығармашылығыммен айналысамын. Жаңа макияж түрлерін саламын. Кейін өзіме келген қыз-келіншектерге өзімнің ой-қиялымнан шыққан макияж түрлерін ұсынғанда, бірден ұнатып жатады, – дейді жеке кәсіпкер.
Бақытгүл Ермағамбетқызы жүрегі нәзік, ой-қиялы ұшқыр шығармашылық адамы. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Қыз-келіншектердің бет-әлпетін әрлеу оңай шаруа емес екенін айтады.
-Қазіргі қыздардың талғамы жоғары. Олар бір мерекелік кешке баратын болса, өздерінің бет-әлпетіне ерекше мән береді. Жасаған макияжының бағасы да олар үшін маңызды. Сондықтан макияж жасайтын бояулар сапалы да қымбат болуы қажет. Арзан бояулармен қазір аруларымыз тіпті боянбайды десем артық болмас. Сонымен қатар олардың бетінде бояу аз, бірақ сәнді, жарасымды болуын талап етіп жатады. Маған бойымдағы суретшілік қасиетім ерекше көмектеседі. Осы уақытқа дейін 7 мыңдай адамның бет-әлпетін әрлеген екенмін. Мақтанғаным емес, осы кісілердің бәрі де маған дән риза болып, алғысын білдірді.
Бет-әлпетті әрлеп, макияж жасау оның қыр-сырын білмейтін адамға оңай көрінетін шығар. Бірақ бұл айтарлықтай оңай емес. Үлкен жауапкершілікті, білімділікті, тәжірибені қажет етеді. Кәсіби қызмет көрсетудің өзі үлкен міндет жүктейді. Өзім ашқан сұлулық салоны келушілерге әрдайым қандай қызметті болмасын сапалы да кәсіби түрде жасайды, – дейді Бақытгүл Ермағамбетқызы.
Әрине, кәсібилік – бүгінде жеке кәсіп иелерінен бірінші кезекте талап етіледі. Жеке кәсіпкерлерге төленетін ақша үшін олардың өз ісінің білгірі яғни кәсіби шебер болуы міндетті. Сапалы жұмыс ғана үлкен абырой әкелетінін жақсы түсінетін кәсіпкер Бақытгүл Есенбаева әрдайым жұмысын бірінші орынға қойып келеді.
Күнделікті жұмыстан шыршап, үйіне қайтқанда қызы Сафия алыданан жүгіріп шыққанда, бар шаршағанын ұмытып, сұп-сұлу қызын құшақтап демалады. Қазіргі таңда өзіне үлкен талап қоятын кәсіпкердің сүйікті ісі мен жанынан артық көретін тәп-тәтті қызы өмірінің мәніне айналған.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77